Ауыл

Бауырмал тұрғындардың бірлігі

Бүгінде Аманкөл ауылдық округінде 2 мыңнан астам адам тұрады. Былтыр аталған округте тұрғындар және кәсіпкерлердің демеушілігімен бірнеше мұқтаж, көпбалалы отбасы баспаналы болды.

Әрдайым ізгі істердің басында жүретін аманкөлдіктер бұл жолы да белсенділік танытып,

ауылда ескі үйде тұратын көпбалалы отбасыға жаңадан баспана сатып алып берді. Сондай-ақ Аманкөл ауылының перзенті, «Ansar Volunteer» волонтерлік тобының мүшесі Бекзат Аманғосқызының бастамасымен үй-жайы түгелдей өртеніп, баспанасыз қалған отбасыға көмектесу үшін халық 1 млн теңге қаржы жинап, өз қолдарымен мұқтаж отбасыға табыстаған.

— Округ тұрғындары әрқашан да қайырымды істерге белсене атсалысады. Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын ауылдағы кәсіпкер Зайда Орақова Құтикөл ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Айнаш Талмурзинаның отбасына жеке тұрғын үй сатып алып берген болатын. Былтыр, міне, екі отбасының баспаналы болуына қол ұшын бердік. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасатын болады, — дейді округ әкімі Азамат Махаев.

Оның айтуынша, өткен жылы округте ел игілігіне арналған бірқатар жобалар жүзеге асырылған. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Аманкөл ауылында орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, Құтикөл ауылындағы апатты жағдайдағы көпір қайтадан салынған. Сондай-ақ Жарма ауылына 5 шақырым қашықтықтан ұңғыма қазылып, тұрғындар ауызсумен қамтылған.

— Өткен жылы туған ауылының көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтардың демеушілігімен де бірталай жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Бартай» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамбек Нұрманов пен «Бекнияз» қожалығының төрағасы Ерлан Зиядин Аманкөл ауылында елді мекеннің атауы жазылған белгі орнатса, Құтикөл ауылында туып-өскен, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында тұратын жас кәсіпкер Дулат Пірман «Құтты мекен — Құтикөл» атауы жазылған композициялық монумент жасатып берді. Сондай-ақ Дулат пандемия кезінде округке қажетті дене қызуын өлшеуге арналған тепловизор құрылғысын алып беріп, Ырғыз аудандық мешітінің жөндеу жұмысына да атсалысып, қомақты қаражат аударды, — дейді округ әкімі.

Биыл жоспарға сәйкес Құтикөл, Жарма ауылдарына газ құбыры тартылып, Жарма ауылында жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Халық ауылдарға көгілдір отынның келетіндігіне ерекше қуанып жатыр.

Айта кету керек, өткен жылы округтегі тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлер бірлесіп, Аманкөл, Жарма ауылдарында ұялы байланысты жақсарту үшін өз күштерімен мұнара орнатқан болатын. Алдағы уақытта басқа да елді мекендерді интернет желісімен қамту жұмыстары қолға алынбақ.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button