Әкімдер есебі

20 көше көріктене түседі 

Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов Тоғыз, Кішіқұм, Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындар алдында ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және биылғы жылға арналған міндеттері туралы есебін берді.

Алдымен халық ауылдық округ әкімдерінің есептерін тыңдады. Бұдан
соң аудан әкімі Ж.Жидеханов өткен жылы атқарылған жұмыстарға нақты тоқталып өтті.

—  Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған басты міндеттерін орындау мақсатында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен ауданымызда ауқымды істер атқарылды. Былтыр қаламызда 320 орындық №5 мектеп-лицейдің, 120 орындық Қарашоқат орта мектебінің құрылыстары басталды. Сонымен қатар Мөңке би, Мырзағұл Шыманұлы елді мекендерінде, қаламыздағы Ә.Жангелдин қалашығында басталған су желілерін тарту жұмыстары осы жылы аяқталмақ. Аудан бойынша 33 елді мекеннің 12-сі көгілдір отынмен қамтылып, 24 ауылға ауызсу тартылды, — деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, былтыр Шалқар қаласында 4 көшеге күрделі жөндеу, 2 көшеге орташа жөндеу және 2 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мөңке би және Бозой елді мекендеріндегі бір көше асфальтталған. Сонымен қатар Т.Шанов, Ақтоғай, ГКС-12, Жаңақоныс, №6 орта мектептері күрделі жөндеуден, Алабас, Аяққұм негізгі мектептері ағымдағы жөндеуден өткен. Енді Шалқар қаласының 20 көшесін күрделі жөндеу, 7,3 шақырым болатын қалаішілік жолдарды жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқандығы айтылды. Аудан әкімі Бозой елді мекенінің кәріз желілерін қайта жарақтау, сүзгі алаңын салу, Шалқар қаласынан тұрғын үйлер салу, Аққайтым елді мекеніне клуб салу, Шалқар қаласынан Жылтыр ауылына қарай, Ақтөбе және Бозой бағытына қарай жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, қала іргесіндегі Жомарт ауылына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары қолға алынатынын жеткізді.

Кездесуде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл
Бертілеуова есепті кезеңдегі өлкемізде атқарылған игі істерге көңілі толатынын
жеткізіп, басталған жылдың табысты болуына тілектестігін білдірді.

Шалқар ауылдық округінің тұрғындары балаларға ойын алаңы салынса, Beeline байланысының қызметі әлі де жақсарса, ауыл сыртындағы орман алқабының қоршауы жөнделсе, қосымша қарастырылған жемшөп субсидиясына тезірек қол жеткізсек деген тілектерін алға тартты. Және ұңғыма қаздырған шаруалар оған жұмсалған шығынның 50 пайыз қайтарылымын сұрады.
Жиында қойылған барлық сауалдарға толыққанды жауаптар берілді. Мәселен, жемшөп субсидиясы осы жылдың наурыз айына дейін берілмек. Ұңғыма қазған кәсіпкердің лицензиясы болса, шығыны қайтарылады. Жақын арада Beeline байланысына күшейткіш қойылатын болды.

Аудан әкімі кездесулерде қай мәселенің де назардан тыс қалмайтынын айтып,
ауылдық округ әкімдеріне Президент тапсырмалары мен міндеттерін
орындап, халықпен бірлесіп еңбек ету керектігін тапсырды. Сондай-ақ әлем елдерін алаңдатқан індет ахуалы әлі де оңалмай тұрғандығын сөз
етіп, мейілінше одан сақтану шараларын әрбір тұрғын қатаң ескеруі керектігін
айтты.
Аталған округтерде өткен кездесулерде тұрғындар өткен жылы облыс әкімінің Шалқар ауданына жасаған іссапарларында көтерілген мәселелердің шешімдері табылғанына ризашылықтарын білдірді.

Қыдыралы ӘЛИН,
Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button