Құқық

Колонияларда арыз-шағым терминал арқылы қабылданады

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты  КА-168/1 мекемесінде сотталғандардың шағымы мен өтініші қабылданатын терминал орнатылды. Шағымданушының арызы саусақ таңбасы арқылы жүзеге асады, яғни арыз терминал арқылы құзырлы органдарға жіберіледі. Олар шағымды үш күн ішінде қарап, жауап береді.

— Сотталғандардың шағымдары терминал арқылы автоматты түрде прокурорға және қылмыстық қудалау органдарына жолданады. Ал азаптау туралы шағымдар сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне, қызметін асыра пайдаланғандарға қатысты арыз полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшесіне жіберіледі.  

Шағым немесе өтініш түсірген сотталушының жеке басын анықтау ісі саусақ іздері арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар сотталушы шағымды қарау және шешім қабылдау процесін онлайн бақылай алады. 

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бұл жұмыс өз нәтижесін береді деп есептейміз, — дейді облыстық прокуратураның үкімдердің орындалуын қадағалау тобының жетекшісі, облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрдәулет Сұлтанов.

Мекемедегі сотталғандарға терминалды қалай қолдану керектігі  түсіндірілді. Қазіргі күні бұндай терминалдар облыстың түзеу мекемелерінің барлығында жұмыс жасап тұр.

КА-168/1 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, әділет майоры Сабыржан Нұртазиннің айтуынша, сотталған азаматтарға заң аясында әлеуметтік-құқықтық, медициналық және психологиялық тұрғыда көмек көрсетіледі. Олардың туыстарымен кездесуіне де мүмкіндік жасалған.  Мекемедегі  сенім телефоны арқылы сотталғандардың туыстары тәулік бойы өтініш бере алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button