Әкімдер есебі

Мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту орталығы керек  

Темір ауданының әкімі Жолдас Батырханның тұрғындардың алдындағы қорытынды есеп беру кездесуі онлайн режимде өтті. Бұл — пандемияға байланысты сақтық шаралардан қолға алынған амал.

Әуелі ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Айталық, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімдері 177 миллиард 89 миллион теңгені құрап, жоспар 98,5 пайызға орындалған. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі — 44 миллиард 968 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, көрсеткіш жоспардағыдан артық.

Өткен жылы Темір ауданында 899 бала дүниеге келіп, 255 адамның өлімі тіркелген.

— Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру бастамасына сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігіне 943 өтініш түсіп, оның 415-і қанағаттандырылды, 527-і түсіндірілді, 1-еуі өзге органдарға жолданды. Сұрақтардың басым көпшілігі тұрғын үй, жұмыссыздық, әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты болды.

Өткен жылғы есепті кездесулерімді қорытындыласам, көтерілген 15 мәселе іс-шара жоспарына енгізіліп, 13-і орындалды, 2-еуі орындалу сатысында. Олар — Кеңқияқ су желісі және Шұбарши  ауылішілік жолы.

Жол мәселесі де тұрғындар тарапынан жиі көтеріледі. Аудан аумағында 417 шақырым 345 метр автомобиль жолдары бар. Аудан аумағынан өтетін 75 шақырым Ақтөбе-Атырау тасжолының 40 шақырымы пайдалануға берілді.

Өткен жылы Шұбарқұдық кентіндегі 2,1 шақырым автомобиль жолының құрылысы жүргізілді. Сондай-ақ 3,2 шақырым  автомобиль  жолына орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Аудан орталығындағы 5 көшеге 9,3 шақырым тротуар төселді. Жыл соңына дейін Қызылжар көшесінің 3,9 шақырым автомобиль жолының және 11 шақырым жаяу жүргіншілер жолының құрылысы аяқталады, — деген Жолдас Батырхан аудандық маңызы бар Алтықарасу және Қопа ауылдарының кіреберіс жолдары орташа жөндеуден өткенін, Құмқұдық ауылының кіреберіс жолына қиыршықтас төселгенін, ал биыл Шұбарши кентінде 2 ауылішілік жолдар орташа жөндеуден өткізілетінін қосты.

Сонымен қатар аудан орталығындағы ұзындығы 2,4 шақырымға созылатын 4 көшенің (Жамбыл, Ж.Махимов, Ойыл, Геолог) автомобиль жолдарының  құрылысына,  Задепо шағын ауданының 1,7 шақырым айналма автомобиль жолын орташа жөндеуге, Ақсай, Сарытоғай, Тасқопа ауылдары мен Темір қаласының кіреберіс жолдарын орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттың дайындалғанын атап өтті. Сол сияқты Сарыкөл ауылының 1,5 шақырым ауылішілік жолдарының құрылысы да жоспарға қойылды.

Тіршілік нәрінің айналасындағы түйткілге тоқталсақ, ауданда 25 елді мекеннің 14-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда жергілікті тұрғындар үшін ең өзекті мәселе — Кеңқияқ ауылының су желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

— Тұрғындар саны шағын 9 ауылды (Бабатай, Қопа, Бәшенкөл, Сарытоғай, Шитүбек, Ащысай, Бірлік, Жамбыл, Шибұлақ) сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2021-2022 жылдарға кешенді блок модульдер орнату жоспарланды. Мұнымен бірге, аудан орталығындағы Қызылжар шағын ауданындағы кәріз желілерін қайта жаңғыртуға және Кеңқияқ ауылының кәріз желілерін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұл Шұбарқұдық кентіндегі суағарларға да қатысты, — деді баяндамашы.

Байланыс саласында да ілгерілеу бар. Облыстық маңызы бар тасжолдың бойында орналасқан Шығырлы, Ащысай ауылдары ұялы байланыс желісімен қамтылса, Темір қаласы мен Ақсай, Сарыкөл ауылдары кеңжолақты интернетке қосылды. Биыл 4 елді мекен Құмқұдық, Бабатай, Еңбекші, Жамбыл жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылады деп күтілуде.

Құрылыстың қарқыны туралы айтқанда, аудан әкімі есепті кезеңде Шұбарқұдық кентінде 320 орындық мектеп, денешынықтыру және сауықтыру кешені, Еңбекші ауылында медициналық пункттің пайдалануға берілгенін тілге тиек етті. Осы жылы 2 елді мекенде (Ақсай, Шұбарқұдық) көпфункционалды ойын алаңы,  8 елді мекенде спорттық және ойын алаңдары жасақталмақ.

Тұрғындарды баспана мәселесі де толғандырады. Ауданда 454 адам мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан аз қамтылған және көпбалалы 4 отбасыға тұрғын үй сатып алынса, биыл Шұбарқұдық кентінен 16 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Сұрақ-жауап бөлімі келгенде тұрғындардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі байқалды. Тұрғындар баяндамада шешілу жайы айтылған интернеттің жылдамдығы, жеке қабылдауға кіру, су мен жолдың қиындығы, т.б. мәселелерді  көтерді. Сондай-ақ ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы салынса деген тілек айтылды. Аудан әкімі өз сөзінде Темірде барлығы мүмкіндігі шектеулі 906 азаматтың барын, оларға 2 инватаксидің қызмет ететінін айта келе, Шұбарқұдық кенті мен Кеңқияқ ауылында аталған орталықтар ғимаратының құрылысына жобалық-сметалық құжаттың әзірленгенін жеткізді. Енді қаржы бөлу — облыс әкімдігінің құзырындағы мәселе.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button