Денсаулық

«Спутник V» вакцинасы қалай салынады?

Анық-қанық

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталады. Алайда тұрғындар арасында екпеге қатысты сұрақ көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров көпшілік  көкейіндегі бірнеше сұраққа жауап берді.  

«Спутник V» вакцинасының құрамында не бар?

— «Спутник V» вакцинасы Ресейде өндірілген. Вакцинаның құрамында аденовирус бар. Коронавирус жоқ, тек оның гені қосылған. Бұл адам ағзасына түскеннен кейін жасушалық иммунитетті көтеріп, вирусқа қарсы тұрады. Екпе екі компоненттен тұрады, яғни инъекция алғаш салынғаннан кейін, үш апта өткен соң екіншісі салынады. Зерттеулер нәтижесінде бұл вакцинаның тиімділігі 95 пайыз екені анықталған.

Екпені кімдердің алуына болмайды?

— Вакцинаны гиперсезімталдығы және жоғары аллергиясы бар адамдардың алуына болмайды. Сондай-ақ инфекциялық және жедел инфекциялық ауруға шалдыққан науқастарға да екпе салынбайды. Жедел инфекциялық аурумен ауырып, жазылғаннан кейін екі-үш аптадан соң ғана вакцина салдыруға болады. Созылмалы аурудың өршу сатысында да екпе салынбайды. Жүкті және бала емізіп жүрген  әйелдерге, 18 жасқа толмаған балаларға вакцина алуға болмайды.

Екпе қалай жүргізіледі?

— Екпе ерікті түрде жүргізіледі. Егер азамат келісімін бермесе, оған екпе салынбайды. Облыста вакцинациялау бірінші ақпаннан басталады. Жалпы 150 мың адамды егу жоспарланып отыр. Вакцинациялау емдеу мекемелерінде жүргізіледі. Бұл жұмыстар облыстың барлық аудандарында да жүзеге асады.

Вакцинаның жағымсыз әсері  қандай?

— Екпені алғаннан кейін жағымсыз әсер болады. Бұл — қалыпты жағдай. Аздап қызу көтеріліп, бас, буын, бұлшық еттер ауырып, әлсіздік пайда болуы мүмкін. Жүрек айнып, адам құсуы мүмкін.

 Бірінші кімдер егіледі?

— Ақпан айында инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитарлық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері және санэпидқызмет қызметкерлерін егу жоспарланған. Жалпы, облыста мың адамды егу жоспарланып отыр. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарының педагогтері, ведомстволық медициналық қызметтің медицина қызметкерлері егіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button