Денсаулық

40-70 жас аралығындағылар тегін тексеріледі

4 ақпан —  Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні.

Бұл күнді атап өтудегі мақсат — жұртшылық назарын ғаламдық проблемаға аудару. Биылғы шаралар «Мен. Мен бармын!» (I Am. And I Will) деген ұранмен өтеді. 

Қазіргі күні бүкіл әлем бойынша қатерлі ісікке шалдығушылар саны артып отыр. Обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.

2020 жылы Қазақстанда 185 мыңнан аса адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34 мың 585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр қатерлі ісіктен 14 406 қазақстандық көз жұмған.

Мамандардың айтуынша, скринингтік зерттеулер жүргізу арқылы қатерлі ісіктің көптеген түрлерін ерте анықтауға болады. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал емге кететін шығын 200 есеге қысқарады.

Скрининг — ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшілік тегін жасалса да осы тексерулерден өтпейді. Себебі жаман хабар естуден қорқып,  дәрігерге қаралмайды.

— Қатерлі ісікті бастапқы кезеңде анықтау үшін профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтіп, емханаға уақтылы қаралу керек. Тексерулер белгілі бір санаттағы тұрғындарға тегін жүргізіледі, — дейді  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалы директоры Батырбек Нұрғалиев.

Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінің шеңберінде сақтандырылған тұлғаларға төмендегідей скрининг түрлерінен өтуге болады:

– 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры бойынша қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді;

– 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі;

– 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тоқішек пен тікішек обырына тегін тексеріледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button