Жаңалықтар

Заң талаптары күшейтілді

Жемқорлыққа жол жоқ

Ақтөбе қалалық әкімдігінің ғимаратында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен қала әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселесі бойынша бірлескен кеңесі өтті.

Шараға  Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов қатысты.

Басқосу барысында сөз алған Ғалымбек Досанов жемқорлар үшін заңнама талабының күшейтілгенін айтып, өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға қатысты сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Оларға ерекше өкілеттіктер берілген және олардың қылмыс жасауы қоғамдық қауіптің артуымен сипатталады. Осыған байланысты олар қатаң жаза алуы тиіс. 

Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады.

Бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айырып, аталған әрекет ауырлығы орташа қылмыс санатына жатқызылған болатын. Баптың жаңа редакциясына сәйкес жазаның ең жоғарғы шегі 7 жыл мерзімге дейін ұзартылып, қылмыс түрі ауыр қылмыс санатына жатқызылды. Сондай-ақ  шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу құқығына тыйым салынды және жазаны бірден қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында өтеу мүмкіндігі жоқ.

Бас бостандығынан айыру мерзімдерін ұзартудан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін айыппұл мөлшері бірнеше есеге өсті, — деді Ғ.Досанов.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда (2019, 2020 жылдар) республика бойынша әкімдерге және олардың орынбасарларына қатысты 93 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс қозғалған.

Ал әкімдіктер мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметшілеріне қатысты сыбайлас жемқорлыққа байланысты 747 қылмыстық іс қозғалыпты.

Оның ішінде 45 әкім мен олардың орынбасарлары, әкімдіктер мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының 88 қызметшісі сотталды.

Ал Ақтөбе өңірін алатын болсақ, өткен жылы департамент 53 қылмысты тіркеді, оның 33-і ауыр қылмыстар санатына жатады, — деді Ғалымбек Досанов.

Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында да көптеген қылмыс тіркелген.

Былтыр республика бойынша қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін 6 саяси қызметші отставкаға жіберіліп, 9 саяси қызметкер, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымындағы 39 басшы және квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button