БілімБасты жаңалықтар

Білім саласы және мемлекеттік тіл мәртебесі

Тәуелсіздіктің арқасында біздің өңірдің білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Білім саласы мемлекеттік қолдауға ие. Аталған салаға облыс бюджетінің шамамен 35 пайызы тиесілі. Бұл көптеген маңызды, түйінді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Тәуелсіздіктің арқасында жыл сайын облыстағы орыс тілінде оқытатын  мектептердің үлесі және аралас мектептер саны азайып келеді. Кеңес дәуірінде  облыс орталығында 1 ғана — №6 қазақ орта мектебі жұмыс жасаған болатын. 1990 жылы өңірде  барлығы 514 мектеп болды. Соның

265-і  қазақ тілінде білім берді. Ал қазір облыстағы 403 мектептің  270-і қазақ, 112-сі аралас, 24-і орыс тілінде білім беруде.

Егемендік алған жылдан бері облыста қазақ тіліндегі мектепке дейінгі ұйымдар саны артты. Қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін  балабақша бұрын 23 қана болса, қазір 421 балабақша (!) қазақ тілінде тәрбие береді.

Біз облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлназ Мырзағалиевамен тәуелсіздік жылдарындағы білім саласының жетістіктері, мемлекеттік тіл мәртебесінің артуы туралы әңгімелескен едік. Сонымен…

30 жыл, тарихи өлшеммен қарағанда, айтарлықтай көп уақыт емес. Қазақстан осы уақыт аралығында талай ауқымды өзгерісті бастан кешірді. Бір ғана білім саласының өзі орасан зор жетістіктерге қол жеткізді, түбегейлі жаңғырды. Ел егемендігін алған 1991 жылдан бастап білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсарту болды. Осы кезде білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық базасы қалыптасты. Білім беру мекемелерінің құзыреті кеңейді, жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді, үш тілде оқыту жүйесі енгізілді,  кредиттік жүйе мен тегін оқу гранты бөлінді. Білім саласында 5 мемлекеттік бағдарлама жасалып, ұлттық білім берудің моделі қалыптасты. Нормативтік-құқықтық база бекіді.

Облыстың білім беру жүйесінде де оң бағыттағы елеулі өзгерістер болды. Жыл сайын бұл сала үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Білім саласына енгізілген инновациялық, экспериментальды 12 жылдық білім беру, жаңартылған білім беруге көшу, электронды оқыту, жан басына шаққанда қаржыландыру, үш тілде білім беру жобалары облыста  табысты жүзеге асырылды, — дейді Гүлназ Мырзағалиева.

Балабақша және балапандар

Тәуелсіздіктің арқасында ана тілінде білім алатын бала саны арта түсті. Қазір қазақ балабақшасы мен қазақ мектептерінің үлесі көп.

Бұл туралы Гүлназ Сартбайқызы былай дейді:

Мемлекеттік саясаттың арқасында мемлекеттік тілде білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың саны да, сапасы да артты.

1991 жылы мектепке дейінгі 433 ұйым жұмыс жасаса, оның 168-і (38,8 пайыз) қазақ тіліндегі балабақшалар болды. Мектепке дейінгі ұйымдарды оптимизациялау кезінде қазақ тіліндегі балабақшалар саны 23-ке дейін қысқарды.

Қазір мектепке дейінгі 546 ұйымның 421-і (77,1 пайыз) қазақ тілінде тәрбие беруде.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру қазақ тілінде тәрбие мен білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда ұлты қазақ емес балалардың санының артуына ықпал етті. Бүгінгі күні қазақ балабақшаларда 1000-ға жуық орыс және басқа да ұлт балалары тәрбиеленіп жатыр.

Бүгінде облыста  386 балабақша жұмыс жасайды. Оның 274-і қазақ тілінде (71 пайыз), 5-еуі орыс тілінде, 107-сі қазақ және орыс тілдерінде (аралас) тәрбие береді. Сондай-ақ өңірде 160 мектепке дейінгі шағын орталық бар. Оның 149-ы қазақ тілінде тәрбие береді. Былтырмен салыстырғанда қазақ балабақшаларының желісі және аралас балабақшалардағы қазақ тіліндегі топтардың саны артып келеді.  Мысалы, қазақ тіліндегі балабақшалар 8 бірлікке, аралас тілдегі балабақшаларда қазақ тіліндегі топтардың саны 12-ге артты. Соған сәйкес мемлекеттік тілде тәрбие алатын балалар да артуда. Қазіргі уақытта қазақ балабақшаларында және аралас  балабақшалардағы қазақ топтарында 31 782 бала тәрбиеленеді, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артып отыр, — дейді бөлім басшысы.

Арнайы бағдарлама

Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері қазақ тілін тереңдетіп оқыту және жетілдіру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізуде. Балабақшаларда қазақ тілін оқытудың бейімделу бағдарламасы бар. Бағдарлама түрлі бөлімдерден тұрады. Мысалы, «Ойындардың көмегімен қазақ тілін оқытуды дамыту», «Балаларды қазақтың әдеттері мен дәстүрлерімен таныстыру», «Аталар дәстүрі», «Ғажайып өрнектер мен оюлар», т.б.  Педагогтер өз жұмыстарында тақырыпқа байланысты  түрлі  көрнекіліктер, модель-суреттер, кестелер, ойыншықтар, қызықты дидактикалық  шығармашылық ойындар  пайдаланады. Барлық материалдар ұлттық нақышта  безендірілген. Балабақшаларда ата-аналардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген шаралар өткізіледі.

Мектеп тынысы

Егемендік алғанға дейін мемлекеттік тілде білім беретін мектептер барлық мектептің 50 пайызына да жетпейтін-ді, ал қазақ тілінде оқитын балалар үлесі небары 37 пайыз болған.

1990 жылы өңірде барлығы 514 мектеп жұмыс жасады. Соның 265-і қазақ тілінде білім берді. Осы жылдары білім алған 136 964 оқушының 56 026-сы ғана қазақ тілінде оқыды. Кеңес өкіметі тұсында Ақтөбе қаласында 1 ғана №6 қазақ орта мектебі жұмыс жасаған болатын. Ал қазір облыс орталығында 48 қазақ мектебі бар. Бүгінде өңірдегі 403 мектептің 270-і қазақ, 112-сі аралас, 24-і орыс тілінде білім беруде. Ондағы 157 775 оқушының 81 610-ы қазақ тілінде білім алады. 

Осы жылдар аралығында 3 аралас мектеп қазақ мектебі болып қайта құрылды. Жаңадан ашылған білім беру ұйымдарының 95 пайызы қазақ тілінде білім береді.

Жалпы білім беретін мектептердегі 157 775 оқушының 76 пайызы қазақ тілінде оқиды. 1991 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде оқитын оқушылар үлесі 69 609 балаға көбейді (+58 пайыз), — дейді бөлім басшысы.

Тұңғыш қазақ гимназиясы

Тәуелсіздіктің арқасында өңірде қазақ мектептері, қазақ гимназиялары  ашыла бастады. Мәселен, 1991 жылы облыс орталығындағы №32 мектеп мәртебесін өзгертіп, қазақ мектеп-гимназиясы атанды.

Мәрия Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназия — Ақтөбе қаласындағы тұңғыш қазақ гимназиясы. Сол жылы бұл гимназияны Елбасының өзі ашқан болатын. Сондай-ақ 1991 жылы Ақтөбе қаласында №21 мектеп-гимназиясы еңсе тіктеді. №35 орыс мектебі де мәртебесін өзгертіп, аралас мектеп болды, — дейді Гүлназ Мырзағалиева.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары (1992-1993 оқу жылында) Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе ауданында жалпы 20 орыс мектебі болыпты. Қазақ мектебі — 10, аралас мектеп — 35. Ал Ақтөбе қаласында 7-ақ қазақ мектебі болды.

Жаңа құрылыс және қазақ мектептерінің үлесі

Тәуелсіздік алғалы бері біздің облыста  жобалық қуаты 48 800 орындық 153 мектеп бой көтерді! Бұл білім шаңырақтары мектептердегі орын тапшылығын жою, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, апатты мектептер мен ескі мектептерді жаңарту мақсатында ашылды.

Жыл сайын облыстағы орыс тілінде оқытатын  мектептердің үлесі және аралас мектептер саны азайып келеді. Осы жылдар аралығында 3 аралас мектеп қазақ мектебі болып қайта құрылды.

Соңғы 5 жылдың өзінде облыс бойынша 21 мектеп ашылды. Облыс  орталығы Ақтөбе қаласында 2016 жылдан бері 19 мектеп бой көтерсе, олардың 14-і таза қазақ тілінде, 5-еуі  аралас мектеп болып ашылды.

Жаңадан ашылған білім беру ұйымдарының 95 пайызы қазақ тілінде білім береді, — дейді Гүлназ Мырзағалиева.

P.S.

Қазір облыстағы орыс мектептердің көпшілігі Мәртөк, Қарғалы аудандарында орналасқан. Мысалы, Мәртөкте 4 қазақ мектебі, 9 орыс мектебі, 14 аралас мектеп бар. Ал Қарғалы ауданында қазақ мектебінің саны — 1, орыс мектебінің үлесі — 4, аралас мектептің саны — 8. Қазір Ақтөбе қаласында 48 қазақ мектебі, 8 орыс мектебі, 37 аралас мектеп жұмыс жасайды.

Айта кету керек, Кеңес дәуірінде Ойыл, Ырғыз, Шалқар аудандарында орыс  мектептерінің үлесі өте аз болды. Ал Байғанин ауданында орыс мектебі мүлде болған жоқ. Біздің облыста осы 4 ауданда ғана қазақылықтың қаймағы бұзылмаған… 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button