Басты бет » Білім » Ғылыми кеңес: алдағы жұмыс ауқымды

Ғылыми кеңес: алдағы жұмыс ауқымды

Жұма күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде  ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.  Жиынға жиналған университет проректорлары мен құрылым басшылары алдымен ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.

Көрмеде университеттің жас ғалымдары жылу электр станциясында қақ көмегімен өнеркәсіптік ағынды суларды тазарту жобасын ұсынды. Түйіршіктелген шлам негізіндегі тазарту технологиясын аймақтағы әртүрлі өнеркәсіптік компаниялар қолдана алады. Сондай-ақ бірегей офтальмологиялық пленка жасау жобалары, стартап жобалары, балалар университетінің жобалары, диатомит негізінде отқа төзімді кірпіш өндіру, қиярдың жаңа сорттарын өсіру,Абай шығармаларының көпфункционалды Web-қосымшасын жобалау және құру, тағы да сол сияқты үздік  ғылыми  жобалар көрмеде көрініс тапты.

Бұдан кейін күн тәртібінде университеттің 2020 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттері талқыланды. Жиын тікелей эфирде Zoom платформасында ұйымдастырылды. Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров білім ордасының халықаралық рейтингі жоғары журналдардағы мақалалар саны мен  PhD докторлардың және магистрлердің өткен жылдармен  салыстырғандағы өсу динамикасын атап өтті. 2020 жылы физика және металлургия кафедрасының төрт ғалымы «Қауымдастырылған профессор» атағына ие болған. Сонымен қатарҚ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде денешынықтыру және спорт, педагогика және психология, қазақ тілі мен әдебиеті, шетел филологиясы, экология, металлургия мамандықтары бойынша  PhD докторантураның 6 мамандығы, магистратура бойынша ағылшын тіліндегі информатика, дизайн, философия, музыкалық білім, сандық маркетинг,  электр энергетикасы  мамандықтары ашылды.

Кездесуге қатысқан «НИИ Батыс Экопроект» ЖШС өкілдері білікті кадрларды даярлауда  және өндірісті дамытуда ғылымның өндіріспен байланысының маңыздылығы туралы әңгімеледі.

Айта кетейік, 2020 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлікуниверситетінің ғалымдары өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, 160 миллион теңге көлеміндегі гранттарды жеңіп алған. Филология мамандығы бойынша  PhD  докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялық кеңес ашылып, математика мамандығы  бойынша  екі  диссертация қорғалды. Сондай-ақ университеттің Хирш индексі үш позицияға өсті.

Жиында Инновациялық технологиялар паркі базасында «Робототехникалық жүйелер», «3D модельдеу»,  «Бағдарламалау» зертханаларында жобаларды іске асыру, гранттық жобаларды қорғау және нейрондық жүйелеу бойынша математикалық анализдеу ғылыми-зерттеу зертханасын ашу,  Балалар университеті базасында Ақтөбе облысының мектеп оқушылары үшін қысқы және жазғы мектептерді ұйымдастыру, ҚР ҰҒА филиалын ашу және  тағы да басқа жаңа міндеттер алға қойылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.