Мәселе

Қоғамдық тамақтану саласы: тығырықтан шығу жолдары талқыланды

Ақтөбеде кафе мен мейрамханалардың иелері шектеу шараларына байланысты шығынға ұшырады. Қазіргі күні мейрамханалардың тең жартысы жұмысын тоқтатқан. Осы мәселеге байланысты облыстық кәсіпкерлер палатасы ғимаратында Қазақстан Республикасы Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдерімен,  өңірлік мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығының мүшелерімен, сондай-ақ дәмхана, мейрамхана иелерімен кездесті.

Вероника Нұрпейісованың айтуынша, еліміздегі қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының өкілдері өңірлерде осындай көшпелі кездесулерді жыл басынан бері өткізіп жүр. Мақсат —  қоғамдық тамақтану бизнесінің меншік иелерін шоғырландыру, экономикалық және эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қоғамдық тамақтану жұмысының алгоритмдерін әзірлеу.

Облыстық мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенованың айтуынша, қазір Ақтөбеде 56 мейрамхана, 241 кафе және 6 түнгі клуб бар.

Мейрамхана бизнесі өкілдері бүгінгі күнге дейін бұл салада толық жеңілдіктер орнатуды күтті. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мамандар өз түзетулерін енгізді. Банкет мейрамханалары әлі  де жұмыс жасамайды. Түнгі клубтар жабық, мейрамханалардың 50 пайызы жұмысын тоқтатып тұр. Кафелер жұмыс жасағанымен, келушілер саны айтарлықтай төмендеді. Қазір бұл саладағылардың көпшілігі ыстық тамақ жеткізуді басшылыққа алады. Дегенмен жұмыс жасаудың мұндай әдісі айтарлықтай кіріс әкелмейді және барлық шығындарды өтемейді, — деді кездесуде Б.Тілегенова.

Кездесуде бұл салаға қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Соның ең маңыздысы — мониторингтік топтардың тексеруі мен шектеу шаралары. Вероника Нұрпейісованың айтуынша, бүгінде еліміздің барлық өңірінде қоғамдық тамақтану саласында тұрған басты мәселе — жұмыс уақытын шектеу. Ол өз сөзінде еліміздің көптеген өңірлерінде әрбір екінші қоғамдық тамақтану нысанының жабылғанын, басқалары жақын арада жабылуы мүмкін екенін атап өтті.

Енді тексеру кезінде мониторингтік топтар заңбұзушылықтар үшін 5 тармақ бойынша ғана тексере алады. Олар —  жұмыс режимінің талаптарға сәйкес келмеуі, отбасылық, мерейтойлық іс-шаралар (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және басқа да көпшіліктің қатысуымен болатын іс-шараларды шектеуге қойылатын талаптардың сақталмауы, әлеуметтік арақашықтықты және бетперде  режимін сақтамау, сондай-ақ келушілер санының шектен асуы, — деді ол.

Кездесудің күн тәртібінде мемлекеттік қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары турасында да сөз болды. Бұл орайда Вероника Нұрпейісова меншік иелерін корпоративтік табыс салығынан босату, қосымша құн салығына жүгінгендерге арналған 3 пайыздық жеңілдік қарастырылған  бағдарлама әзірленгенін де айтты. Бұл бағдарлама 2023 жылға дейін жұмыс жасайды. Бағдарлама тамақтану саласын қолдау үшін арнайы жасалған. Бұл ретте қосымша құн салығы қалғанмен, бірақ салық төленбейді.

Ақтөбеде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының бағдарламасы өте жақсы жұмыс жасайды және  қайта қаржыландыру жүргізеді. Мониторингтік топ туралы айтар болсақ, тізімдер жаңартылатын болады. Мониторингтік топтарға өздерін таныстыру қажет екендігі ескертіледі. Себебі, меншік иесі мониторингтік топ мүшелерінің тізімге сәйкес келе ме жоқ па, сол жағын тексеруге мүмкіндігі болады. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қатысты айтар болсам, жасыл аймақта уақытқа шектеу қоймау, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында бір адамға 5-6 шаршы метр аумақты белгілеу турасында біздің тарапымыздан ұсыныс айтылды. Өйткені үлкен мекемелерде 30-50 адамға дейін шектеу қою — үнемі тиімді емес. Сондай-ақ біз барлық ақпаратты, яғни мемлекеттік қолдау шараларын қалалық әкімдіктің ресми сайты мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік желілеріне орнатуды сұрадық. Сонымен қатар біз өңірлік кәсіпкерлер палатасының аталған бағдарламаға қатысуы үшін орталыққа тапсырыс жолдауын сұрадық. Себебі нарықтың 40 пайызын — фуд-корттар мен боулинг, бильярд, караоке және банкет залдары құрайды. Қазіргі таңда мұндай орталықтар  әлі де болса өз жұмыстарын бастаған жоқ. Сондықтан олардың жұмыс жасауына мүмкіндік беру керек. Ондағы қызметкерлер жұмысқа қосылуы керек. Себебі, бізде «жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы» деген түсінік мүлдем жоқ. Олардың басындағы несиені ешкім төлемейді, соның салдарынан адамдар баспанасы мен көлігінен, басқа да мүлкінен айырылып қалып жатыр, — деді В.Нұрпейісова.

Оның айтуынша, Ақтөбе аймағында 3 миллион теңгеден жоғары қарызы бар меншік иелері тіркелген. Бұл — жалдау ақысы мен коммуналдық төлемақы, еңбекақы және жеткізушіге есепайырысу сияқты қарыздар. Бұл қарыз ай сайын 10 пайызға өсіп отыр. Сондықтан осындай келеңсіздіктерді болдырмау әрі оның алдын алу үшін  Қазақстан Республикасы Қоғамдық тамақтану қауымдастығы өкілдері бұл салада жұмыс уақытын ұлғайтуды сұрайды. Бұл орайда В.Нұрпейісова Ақтау қаласында бұл мәселенің оңтайлы шешілгенін айтып, нақты мысалдар келтірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button