Денсаулық

Жетпісінде қарқынды жүзетін қарт

Біз Иман Жамансаринмен бассейнде таныстық. Дұрысы — оның қарқынды жүзіп, тұрақты түрде сол жерге баратыны, жалпы суда өзін балықтай сезінетіні сөйлесіп, жөн сұрасуымызға себеп болды. Әңгімелесе келе қимыл-қозғалысы ширақ, бойын тік ұстаған, белсенді кейіпкеріміздің 70 жастағы зейнеткер екенін білгенде, шынымен таңғалдық. Ақсақал деуге қимайтын азаматпен су әлеміндегі сұхбатымыз осылай басталды…

45 минутта — 800 метр

Судың қай жағынан да пайдасы зор екенін бәріміз білеміз. Сол сияқты суда жүзудің игіліктері көп. Денсаулыққа әсері туралы айтқанда, бұны жаттығудың бір түрі екені, жүрек, қан тамырлары мен тыныс алу жүйелеріндегі ауруларды алдын алуға һәм емдеуге сеп болатыны әлдеқашан дәлелденген. Айталық, ғаламтордағы ашық дереккөздерге сүйенсек, жүзумен жүйелі түрде айналысқан адамның жүрек соғуы минутына 72-ден 48-50-ге дейін сирейді, ал қанның көлемі жүрек бір соққанда 70-80-нен 120-140 миллилитрге дейін көбейеді екен. Сондай-ақ адамның ұйқысы мен тәбетіне, айналып келгенде көңіл күйіне оңды әсері бары белгілі. Жас пен жасамысқа шарапаты бірдей жүзу спорты, әсіресе, балалардың денесі күшті, буындары мықты, тұлғасының әсем болып өсуіне ықпал етеді.  Кішкентайлар демекші, Еуропа елдерінде кеңінен таралған үрдіс — сәбиді екі айлық кезінен бастап суда жүзуге баулу бізде де біртіндеп қалыптасып келеді. Өйткені бұның нәрестенің дене құрылысының дұрыс дамып, мойны мен белін қалыпты ұстауына, өсе келе майтабан болмауына көмегі зор. Бір қынжылтатыны, осының барлығынан аз-кем хабарымыз болса да, денсаулығымызға немқұрайлы қарайтынымыз рас… Су спортымен шұғылдануды құнттай бермейміз. Бассейнде 4 жылдан бері тұрақты жүзетін Иман ата да дәрігерлердің кеңесімен жасанды су айдынына баруды әдетке айналдырған.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметінше, халықаралық жүзу федерациясы (ФИНА) 1908 жылы құрылған. Ал жүзуден алғашқы Олимпиадалық ойындар 1896 жылдан, дүниежүзілік чемпионаттар 1973 жылдан, еуропалық чемпионаттар 1926 жылдан бері өткізіліп келеді.

Дене шынықтырудың бір түрімен адамдар ежелгі дәуірден бастап айналыса бастаған. Біздің жыл санауымыздың басында Римде суы жылытылатын 50×20, 100×50 метрлік үй ішіндегі бассейндер салынған. XVI ғасырдың басында жүзу спорттық сипат алды.  

— Алға ауданында туып-өсіп, зейнетке шыққанша сол жерде еңбек еттім. Өмір бойы қозғалысы аз, бір орында отырып атқаратын жұмыс істедім. Соның әсерінен болар, жасым 60-дан асқанда белім қатты ауырып, жүргізбейтін халге жеткізді. Дәрігерлерге қаралғанымда, бассейнге бару керектігін айтты. Сол 2017 жылдан бері үзбей осында (екеуміз бассейнде сұхбаттастық — А.Т.) келіп жүрмін. Кезіндегі мен қазіргі жағдайымды салыстырсам, өзгеріс айтарлықтай. Еркін жүріп-тұрамын, — дейді Иман Жамансарин.

Шынында, адам денесінде зат алмасуды күшейтетін жүзудің егде адамдарға жәрдемі мол. Барлық бұлшық етті «жұмылдыратын» аталған спорт түрімен зейнеткер аптасына 2-3 рет мақсатты түрде айналысады. Күнара түске таман 45 минутта 700-800 метр жүзетін ол суда еркін сүңгиді. Ұзындығы 50 метрлік бассейн ішінде әуелі құлаштап, кейін шалқалап жүзетін ақсақалдың қарқыны жақсы. Кейбіреулер сияқты «жағада» демалып отырмайды, құдды бір жарысқа дайындалып жүрген жүзгіш дерсің… Біздің назарымызды аударып, әңгімеге тартуға түрткі болған да осы белсенділігі-тін.

МАМАННАН КЕҢЕС…  

Суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, паралимпиадашы Шахан Жолдасбаев оқырмандарға мынадай ақыл-кеңесін айтады:

Әуелі душқа шайынып, одан кейін жеңіл жаттығу жасаңыз. Мысалы, 2-3 минуттай орныңызда жүгіріңіз, қолыңызды иығыңызға қойып, шеңбер жасап айналдырыңыз, отырып-тұрыңыз, басыңызды әрі-бері қимылдатыңыз деген сияқты. Яғни бұлшық еттеріңізді қыздырып барып бассейнге түсу қажет.

Ал мүлдем жүзе білмейтіндердің жаттықтырушының көмегіне жүгініп, теория мен тәжірибені қатар ұштастырғаны жөн. Ең бастысы, судан қорықпау керек.

«Өзен-көлдерде жүзгенге не жетсін!»

Елек өзенінің бойында өскен Иман атаға футбол мен волейбол ойнау сынды суда жүзу де түк емес. Жұрт қатарлы кішкентайынан ашық аспан астында әрлі-берлі жүзіп ержеткен ол бұл спорт түрін ешкімнің үйретпегенін, ауылдың балалары үшін бұның қалыпты құбылыс екенін қосты. Жүзудің көптеген тәсілін білетін қарт сөз арасында:

— Аудандарды айтпағанда, қала іргесіндегі Елек пен Сазды өзендерінің қазіргі жағдайын көргенде, жүрегің ауырады. Суға түспек түгілі, қараудың өзі қорқынышты. Суы сирағына жетпейді. Әйтпесе, жаз мезгілінде үлкен кеңістікте құлаштап жүзгенге не жетсін?! Бассейннің аты бассейн, жасанды, «өлі» су. Бірақ жоқтан жақсы. Сондықтан Ақтөбедегі экологиялық ахуал жақсарса, мұнымен бірге, көптеп бассейндер салынса деген тілегім бар.

Жүзудің пайдасы көп қой. Біздей шалдарға бой жазып сыртқа шыққанның өзі неге тұрады? Бассейнге барған күні ұйқың да жақсы болады, өзіңді сергек сезінесің. Мен сияқты мұнда келетіндер көп. Осында 81 мен 77 жастағы замандастарыммен танысып, өткен жылдары бір уақытта жүзіп жүрдік. Онымен көктемдегі карантинде орталық жабылып қалып, біраз уақыт үйде отырдық. Сондай кезде бассейнді кәдімгідей сағынады екенсің. Адам бір нәрсеге дағдыланып кетсе, одан ажырауы қиын. Тек бастаса болғаны, — деп күлді.

Бір қызығы, зайыбы екеуі 6 бала тәрбиелеп, бүгінде солардан тараған немерелердің қызығын көріп отырған Иман ата отбасынан өзінен басқа ешкімнің бассейнге бармайтынын, кейде тек көршілерінің салауатты өмір салтын ұстануда оған серік болатынын тілге тиек етті. Жүзуге келіп жүріп, бірталай жора-жолдас тапқан қариядан бұның спорт қана емес, қатарластармен әңгіме-дүкен құрудың жолы екенін білдік. «Кіреберісте буы будақтаған, ыстық кофе сатылады. Содан дәм татып, көзтаныстармен шүйіркелескеннің өзі бір ғанибет» деп ағынан жарылды ол.

Жексенбі күні ақысыз қызмет

2014 жылы құрметті демалысқа шығып, Алға ауданынан облыс орталығына қоныс аударған Иман Айбатшаұлы кейбір тұстастары туралы:

— Әр нәрсенің өз уақыты бар, соны қабылдай білу керек. Мысалы, өзім қалай зейнеткерлікке шықтым, бірден барлық уақытымды жан қалауыма арнадым. Талай жұмыс істеу мүмкіндігі туса да, бас тарттым. Балаларым өсті, үйім бар. Енді уақытты өзіме бөлетін кез жетті. Бассейнге, жаттығу залына барамын, бұл да денешынықтыру әрі ермек деген оймен бақшаға ала жаздай жеміс-жидектерді егіп, соны баптаймын. Басқа да мәдени шаралардан қалмауға тырысамын. Санаторий, демалыс орталықтарына да жолдама алып, өз-өзімді күтемін.

Шүкір, қазір заман түзеліп келе жатыр. Бұрын үлкен кісілер зейнетақысы жетпегеннен күзетші болатын еді. Басқа да қосымша жұмыстарды атқаратын. Ал бүгінде ондай адамдар сирек. Жеке басыма 120 мың теңге көлеміндегі зейнетақым жетеді. Астымда көлігім бар, сонымен қалаған жеріме барып-келемін. Бос уақытым болса, немерелерімді тасимын дегендей. Бірақ шетелдегідей жаппай бассейнге барып, спортқа ерекше көңіл бөлетіндер, саяхатқа шығып, өзін әрі қарай дамытуға күш салатын зейнеткерлер бізде өте аз. Керісінше, үйден шықпай, бар уақытын теледидар көріп, немерелерін бағуға арнайтын, тойға баруды демалыс көретіндер көп. Бұл нағыз демалыс емес қой, — деп сыр ақтарды ол.

Суда жүзетіндер арасында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып көрмеген кейіпкеріміз, есесіне, теледидардан көрсетілетін су спортынан ірі додаларды тамашалайды екен.

Өз кезегінде Ақтөбе қаласындағы ең үлкен бассейн — «Достық» су спорты орталығының басшысы Серікбол Нұралиннің айтуынша, оқушылардан тыс мұнда күніне 4 сағат абонементтерге қарастырылған. Кіру құны — 1 мың теңге. Ал зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік жасалады. Жексенбі күні бұл жерде қарттар екі сағат тегін жүзе алады. Аталған мүмкіндікті қалт жібермейтіндер аз емес көрінеді…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button