Әкімдер есебі

Ақтөбе облысында былтыр 606 шақырым автокөлік жолы жөнделді

Бүгін, 10 ақпан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Есеп беру кезінде өңірдің 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі баяндалып, биылғы жылдың міндеттері белгіленді. Шектеу шараларына байланысты кездесу онлайн түрде өтті.
Бұл туралы халықпен есептік кездесу кезінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин мәлімдеді.
Өңір басшысы ​ автомобиль жолдарының сапасына қатысты мәселе облыста әлі де өзекті екенін атап өтті.
«2020 жылы жалпы сомасы 33,2 млрд. теңгеге 606,6 шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді (223,3 шақырым облыстық және аудандық деңгейдегі және 383,3 шақырым елді мекендердегі көшелердің жолдары). Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 61%-ға дейін көбейтуге мүмкіндік берді»,- деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі сондай-ақ, қоғамдық және темір жол көліктерінің жұмыстарына да тоқталды.
«Автопарк» ЖШС және «ПАТП» ЖШС тасымалдаушылары 52 бағытта қызмет көрсетеді, 400 бірліктен астам автобус жұмылдырылған. Тасымалдаудың ыңғайлылығын жақсартып, көлеңкелі экономиканы төмендету үшін электронды билет беруді енгізу жедел қажеттілік болып табылады. Бүгінде «ПАТП» ЖШС көліктерінің 90%-на стационарлық валидаторлар орнатты, «Автопарк» ЖШС бұл жұмысқа енді кірісіп жатыр.
Былтыр, жоспарланғандай әлеуметтік маңызы бар «Ақтөбе-Шалқар» темір жол бағытын субсидиялауға 330 млн. теңге бөлініп, бір жыл ішінде 140 мыңнан аса жолаушы тасымалданды.
Өңірдегі жолдардың сапасын жақсартып, көлік жүйесін дамыту мақсатында осы облыс үшін маңызды «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолын қалпына келтіру жобасын жүзеге асыруды бастау, облыстық және аудандық маңызы бар 330 шақырым көлік жолын жөндеу, соның ішінде «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» ​ (21,5-35,3 шақырым) мен «Ақтөбе-Орск» автокөлік жолын (8-16 шақырым) қалпына келтіруді аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 66%-ға дейін өседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button