Денсаулық

Жедел желі іске қосылды

Аудан

Бүгінгі күні Ырғыз ауданында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі мәселелерді шешу мақсатында аудандық штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Жолдыбайдың айтуынша, пандемия басталғалы бері аудан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 53 адам тіркелген. Ал вирус анықталмаған өкпе қабынуымен 18 тұрғын ауырған. Олардың барлығы үй карантинінде оқшауланған.

Бүгінгі күні инфекциялық аурулардың алдын алуының ғылыми дәлелденген ең тиімді тәсілі вакцинация болып отыр. Осы орайда елімізде биыл 1 ақпаннан бастап вакцинациялау басталды. Қазір облыста медицина қызметкерлері мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары алғашқылардың бірі болып екпе алып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар біздің ауданда да жүргізіледі. Қазір екпе алу бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — дейді ол.

Ауданда 1 ақпаннан бастап вакцинациялауға байланысты жедел желі іске қосылды.  Алдағы уақытта аудан тұрғындары 8 (71343) 21-6-49 нөміріне хабарласып, екпеге байланысты өз сұрақтарына жауап ала алады.

Сондай-ақ бүгінгі күні ауданда вакцинациялауды жүргізуге байланысты медицина қызметкерлері арасында онлайн семинарлар өткізіліп, егу кабинетін жасақтау бойынша мониторингтік бақылау жүргізілуде.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button