Жаңалықтар

Парасаттылық парақорлықтан сақтандырады

Облыстың денсаулық сақтау саласында жүрген қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әдеп нормаларын сақтау жөнінде семинар-кеңес өтті.

Қалалық Мәдениет үйінің ғимаратында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың төрағалығымен өткен шараға ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков, департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, облыстық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Жеңіскүл Мұхамбетпайызова, облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі өкілі Ризагүл Омарова қатысты.

Айта кетейік, 2020 жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заңға қол қойды. Заңға енгізілген өзгерістердің негізі — квазимемлекеттік сектордың сыбайлас жемқорлық субъектілері болатын лауазымды тұлғалардың шеңбері кеңейтілген. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік мекемелердің тек бірінші басшыларына ғана қатысты еді. Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті мемлекеттік бюджеттен және ұлттық қордан қаржыландыралатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты дербес құрылымның бөлімше басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңда көзделген шектеулерді сақтауға тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар жасаған жағдайда неғұрлым ауыр жауапкершілікке тартылады.

Семинар барысында баяндама жасаған Ғалымбек Досанов Transparency International

сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаһандық ұйымының 2020 жылғы қорытындысына тоқталды. Ол биыл зерттеу барысында пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің сыбайлас жемқорлыққа бейімділігі мен мемлекеттерде демократиялық қағидаттардың бұзылуына ерекше назар аударылғанын айтты.

2020 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы 38 балл жинап, 94-орынға ие болған. Қазіргі уақытта біздің ел Бразилия, Эфиопия, Перу, Сербия, Шри-Ланка, Суринам және Танзания сынды мемлекеттермен бір қатарда тұр. 2019 жыл қорытындысы бойынша 34 балл жинап, 113-орында болған еді.

Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай мен демократиялық институттардың орнықтылығына төнген қатерге ерекше назар аударған Қазақстанның Transparency Kazakhstan рейтингіндегі позициясының өсуі — елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы үдемелі жұмысының дәлелі болып табылады.

Қазақстан Республикасындағы ахуал Шығыс Еуропа және Орталық Азия категориялары бойынша зерттелген.  Бұл категорияда көш бастап тұрған елдер: Грузия – 56 балл, Армения – 49 балл, Беларусь – 45 балл, Черногория – 47 балл, Түркия – 40 балл, Қазақстан мен Сербия – 38 балдан.

Ал Орталық Азияда көш бастап тұрған бірден-бір мемлекет – Қазақстан Республикасы. Көршілеріміз Қырғызстан – 124, Әзірбайжан мен Ресей – 129, Өзбекстан 146-орындарды иеленген.

Бір қызығы, зерттеу көрсеткендей, мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмен болуы денсаулық сақтау саласына инвестициялардың артуымен сипатталады, — дейді Ғалымбек Досанов.

Сондай-ақ ол жақында Transparency International ұйымының «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың мониторингі» атты зерттеу жұмысының қорытындысы жарияланғанын мәлімдеді.

Бұл әлеуметтік сауалнама біздің назарымыздан тыс, үкіметтік емес ұйымның өкілдерімен барлық өңірде жүзеге асырылды. Яғни бұл сауалнаманың өтіп жатқандығы туралы біз тіпті хабарсыз болғанбыз. Жалпылай айтсақ, Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлық өршіп тұрған қызыл аймақтар қатарынан табылмады, яғни сауалнамаға қатысқандардың 99%-ы қандай да бір шаруаны заңсыз, бейресми түрде шешумен байланысты жағдайларға тап болмаған. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 98,5%-ы дәл осындай пікірде, — деді департамент басшысының бірінші орынбасары.

Семинар барысында денсаулық сақтау саласының жұмысын ұйымдастыру және жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мәселелері кеңінен айтылды. Басқарма басшысы Рүстем Исаев биылғы жылға қойылған тапсырмалар мен міндетті айта келе, әріптестерін жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button