Әдебиет

Ақынның мұңды монологі

Оу,

Алатау, ғажабым, алып, нұрлы,

Білесің бе,

Мына жақ жауратты да жалықтырды,

Суырып алшы шағын төмпешіктен

Байқасын байтақтағы халық түрлі.

 

Көрейінші келбетін

Алматымның,

Шыдамым бітіп әбден зорға тұрмын,

Өзге деп ойламағын, өзгергем жоқ

Баяғы өлең жазар, сол батырмын.

 

Кең далам ақ қарыңды уыстайын,

Самалыңды сағындым тыныстайын.

Қайта бір көріп кету арман боп жүр

Барады өтіп айлар, жылыстай күн.

 

Бұл жақта таң да атпайды, күн батпайды,

Әйтеуір әлдилейді жұмбақ қайғы.

Мүлгисің үнсіз ғана бәрін ойға ап,

Бір пенде сырласуға тіл қатпайды.

 

Тірлік бөлек, жылайсың, күлесің бе,

Жатасың ұлы көшке құлақ түресіз де,

Өтежан бірде маған сыбырлады

Айналып кеттің ғой деп ұлы есімге.

 

Тірлікте шын ақынға жетеді жүк,

Соны естіп қалдым аздап көтеріліп,

Қайран, Қарасазым, жанарым көрсем дейді

Тәңіріден

Бір сәттік өмір сұрап етем үміт.

 

Абыздарым, біріңнен батаңды алдым,

Сендер де болдың ұмыт аталмадың,

Ілияс,

Бейімбет пен

Сәкендейін

Бөлек еді-ау, менің де қатарларым.

 

Соларды еске бір сәт түсірейін

Жетеді оған ақын күші деймін,

Қайран,

Таха,

Тоқашым, оқты көрген

Сендерге көлеңкемді түсірмеймін.

 

Айтпадың қырсық сөзді

Маған бөтен,

Одағым, жолым түссе, өзіңе соға кетем,

Тірлікте бір атақ та алғаным жоқ

Бара қалсам, орденін тағар ма екен…

 

О, халқым, құрметтеп ақын деп, сыйладыңдар,

Қоштастыңдар, қамығып қимадыңдар,

Қарапайым ұлың ем, шындықты айтқан

Өлеңім тек байлығым жиғаным бар.

 

Қара жер пенделердің бек тұрағы,

Басымнан фәни жалған өтті бағы,

Дегенмен,

Кеңсайдан күнмен бірге көтеріліп,

Халқыммен сәлемдескім кеп тұрады.

 

Ақыныңмын, құлымын — асыл ардың,

Теперіш көрсем де сан жасымадым,

Жарық дүние, жүзіңді бір көрсетші,

Сәулеңді байқап сонда басылармын…

Жақсылық Айжанов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button