Әкімдер есебі

Нақты істер мен жүйелі  жұмыстар

Коронавирус инфекциясына байланысты елімізде көптеген шектеу шаралары жүргізіліп жатқаны белгілі. Қазірдің өзінде санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Жылдағы дәстүр бойынша әкімдердің халық алдындағы есепті кездесулері де бұрынғыдай нөпір халықты бір жерге жинамай, шағын топ боп қатысуы немесе онлайн сипатта өтуімен ерекшеленді. Бұл — бірінші кезекте, індеттің алдын алу мақсатында осылай атқарылған шара. Сондықтан да бұл жолы аудан әкімінің есепті кездесулеріне халықты жаппай шақыру мүмкін болмады.

Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров биыл да халық алдындағы есепті кездесулерге тыңғылықты дайындықпен қатысты. Барлық жиындарда санитарлық талаптарға сәйкес әлеуметтік арақашықтық сақталды. Жиынға қатысушылар түгелдей бетперде тағып отырды.

Аудан әкімі есеп беру науқаны кезінде барлық ауылдық округтерде болып, ел-жұрттың жағдайын өз көзімен көрді, мұң-мұқтажын тыңдады, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Әрине, бұл аудан әкімі бұған дейін ауыл-аймақты аралаған жоқ деген сөз емес. Жыл бойы елді мекен тұрғындарының әлеуметтік, жеке мәселелерінің оңтайлы шешілуіне ықпал еткен Н.Алдияров есепті кездесулерінде де шеттегі ауылдарға барғанды жөн көрді.

Биыл аудан әкімінің есепті кездесулеріне 3 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ онлайн режимінде өткен мұндай жиындарды 2 мыңға жуық адам әлеуметтік желіден тыңдап, өздерінің пікірлерін білдіріп, мәселелерді ортаға салды.

Ағымдағы жылы аудан әкімінің есепті кездесулеріне облыстық еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаев, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Қалыптасқан жағдайға байланысты кей жерлерде онлайн режимінде өткен есепті кездесулер аудан әкімінің ресми парақшаларында тікелей көрсетілімде халыққа жеткізілді.

Бір айта кетерлік жайт, селолық округтерде өткен әрбір есепті кездесулерден соң аудан әкімі мен облыстық басқармалардың басшылары жергілікті тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізіп, олардың жеке мәселелерін де тыңдады.

Халық аудан әкімінің есепті кезең ішінде атқарған жұмыстарын оң бағалап, жасалған істерге өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Ең бастысы, мұндай кездесулерге жергілікті тұрғындар белсенді қатысты. Олар аудан басшысының осы бағыттағы істі әрі қарай жалғастырып, биылға қойылған нақты жоспарлардың уақтылы орындалатынына сенім білдірді.

P.S. Биыл аудан әкімінің 14 селолық округ пен Хромтау қаласында өткен есепті кездесулерінің қорытындысы бойынша негізгі  мәселелер қамтылған іс-шаралар жоспары жасақталыпты. Жиында тұрғындар көтерген проблемалардың оңтайлы шешілуі бақылауға алынған.    

Ләззат ӘБДІРОВА, 

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button