Әкімдер есебі

Көгілдір отын беріліп, спорт кешендері салынады

Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов ауданның өткен жылғы әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындысы мен биылғы жылға межеленген міндеттері туралы қорытынды есеп беру жиынын өткізді. 

Жиын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай Шалқар ауданы әкімдігінің фейсбук және shalkar_akimat инстаграм парақшаларында онлайн форматта ұйымдастырылды.

Алдымен аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

— Былтыр қыркүйек айында Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты  Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Өз кезегімізде біз Президентіміздің осы Жолдауында атап көрсеткен тапсырмалары мен міндеттерін бір кісідей жұмыла атқаруымыз керек.

Өткен жыл кездескен қиындықтарға қарамастан ауданымыз үшін табысты болды. Салық түсімдерінен 371,0 миллион теңге артық орындалды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 126,9 миллион теңгеге артық.

Сондай-ақ былтыр өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 14 миллиард 533,4 миллион теңгені құрады, — деді аудан әкімі өз сөзінде.

Шалқар ауданы, негізінен, ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын өңір екені белгілі. Былтыр мал басының саны, одан өндірілген ет, сүт өнімдерінің деңгейі артты. Сала бойынша есепті кезеңде 1 млрд 850,0 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге артық.

Биыл Шалқар-Бозой тасжолының 2,7 шақырымын электр желісімен жарықтандыру, Шалқар қаласы көшелерін және 7 елді мекеннің кіреберіс жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық- сметалық құжатттар әзірленетін болады. Сондай-ақ Шалқар қаласында 320 орындық, Қарашоқат елді мекенінде 120 орындық мектептердің құрылыстары аяқталмақ.
Үстіміздегі жылы Тоғыз, Шағыр, Шілікті, Көпмола, Кеңдала, Жылан, Қайдауыл, Ақтан батыр ауылдарының сумен жабдықтау желілерін қайта жарақтауға және Мөңке би ауылындағы су желілерінің құрылысын аяқтауға, Бозой ауылының кәріз желілерін қайта жарақтауды аяқтауға қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар Шалқар қаласынан салынып жатқан 8 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ.
Жиында тұрғындар әлеуметтік желі арқылы сауалдарын жолдады. Олардың ішінде облыс орталығына қатынайтын жол, Шалқар көлін тазарту, елді мекендерді газдандыру мәселелері көтерілді.  Аудан әкімінің айтуынша, биыл Шалқар көлін тазартуға 432 млн теңге қаржы бөлініп отыр.

— Ауданда көгілдір отын кірмеген елді мекендер бар. Солардың бірі — Бершүгір ауылдық округі. Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Аталған округке Мұғалжар арқылы газ тарту жобасы жасалып жатыр. Сондай-ақ Сарысай, Алабас елді мекендеріне де газ кіргізу жұмыстары осы жобаның ішінде бар. Тоғыз, Шілікті елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, — деді аудан әкімі.

Шалқар қаласының тұрғындары қалада балалар ойнайтын алаңдардың
аздығын, кейбір асфальттанған жолдардың сапасы нашарлығын, қаланың жұмысшылар қалашығы бөлігіне емхана, «Халық банкі» банкоматының керек екендігін алға тартты. Айшуақ ауылдық округінің тұрғындары Бегімбет ауылына спорт кешенін салу туралы ұсыныс білдірді. Аудан әкімі бұл сауалға «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша ангар типіндегі денешынықтыру кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға ұсыныс берілгенін, алдағы уақытта салынатынын мәлімдеді.

Бұған дейін де аудан басшысы 12 ауылдық округтің орталығында болып, тұрғындар алдында есеп берді. Анықталған мәселелер мен сауалдарға жауап берілді.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button