Әкімдер есебі

Қопа: асфальт төселіп, спорт кешені салынады

Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров Қопа ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берді. Кездесуге облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің басшылары мен кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары қатысты.

Қопа Мәдениет үйінде өткен кездесуде санитарлық талаптар қатаң сақталды.

Жиналғандар алдында ауыл, аудан әкімдері есепті баяндамаларын оқығаннан соң, тұрғындар тарапынан сауалдар қойылды.

Белгілі болғандай, былтыр ауылдық  округте  бірқатар жұмыстар атқарылған. Соның бірі Тамды ауылының  су құбырларын  қайта жаңарту  жұмыстары толығымен аяқталған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Тамды ауылының  ауылішілік электр желісі орташа ағымдағы жөндеуден  өткізілген.

Нағымжан Алдияровтың баяндауынша, биыл Қопа ауылында 3 көшеге асфальт төселмек. Бұл бағытта  жұмсалатын қаражат көлемі — 107 млн теңге. Сондай-ақ Тамды ауылындағы мектеп жанында спорт кешені салынбақ.

Есепті кездесуде ауыл тұрғындарына да сөз берілді. Газ тарату станциясының  операторы Асылжан Тасмағанбетов былтыр «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алып, ол қаражатқа  ірі қара сатып алғанын айтып, енді шаруа қожалығы үшін  бос жер  учаскесін сұрады. Бұл сауалға қатысты аудан әкімі ауыл маңында игерілмей жатқан жерлердің иелері анықталып, мәселе заңды жолмен шешілетінін айтты.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары  4G интернет желісі үшін мұнара орнатылса, ауыларалық жол жөнделсе деген ұсыныстарын да жеткізді.

Жиын соңында облыстық экономика және  бюджеттік жоспарлау  басқармасының  басшысы  Г.Сүйінтаева  сөз  алып, жылдағыдай биыл да мемлекеттік  бағдарламаларды жүзеге асыруға қаржы бөлінетінін және ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында субсидиялар берілетінін атап өтті. Сонымен қатар ауыл-аймақты көркейту мақсатында арнайы бағдарламалар әзірленгені де  айтылды. Сондай-ақ ол Қопа тірек  ауылдар қатарында болғандықтан, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша бұл бағытта қаражат бөлінетінін жеткізді.

Қызылсу: төрт мәселе

Аудан әкімінің осындай есеп беру жиыны Қызылсу ауылдық округіне қарасты Сарысай ауылында да ұйымдастырылды. Кездесуге жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша әуелі Қызылсу ауылдық округінің әкімі А.Күшмағамбетовтің,  содан соң аудан басшысының есепті кезеңдегі ауылдың, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттер туралы есепті баяндамалары тыңдалды. Нағымжан Алдияров өз сөзінде Қызылсу ауылдық округі бойынша туындаған төрт мәселені атап өтті. Ол — Сарысай және Қызылсу ауылдарына санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу, Қызылсуға тасжол мен көпір, сондай-ақ Мәдениет үйін салу.

Ауыл тұрғындары округте мал басының көбейгенін айтып, алайда жайылымдық жердің жетіспеушілігін мәселе етіп көтерді. Сол сияқты Сарысай ауылында жаңадан салынған медициналық пунктте бір медбике қызмет етеді, ал ауылдағы халық саны 500 адамнан асып кетті, сондықтан тағы штат ашылса деген тілек бар.

Ауыл тұрғыны М.Бәйменов ағынды сулардың қалдықтарын көмуге арналған полигонға жер берілсе деген өтінішін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі: «Полигонда ағынды суларды тазарту қондырғысы болу керек. Оны салу үшін 500 миллион теңге қажет», — деді.

Кездесуде сарысайлықтар ауылдағы дүкендерде азық-түлік бағасының қымбаттығын, көшелерді жарықтандыру, қаңғыбас иттердің көзін жою мәселелерін де көтерді. Бұл сауалдарға Қызылсу ауылдық округінің әкімі А.Күшмағамбетов былайша жауап берді: «Жарықтандыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, шамдар алынды. Қазіргі таңда электрик маман Қызылсу ауылында жөндеу жұмыстарын жасап, жанып кеткен шамдарды ауыстырып жатыр», — деді.

Өз сөзінде Нағымжан Алдияров ауданда 19 түрлі әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасы қатаң бақылауда екенін, сондықтан ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлер де бұл орайда бағаны аудан орталығындағы бағадан 10 пайыздан артық жоғары көтермеуі керектігін ескертті.

Көктерек: Газ керек

Көктөбе ауылдық округінің әкімі Арыстанғали Зинген  жергілікті халыққа есепті мерзім ішінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және биылғы жылға арналған міндеттер туралы баяндады. Майтөбе ауылында өткен жиынға аудан әкімі Нағымжан Алдияров қатысты.

Жиын барысында ауыл әкімі өз сөзінде қоғамдық саяси жағдай мен ішкі тұрақтылық, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік жағдайлар, мәдениет, құқық және басқа да салаларға қатысты атқарылған шаруалардың жайын баяндады. Сол сияқты, ол ауыл-аймақта жүргізіліп жатқан  санитарлық тазалық, абаттандыру, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар туралы айтты.

Содан соң аудан әкімі Нағымжан Алдияров өз сөзінде әр саланы дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Әдеттегідей, есепті кездесу тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаумен жалғасты. Кездесуде «Мамыт» шаруа қожалығының басшысы Ержан Қосуақов бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Соның бірі — Көктерек ауылына газ тарту. Қазір аталған ауылда көгілдір отын болмағандықтан, жергілікті тұрғындар өзге жаққа қоныс аударып жатқан көрінеді. Ол Көктау мен Майтөбе, Көктерек ауылдары арасында қыста жолды қардан тазарту жұмыстары дер кезінде қолға алынса деген өтінішін де айтты.

Ауыл маңында 200 гектар жерім бар. Сол жерге суданка еккім келеді. Дегенмен Ор өзенінің тартылуына байланысты су мәселесі қиындық тудырып тұр, — деді шаруашылық басшысы.

Айтылған проблемаларға қатысты аудан әкімі: «Көктерек ауылына газ тарту мәселесі бойынша жобалар жасалып жатыр. Ағымдағы жылы бұл мәселе шешімін табады. Жоба қолға алынып, жұмыстар жүзеге асырылады. Ал суданка егу мәселесіне келер болсақ, әуелі бөгет жасау керек. Ол үшін аудандық ауыл шаруашылығы, ветеринария және жер қатынастары бөліміне сұраныс жібересіз. Содан кейін біздің тарапымыздан бөгет жасалатын болады», — деді.

Ал қар тазалау мәселесіне қатысты Ақтөбе мыс компаниясының өкілі С.Бердалин жауап берді. Оның айтуынша, қазір ауыл арасындағы жолдардың бойында қар тазарту, қыру  жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен жол бойында бір ғана автогрейдер жүргендіктен, бұл жұмыстарды олар үлгере алмайды. Компания өкілі өз сөзінде барлық жол қардан тазартылатынын айтып, сендірді.

Есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстарға риза болғандардың бірі — «Қызылжар» шаруа қожалығының басшысы Сағынтай Қанатбаев. Дегенмен ол өз сөзінде ауызсу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауылда су 5 метр тереңдіктен шығады, ал септиктің тереңдігі — 3 метр. Сондықтан халық сапасыз ауызсуды тұтынуға мәжбүр.  Нағымжан Алдияров су мәселесіне қатысты: «Биыл ауылды орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін сметалық құжаттар әзірленеді. Міндетті түрде бұл жұмыстар атқарылады», — деді.

Кездесуде ветеринарлық станцияның маманы Сапар Дүйсеков те ауыл әкімінің есепті кезең ішінде атқарған жұмысына оң бағасын беріп, алдағы істерге сәттілік тіледі.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button