Жаңалықтар

Жастар қарттарға көмектесті

Ойылдық жастар тағы бір игілікті істі қолға алды.

Екі тәулік бойы борап жауған қар жол қатынасын қиындатып, ауланы ақ ұлпаға толтырып тастады. Кейін боран басылып, күн ашылғанда күртік қар көліктерді тоқтатса, жаяу адамдарды  омбылатты.

Жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен орталық көшелер арнайы техникалармен қардан тазарса да, селоның барлық көшелеріне үлгермесі анық. Тұрғындар өз аулаларындағы қарын күреп, жол ашып жатты. Мұндай жағдайда жалғызбасты қариялар не істемек? Міне, осы кезде аудандық Мәдениет үйі мен саз мектебінің  жастары көмекке келді. Олар Селбай Несіпбай ата мен Даржан әжейдің үйлеріне барып, аулаларын қардан тазартып берді.

Қалың түскен қарда қарғаадым жер жүре алмаған қариялар жастардың бұл қайырымды істеріне риза болып, алғысын айтты. Ойылдық жастар одан басқа да көмекке мұқтаж жандардың үйіне барып көмектесті.

Жастардың айтуынша, алдағы уақытта ауа райы күрт бұзылса, көмекке мұқтаж жандардың үйінен табылып, олардың жайы ұдайы назарда болмақ.

Самат ЕСЕНҚҰЛ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button