Білім

NIS оқушылары ауадан  ауызсу алуға болатын құрылғы ойлап тапты

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үш оқушысы Арман Жалғасбаев, Төлеген Айтени және Ернұр Жанғалиев су тапшылығы мәселесін зерттеп, оның шешімін тапты. Олар ойлап тапқан «AquaPAC» құрылғысы арқылы ауадан ауызсу алуға болады.

Ғаламдық мәселелерді шешуге бағытталған жоба авторлық құқыққа да ие.

Әлем бойынша жылына 2 миллионнан астам адам сапасыз су салдарынан көз жұмады. Ауызсудың жетіспеушілігінен адамдар тұзды немесе ластанған су ішуге мәжбүр. Зерттеу барысында анықталған бұл деректер жобаның өзекті екендігіне дәлел. Ал біз ойлап тапқан құрылғының көмегімен ауадан су алуға болады: алдымен конденсация әдісі арқылы бу сұйықтыққа айналады, сүзгіден өтеді және ультракүлгін сәулелер арқылы өңделеді, — дейді жоба авторының бірі Арман Жалғасбаев.

«AquaPAC» жобасының тағы бір ерекшелігі — салмағы жеңіл әрі көлемі ықшам. Су құрылғының ішінде орналасқан арнайы бөтелкенің ішіне жиналады. Оқушылардың жетекшісі Жәнібек Жанқұловтың айтуынша, бұл өнертабыс тұтынушыны 1 тәулікке жететін су қорымен қамтамасыз ете алады.

Оқушылар әлемдік деңгейдегі мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда. Бірнеше жыл бұрын туындаған идеяны іске асырып отырмыз. Жобаны қарапайым қолжетімді материалдардан жасадық. Бірнеше эксперименттен кейін құрылғының жарамды екендігіне көз жеткіздік, — дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Жәнібек Жанқұлов.

Айта кету керек, Ақтөбедегі NIS оқушылары жыл сайын 100-ге жуық инновациялық жоба жасап, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

 

Г.КЕТЕБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button