Жаңалықтар

Дастарқанның сәні — кондитер өнімдері

Мемлекеттік бағдарлама

Кейбір адамдардың ұқыптылығына, ептілігіне, кісі алдарлығына тәнті боласың. Әрине, қазір еңбек етіп, кәсіп ашам деушілерге мүмкіндік мол.  Дегенмен ата-енесі мен күйеуінің бабын тауып, төрт баланың қамын жасап, өзі жақсы көретін іспен шұғылданып отырған келіншектің ісіне қалай сүйсінбейсің.

Ісімен көпке үлгі боларлықтай пысық келіншектердің бірі —  Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны, 29 жастағы Анаргүл Динова.

— Ниет болса, қазір мемлекет тарапынан қолдау бар. Осыған көзім жетті. Аудандық жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі туралы түсіндіргесін, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып алдым. Бизнес-жоба жасауды, кәсіпкер болу үшін не істеу керектігін, бәрін курста оқып үйрендік. Кондитер өнімдерін жасағаннан ләззат аламын. Бірде неге өзім білетін істі кәсіпке айналдырмасқа деп ойладым. Содан күйеуіммен, ата-енеммен ақылдастым. Олар менің бұл ойымды қолдады. Курсты оқып алуыма, құжаттарды рәсімдеуіме жағдай жасады, — дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде ауыл тұрғындары Анаргүлдің қолынан шыққан торттарды, бәліштер мен тәтті тоқаштарды тойға, мерекелік дастарқандарына қоюға іздеп жүріп алады. Әзірге жас кондитер үйінің бір бөлмесін кішігірім цехқа айналдырып үлгеріпті, мемлекеттен жеңіп алған қайтарымсыз қаражатқа, анығы 370 мың теңгеге пеш, 130 мың теңгеге қуатты миксер сатып алыпты. Жазда ғана бастаған кәсіпке қатысты шаруаны жүйелеп қойған Анаргүл маркетинг жағына да қатты мән беретінін айтып берді.

— Қаладағылар ауылда кәсіп жүргізу ыңғайлы деп ойлауы мүмкін. Алайда қазір ауыл тірлігі де қалаға ұқсап барады. Газ бен суы  үйіне кіріп тұр, кәсіптің де түрі бар, қажет нәрсенің бәрін де ауылдан табуға мүмкіндік бар. Кез келген ауылда мен секілді шай дастарқанына қажет тәтті торттар пісіріп отырған қыз-келіншектер жетіп артылады. Нарықта бәсеке бар. Сондықтан мен 10 мың теңгеден астам өнімге тапсырыс берген адамға тегін жеткізіп беремін. Сол секілді тұрақты клиенттеріме де жеткізу қызметін тегін ұйымдастырамын. Бұл жерде өзімнің көлік жүргізе алатыным да жақсы болды. Үйде бос тұрған «Кia» көлігін мініп аламын да, апаратын жерге жеткізіп беремін. Негізі, ауылда таксимен бір жерге барып-келу — 600 теңге. Ал мен аз өнімге тапсырыс берген адамнан жеткізу қызметіне үш жүз теңге аламын, — дейді Анаргүл Аманжолқызы.

Бүгінде Анаргүл әзірлеген тәтті бөлкелер мен торттар ауылдағы шай дастарқанының сәніне айналып үлгерді. Жас кондитердің бір торты салмағы мен көлеміне қарай ауылда 1500 теңгеден жоғары бағаланады. «Вупи-пай», «Қызыл барқыт» торттарының шағын түрлері 3500 теңгеден, ал үлкендеу түрлері 4800 теңгеге сатылады. Анаргүл клиенттің сұранысына қарай, печенье, бәліш, тәтті бөлкелердің сан түрін, тіпті түріктің пахлавасы мен француздың профитролиін, жалпы, шай дастарқанына қажетті ұннан жасалған тәттілердің бәрін жасап береді.

Анаргүлдің күйеуі Еркінғали теміржол саласында машинистің көмекшісі боп еңбек етеді. Отбасында сүп-сүйкімді төрт бала өсіп келеді. Жасқа толмаған кішкентайдың есімі — Адина. Жеке кәсіпкерліктің атауы да осы сәбимен аттас. «Несібесі шығар, кәсіп ашу идеясы да осы қызымыз өмірге келген сәттен басталды», — дейді кәсіп иесі.

— Менің арманым — үлкен кондитер цехын ашу. Армандар орындалады! Себебі мен арманымның орындалуына алғашқы қадам жасадым. Қайынатам — құрылысшы, құрылыстың қыр-сырын жетік біледі. Алдағы уақытта дара ғимарат салып беремін деп отыр. Маған сенім артып, қолдап отырған отбасыма, кәсіпкерлікке баулыған аудандық жұмыспен қамту орталығына, «Атамекен» палатасының қызметкерлеріне алғысым шексіз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демей ме?! Адамдар мақсат қойып, соған шындап кіріссе, бәрі өз ретімен болады екен, бір жақсысы, еңбектенген адамға қазірде мемлекет тарапынан мүмкіндік те, қолдау да бар, — дейді Анаргүл.

Айтпақшы, Әйтеке би ауданының тұрғындары үшін Анаргүлдің инстапарақшасы осы жерде — @torty_ot_anary.

Өзі жақсы көретін істі отбасылық бизнеске айналдырып отырған жас кондитердің іс-әрекетіне қарап, алдағы уақытта ірі кәсіпкер болатынына біз де сендік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button