Рухани жаңғыру

Қарадан шығып хан болған немесе Меңдіқожа Ибнәминов кім еді?..

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деп атап көрсетті. Шынында да, өз дәуірінде қалың жұртына тұтқа болған, бірақ қилы заманның қыспағынан ел есімін ұмыта бастаған тұлғаларымыз аз емес.

Өткен жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде біздің жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы, атақты ғалым Елтоқ Ділмұхамедовтің кабинеті ашылды. Сол кабинеттің қабырғасында Меңдіқожа Ибнәминов туралы қысқаша ақпарат берілген. Ондағы шағын мәліметтің артында тегі қазақ болса да, түгел түркі баласының қамын жеген, Хорезм Республикасын басқарып, қазақ, өзбек, түркімен, қарақалпақ халықтарының біртұтас тәуелсіз мемлекетін құруға жанын салып қызмет еткен, қырық жасында қызыл террордың құрбаны болған мемлекет және қоғам қайраткерінің тағдыры жатыр. Осы мақаламыз арқылы біздің топырағымызға тікелей қатысы бар Меңдіқожа Ибнәминов жөнінде қал-қадарымыз жеткенше айтып беруді жөн көрдік.

Өзбекстанда ХХ ғасырдың басында Хорезм Республикасы болғанын білгенімізбен, оның басшылығында Меңдіқожа Ибнәминов, Календер Адинаев, Наурызалы Ділмұхамедов сияқты қазақтар болғанын енді ұғып жатқан жайымыз бар.

Сонымен, Меңдіқожа Ибнәминов кім еді?..

Тарихи деректерге сүйенсек, ілгеріде патша өкіметінің жаңа реформа арқылы көздеген құйтырқы саясатының ел ішіне салған ылаңы салдарынан ел ішінде жер дауы, болыстыққа таласу сияқты ішкі тартыс көбейіп, халықтың бірлігі бұзылады. Міне, сондай бір жағдайдың ушыққан сәтінде Қошқаратадағы Бәубек ұрпақтары Темірбақты аталығының 30-40 шаңырағы Арал теңізінің шығыс бетіндегі Аманөткел қыстағына барып тұрақтаса, кейбіреуі одан әрі асып, ағайынды сағалап, Хорезм ойпатына бет түзейді.

Білетіндерден жеткен деректерде солардың қатарында Қоңыратқа келіп жайғасқан орта шаруа Ибнәминнің ескіше білім алған, көзі ашық адам болғаны айтылады. Сондықтан болар, ол да өзі сияқты Астраханьнан 1891-1892 жылдардағы аштықта басын аман алып қалу үшін Бесқалаға көшіп келген татар ағайынның білімнен хабары бар қызына үйленеді. 1898 жылы сол шаңырақта Меңдіқожа атты бала дүниеге келеді.

Меңдіқожа өте білімді болып өседі. Астрахань қаласында туып-өскен, заманына сай білім алған оның анасы баласына өзі білгенінен көп нәрсе үйретеді. Тумысынан қабілетті бала жаңаша жазу-сызу мен есепке бірден зейін қоя төселіп, қолға түскен мерзімді басылым мен кітаптар арқылы өзінің ой-өрісін, дүниетанымын кеңейте түседі. Қашанда жаңалыққа жаны құмар, тынымсыз ұл 16-17 жасында Әмудария бойлап, Мойнақтан Петроалександровск портына (Төрткүл қаласы) кеме сүйретіп тартатын бурлактар артеліне жұмысқа кіріп, қара жұмыстың көрігінде шыңдалады. Осы жерде жер аударылған адамдармен танысып, араласуы арқылы оның ой-өрісі одан әрі кеңейіп, саяси сауаттылығы артады, сөйтіп, 1917 жылғы қос төңкерістен соң ел тағдыры таразыға түскен аласапыран шақта өз қатарларынан ой-өрісі озық Меңдіқожа жаңа қоғам құру ісіне белсене араласады. Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясына кіреді. Қоңырат революциялық комитетінің төрағасы болып сайланады.

ХХ ғасырдың басында Әмударияның сол жақ жағалауы, оның ішінде қазақтар көп мекендейтін Қоңырат, Хожелі өңірі Хиуа хандығына қараған. 1920 жылғы 2 ақпанда Сейд Абдуллахан Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының қолдауына сүйенген «жас хиуалықтардың» қысымымен тақтан бас тартып, сәуір айында Бүкіл Хорезм халық өкілдерінің І құрылтайында Хорезм Халық Кеңес Республикасы құрылды. Хандық жүйе жойылып, Палуан-Нияз қажы Юсупов басқарған жаңа үкімет тәуелсіз мемлекет құруға кірісті. Бірақ Хорезмді уысынан шығарғысы келмейтін сыртқы күштердің арандатуы мен ішкі қателіктердің салдарынан «жас хиуалықтар» үкіметі 1921 жылғы 6 наурызда тұтқынға алынды. Билік тізгіні уақытша ревкомның қолына көшті.

1921 жылғы 15-23 мамырда Хиуада Бүкіл Хорезм халық өкілдерінің ІІ құрылтайы болып, сонда Меңдіқожа Ибнәминов елдегі жағдайды талдап, сөз сөйлейді, оны жақсарту бойынша өз бағдарламасын ұсынады. Жалынды сөзімен жұртты ұйытқан 23 жастағы жігіттің жастық жігеріне, пайым-парасатына сүйсінген Құрылтай қатысушылары оны Хорезм Халық Кеңес Республикасының ең жоғары атқарушы органы — Халық Нәзірлер (Комиссарлар) Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындайды.

Сол кездегі Хорезм Халық Кеңес Республикасы өзінің мемлекеттік құрылысы бойынша жұмысшы-шаруаның революциялық-демократиялық республикасы болып табылды. Елдегі билік Бүкіл Хорезм Орталық Атқару Комитетінің қолында болды. Оның жұмысы төрт айда бір рет шақырылатын сессия түрінде жүргізілді. Сессия аралығындағы кезеңде республиканы Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы басқарды.

Ал Халық Нәзірлер Кеңесінің құрамына 9 нәзірият: сыртқы істер; әскери істер; денсаулық сақтауды, пошта мен телеграфты қоса алғанда, ішкі істер; әділет; ағарту; қаржы; азық-түлік бөлімін қоса алғанда, егіншілік; сауда және өнеркәсіп (еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен қоса); мемлекеттік бақылау нәзірияттары кірді. Халық Нәзірлер Кеңесінің кеңсесі Хиуа қаласындағы Нұрыллабай кешені деп аталатын жердегі Асфандияр ханның сарайында орналасты.

Меңдіқожа Ибнәминов Төраға қызметіне кіріскен сәттен бастап экономиканы, жалпы халықтың жағдайын жақсарту шараларын қолға алды. Дихандарға жер беруді жалғастырды. Қаржылық жағдайдың нашар екеніне қарамастан, өзбек және түрікмен халқының аса кедей бөлігін салық төлеуден босатты. Халық Нәзірлер Кеңесінің арнайы қаулысымен сауда жасау еркіндігін жариялап, алыпсатарлықпен күрес комиссиясын жойды. Саудагерлердің сырттан әкелген тауарына тең сомаға Хорезмнен монополияға жатпайтын тауарларды әкетуіне рұқсат берді. Бұл тауар айналымын біршама жандандырды.

Меңдіқожа Ибнәминов үкіметі мемлекеттік басқару құрылымының заңнамалық негізінде нығайтты. 1921 жылғы 21 шілдедегі ХХСР Сыртқы істер халық нәзірияты туралы ережеде тиісті ведомствоның қызмет тәртібі мен мақсат-міндеттері заңдастырылса, 1921 жылғы 24 қыркүйектегі Республиканың аудандық атқару комитеттері туралы ережеде ауаткомның құзыреті, құрамы, оның төрағасының, төраға орынбасарының, хатшының, қазынашы мен мүшелердің құқықтары мен міндеттері нақты белгіленді. Бұл бүкіл елдегі жергілікті басқаруды ретке келтіріп, оның жұмысын бір жүйеге түсіруге мүмкіндік берді.

Төраға қоғам өмірінің негізі — отбасы мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Халық Нәзірлер Кеңесінің 1921 жылғы 3 шілдедегі алғашқы бұйрығы неке қию және оны бұзу тәртібіне арналып, оған сәйкес жігіттер үшін — 17, қыздар үшін 16 жас неке жасы деп белгіленді.

М.Ибнәминов оқу-ағарту мәселесіне де баса мән беріп, Халық Нәзірлер Кеңесінің 1921 жылғы 6 қыркүйектегі отырысында жаңа оқу жылының басталуын арнайы қарады. Ағарту нәзіриятына 100 млн рубль қаржы бөлу және кейіннен қажетті қаражатты басқа нәзірияттардан іздестіріп тауып беру жөніндегі қаулыға қол қойып, бас-аяғы бір ай ішінде жаңадан 55 мектептің ашылуына мұрындық болды. 1921 жылғы қыркүйекте Хиуада Халық университетінің ашылуы елдің мәдени өмірінде айтулы оқиға болды.

Дегенмен елдегі оқу-ағарту жағдайы әлі де болса мәз емес еді. М.Ибнәминов 1921 жылғы 6 қазанда екінші шақырылған ХКСР Орталық Атқару Комитетінің бірінші сессиясында жасаған баяндамасында мектеп ашуға, негізінен, мұғалімдердің, жергілікті ұлт тілінде оқулық пен оқу құралдарының, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетін үй-жайдың жоқтығы кедергі болып отырғанын, оның үстіне курс бітірген түлектердің сауаты да шамалы болып шыққанын атап өтті.

Меңдіқожа Ибнәминов үкіметі дінге және вакуф мүлкіне қатысты мүлдем араласпау саясатын жүргізіп, дінбасылармен өзара қарым-қатынасты жолға қойды. Бұл халық арасында мемлекеттің дін саясатына байланысты белең алған түсініспеушілік түйінін тарқатты.

Тарихшы Ш.Бабашевтің пікіріне сүйенсек, «ол Төраға қызметін атқара жүріп, Хорезм өңірінде әділеттік орнату, ұлттық мәселелерді бейбіт жолмен шешу мақсатында 1921 жылғы 6 қарашада Жөнейт ханмен өзара бітімгершілік келісім жасайды». Хорезм Республикасы басшысының бұл саясаты РКФСР үкіметіне оншалықты ұнай қоймады. Оның үстіне, Ибнәминов басқарған үкімет ұлттық мәселелерді Орталықтың мүддесіне орай емес, ХХСР-дың II құрылтайында қабылданған Конституцияның негізінде шешті.

1921 жылдың соңына қарай ХХСР-ға келген РКФСР үкіметінің толық өкілетті өкілі И.М.Бык Хорезм Халық Республикасының ішкі ісіне жөнсіз араласып, «тізгін бермей» бара жатқан жергілікті басшыларды тезге салып алу үшін 1921 жылғы 27 қарашада биліктегі реакцияшыл күштерге сүйеніп, Хорезм Компартиясының, ХХСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Нәзірлер Кеңесінің бірлескен жиналысын өткізді. Осы жиналыста Түркістан ұлтшылдар ұйымы деп аталатын «Мұсылман ұлтшылдар бірлестігінің» жетекшілері Әнуар-паша, Минаууар-Қари және Заки Валидовтармен тығыз байланыста болды деген желеумен Меңдіқожа Ибнәминов және ХХР-дың басқа басшылары Бекчан Рахманов, Сейітқали Ағайдаров (Меңдіқожаның қарындасына үйленген), Молда Бекчан Абдалов пен басқалар «халық жауы» деп айыпталып, өз қызметінен босатылды. Олардың ісін қарауды РКФСР үкіметі өз бақылауына алды.

М.Ибнәминов «Ұлттық бірлік комитеті» деп аталатын панисламистік контрреволюциялық ұлтшыл ұйымының белсенді қатысушысы деп айыпталып, қамауға алынды және ісі сотқа берілді. БК(б)П қатарынан шығарылды. Тарих зерттеушісі В.Д.Генистің жазуынша, И.М.Бык пен оның қолшоқпарлары М. Ибнәминовтен қажетті жауап алу үшін ұрып-соғып, басын жарған. П.Юсуповтың «Естеліктерінде» айтылғандай, ол 1922 жылғы 5 наурызда болған Әскери трибунал кезінде өзінің жарылған басын көрсетіп, «Кеңес билігі тұсында қамауға алынған адамға күш қолданып, оны азаптап, басын жаруға жол беруге бола ма?» деген. Меңдіқожа Ибнәминов 1938 жылғы 21 ақпанда ҚҚАКСР ІІХК тергеушілеріне берген жауабында: «…осы іс бойынша Әскери трибунал мені 1922 жылы ату жазасына үкім етті. Ал басқалар түрлі мерзімде қамауда болу жазасына кесілді» дейді. Бірақ тағылған айыптарды дәлелдейтін материалдардың жетіспеуі салдарынан 1923 жылы күзде ХХСР Халық Соты тарапынан ақталып, қамаудан босатылады.

Меңдіқожа Ибнәминов Республика үкіметіне басшылық еткен жеті айдан сәл астам уақытта елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, мемлекет негізін нығайту тұрғысынан пәрменді шараларды қолға алып, халыққа білікті әрі білгір басшы ретінде танылды. Сондықтан да ол 1923 жылы қыркүйекте ХХСР Орталық Атқару Комитетіне қайта қызметке алынды.

1923 жылғы 18-20 қазанда өткен халық өкілдерінің ІV құрылтайында мемлекет Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылып, М.Ибнәминов осы республиканың Ішкі істер нәзірі лауазымына тағайындалды. Сол тұста Ішкі істер нәзіриятының құрамына Республикалық бас милиция басқармасы, қаржы, шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, қалалық шаруашылық бөлімдері мен халықтық байланыс кіші бөлімі кірді.

М.Ибнәминов 1924 жылғы 26 наурызда ХКСР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланып, Төралқа құрамына кіреді және ХКСР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы лауазымына сайланады. Ол ХКСР Орталық Атқару Комитеті басшысының орынбасары болып та істеп, ХКСР ОАК жанындағы Қазақ-қарақалпақ облысының өкілі міндетін де атқарады. Орта Азияда ұлттық негізде республикалар құру туралы шешім шыққан кезде, ХКСР-ды тарату комиссиясының құрамында болып, ұйымдастыру жұмысына ат салысады. Әмударияның сол жақ жағалауындағы қарақалпақ аудандарында, Қазақ-қарақалпақ (Хожелі) облысында, Қыпшақ және Қытай аудандарында тұратын халықтың тілегін орындап, оларды жаңадан құрылған Қарақалпақ автономиялық облысының құрамына қосу туралы ХКСР ОАК-тің қаулысына қол қояды. Ол өтпелі кезеңде ХКСР-дің Қаржы нәзірі лауазымын атқарды деген де дерек бар.

ХКСР-нің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне және ұлттық мәселелерді шешуге сіңірген аса зор еңбегі үшін Меңдіқожа Ибнәминов Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасының бірнеше орденімен наградталды.

Тарихшылар Ш.Бабашев пен Б.Қощановтың айтуынша, М.Ибнәминов 1925 жылғы 12-19 ақпанда өткізілген Қарақалпақстан Кеңестерінің бірінші ұйымдастыру съезінде қабылданған Қарақалпақстан автономиялық облысын ұйымдастыру туралы декларацияны әзірлеуге және қарақалпақ халқының мемлекеттігін қайта қалпына келтіруге айтарлықтай үлес қосқан. Ол 1926 жылы БК(б)П қатарына қайта алынып, жиырмасыншы жылдардың соңында Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1932 жылы БК(б)П ОК мен Орта Азия бюросы жергілікті кадрлар құрамын күшейту үшін Меңдіқожа Ибнәминовті ҚҚАО-ға прокурор көмекшісі қызметіне жібереді. Соңынан ол Қарақалпақ сауда саласында, атап айтқанда, Астық өнімдері басқармасында басшы қызметтер атқарады.

Дегенмен М.Ибнәминов елді дербес даму жолымен бастай алатын көрнекті қайраткерлердің бірі ретінде Орталықтың «қырағы көзіне» іліккен болатын. Ол ҚҚАКСР партия-кеңес ұйымдарының басшыларын троцкийшіл-бухариншіл «оңшыл» және «солшыл» топтарға қатысты айыптау, қызметінен босату және партия қатарынан шығару науқаны кезінде қызмет тәртібін бұзды деген себеппен БК(б)П Орталық Қадағалау Комитетінің Қарақалпақстан бойынша партиялық алқасының 1933 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі негізінде БК(б)П қатарынан шығарылды.

1937 жылғы қыркүйектің басында Хожелі аудандық ІІХК бөлімінің бастығы Загратдинов Меңдіқожа Ибнәминовтің үстінен қылмыстық іс қозғайды. 8 қыркүйекте Мемлекеттік Қауіпсіздік Басқармасының 3-бөлімінің жедел өкілі, кіші лейтенант Кононов келіп түскен материалдарды негізге ала отырып, мынадай қаулы қабылдайды:

«Меңдіқожа Ибнәминов ауқатты байдың баласы, жоғары білімді, 1919-1924 жылдары БК(б)П құрамында болған, контрреволюциялық әрекеттері үшін партия құрамынан шығарылған. М.Ибнәминов қазіргі кезде Хожелі ауданы Астық өнімдері басқармасы директорының орынбасары қызметін атқара жүріп, жергілікті ұлт өкілдері арасында контрреволюциялық жұмыс жүргізуде. Азамат М.Ибнәминов Өзбекстан КСР Қылмыстық кодексінің 67-бабы бойынша айыпталып, қамауға алынсын».

Оның үйіне тінту жүргізген кезде 25 әртүрлі фотосурет, ХКСР-дың үш ордені және куәліктерден басқа іліп аларлық ештеңе табылмайды. Әйтсе де М.Ибнәминов заңға қайшы ұрып-соғу, азаптау әрекеттерімен астасқан тергеу тепкісіне түседі.

1938 жылғы 13 қазанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі жабық сессиясында (Ташкент қаласы) төрағалық еткен Алексеев Меңдіқожа Ибнәминовтің қылмыстық ісін бас-аяғы 20 минутта қарап шығады.

Қылмыстық істе алдын ала және сот тергеуі нәтижесінде М.Ибнәминовтің 1921 жылдан бастап «Ұлттық Бірлік» антикеңестік, ұлтшыл ұйымына мүше болғаны және 1924 жылы Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліске қатысқаны, содан кейін Қарақалпақстанда әрекет еткен антикеңестік, буржуазиялық, ұлтшыл террористік және диверсиялық ұйымының құрамына кіргені, осы террористік ұйымның Кеңес үкіметі мен БК(б)П басшыларына қарсы террористік іс-әрекеттерін толық қолдап-қуаттағаны анықталды делінген.

Сот процесінде М.Ибнәминов жоғарыда аталған айыптардан, сондай-ақ 1925 жылдан бастап Қасым Әуезов басқарған «контрреволюциялық ұлтшыл топтың» жұмысына белсене қатысты дегеннен бас тартып, өзінің айыпкер емес екенін дәлелдейді. Ол өзінің соңғы сөзінде сот бастығынан әділ шешім қабылдауды өтінеді.

Бірақ сотта төрағалық етуші Меңдіқожа Ибнәминовті айыпты деп тауып, ең ауыр жаза — ату жазасына кеседі. Үкім сол күні Ташкент қаласында орындалады.

1959 жылғы 27 қазанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының отырысы өткізіліп, онда 1938 жылғы 13 қазанда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы тарапынан мал-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген Меңдіқожа Ибнәминовтің ісі қайта қаралады. Онда прокурор М.Ибнәминовтің қылмыстық ісін қылмыстық құрамның болмауына байланысты қысқартуды және оған шығарылған үкімнің күшін жоюды сұрайды. Осылайша М.Ибнәминов толықтай ақталады. Ол қамал бұзар кемел шақта, бар-жоғы 40 жасында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған еді.

Меңдіқожаның әйелі Ақбала ерінің артынан Ташкентке дейін іздеп барып, сотта ісі қаралған кезде тілеуін тілеп, сыртта отырған. «Халық жауының» әйелі ретінде қанша қиындық көріп, қанша азап тартса да, азаматынан қалған қос тұяқ — Жаңабай мен Қоғамды ешкімнен кем қылмай өсіріп, ел қатарына қосқан.

Меңдіқожа Ибнәминовтің ұрпақтары мен туыстары ұзақ жылдар бойы «халық жауының отбасы» деген қаралы атты жамылып жүрді, себебі Кеңестік билік көпке дейін Алаш ардақтыларының аттарын айтқызбаған да болатын.

Біз тек қана қолда бар деректерге сүйеніп, Меңдіқожа Ибнәминовтің тұлғасын көпшілікке жақынырақ танытуды ниет тұттық.

 А.ДӘДИН,

С.Бәйішев атындағы университеттің аға оқытушысы, теология ғылымдары магистрі.

                М.САДЫҚОВ,

тарихшы, заңгер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button