Әкімдер есебі

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Дариға ИСМАҒАМБЕТОВАНЫҢ «2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» есебінің ТЕЗИСТЕРІ

2020 жыл бәріміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Коронавирус пандемиясы біздің өмірімізді өзгертті, басымдықтарды қайта бағалап, көптеген мәселелерге басқаша қарауға мәжбүр етті және біздің тағдырымыздың басты құндылығы — адамның өмірі мен денсаулығы екенін тағы бір дәлелдеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік аппаратты жаңғырту, мемлекетті нығайту, денсаулық сақтау, халықтың әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту және жаңа жағдайда экономикалық дамудың басым бағыттары айқындалды.

Жолдауда азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру — бәрімізге ортақ міндет» деп қойылған.

Тұрғындармен байланыс орнату және Астана ауданы әкімі аппаратының жұмысы мен іс-шаралардың өткізілуі жөнінде ақпарат тарату мақсатында http://astana.akt.gov.kz ресми интернет ресурсы, Instagram, фэйсбук әлеуметтік желілерінде ресми парақшаларында тұрақты түрде ақпарат жаңартылып, тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар қарастырылады.

Ақтөбе қаласы Астана ауданы бойынша құжат айналымы 4623 бірлікті құрады. Жеке және заңды тұлғалардан 171 өтініш тіркеліп, 25 азамат аудан әкімінің жеке қабылдауында болды.

Астана ауданының жалпы ауданы 0,9 мың ш.км. құрайды. Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерге сәйкес ауданның халық саны — 270 мыңнан астам адам.

САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛАУ

Инженерлік желілер инфрақұрылымы, абаттандыру және санитарлық тазалық мәселелерін үйлестіру мақсатында қалалық бөлімдермен бірлескен жұмыс ұйымдастырылды.

Аудан аумағында қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және қоқыс шығару жұмыстарымен «NEO PLUS» ЖШС айналысады. Аудан бойынша 190 контейнерлік алаң және 1348 контейнер орналасқан. 2020 жылы 60 контейнер қондырылды.

Аудан аумағындағы қоршаған ортаны және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында өткен жылғы 27 сәуір мен 1 маусым аралығында Ақтөбе қаласы әкімдігінің бастамасымен көшелерді санитарлық тазалау үшін 83 адам жұмысқа орналастырылды, онда 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, қалалық полигонға 3000 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Аудан әкімдігі және жергілікті полиция қызметінің мамандарымен бірлесіп абаттандыру ережелерін сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілді. 812 әкімшілік материал толтырылып, 51 адамға жалпы сомасы 2 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

АБАТТАНДЫРУ

Аудан аумағында жалпы ауданы 1,3 млн ш.м 60 сквер мен саябақ орналасқан, қызмет көрсетумен 2 мердігерлік ұйым («Самғау-2030» ЖШС, «Нұрлы Таң Ақтөбе» ЖШС) айналысады, мекеме қызметкерлері күн сайын оларды күтіп ұстау бойынша жұмыстар жүргізеді (аумақтарды жинау, жолдарды асфальтқа тығыз қатып қалған қардан, жол және тротуарлық борт тастарынан тазарту және т.б.).

Аудан аумағында 294 балалар алаңы орнатылған, оның 219-ы қанағаттанарлық жағдайда, 75-і (26%) жөндеуді қажет етеді. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 72 балалар алаңы, 39 спорт алаңы және 4 футбол алаңы орнатылды.

Өткен жылы Астана ауданы аумағында жаяу жүргіншілерге жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолдары (тротуарлар) салынды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру аясында және Ақтөбе қаласының құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында аудан аумағында 118 көп қабатты үйді қамти отырып, 250 аула — жарықтандыру тірегі орнатылды.

Аудан аумағында 201 аялдама павильоны бар, 80 аялдамада әйнек павильоны, поликорбанат — 30, металл павильоны бар — 29, павильоны жоқ 29 аялдама орналасқан. Ағымдағы жылы 23 аялдама павильоны жөнделіп (Сазды — 8, Құрашасай — 3 және Жаңақоныс — 12), сондай-ақ аудан аумағында 7 жылы  аялдама орнатылды.

ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕР

2020 жылдың қорытындысы бойынша Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4 тұрғын алаптарында электр желілерімен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Думан тұрғын үй алабында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, аяқтау мерзімі 2021 жылға жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 10 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 2691 жер учаскесі бар Думан, Бауырластар-3, Жаңатұрмыс тұрғын алаптарында 3 газжабдықтау жобасы және 4 мыңнан астам адамды қамтитын 1042 жер телімі бар Жаңақоныс-2 тұрғын алабында сумен жабдықтау құрылысы бойынша 1 жоба іске асырылды.

ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Астана ауданының аумағында ұзындығы 295062 м құрайтын 324 көше бар, оның ішінде асфальтбетон жабыны — 154 км, қиыршық тас жабыны — 20 км, топырақ жабыны — 120 км.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында аудан аумағында 2020 жылы 14 жоба іске асырылды, соның ішінде: қайта жаңарту бойынша — 2 жоба, күрделі жөндеу — 1 жоба, автомобиль жолдарын орташа жөндеу — 9 жоба.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ

Астана ауданы аумағында 1314 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 260 үй 659 лифтімен қамтамасыз етілген. Бұл үйлерде 96 ПИК, 372 кондоминиум нысандары және 190 үйге ерікті негізде қызмет көрсетіледі.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру жұмыстары сондай-ақ «Ақтөбе қаласының аумағындағы елді мекендерді абаттандыру қағидаларымен» танысу мақсатында ПИК төрағаларымен 286 кездесу ұйымдастырылды.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Ауданда 42 жалпы білім беретін орта мектепте 49870 оқушы оқиды.

Қашықтан оқытуға байланысты жаңа оқу жылының басына дейін байланыс операторларымен бірлесіп Құрашасай, Жаңақоныс, Жаңақоныс-2, Бауырластар-1,2, Сазды, Сазды-2 тұрғын-үй алаптарына интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

2020 жылы 2 мектепке (№1, №16) ағымдағы жөндеу, 6 мектепке (№19, 21, 26, 38, 33, 24) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Мектептерде үш ауысымдылықты болдырмау мақсатында Батыс-2 шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі — 2021 жылдың қыркүйек айы. Мектепте білім беру сапасын, қолжетімділігін жақсарту, мектептерде үш ауысымдылық мәселесін шешу мақсатында 2 (№17,№56) мектепте қосымша жапсырма салу құрылысы аяқталып, 2 (№23, №68) мектептерде  құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Мектепке жол» акциясы аясында 2 млн теңге көлеміндегі қаржыға демеушілік көмек көрсетілді. 102 бала қажетті оқу-құралдарымен және киім-кешектермен, сонымен қатар қашықтан оқытуға қажетті  планшеттермен қамтамасыз етілді. «Біз біргеміз» акциясын жүзеге асыру аясында 100-ден астам іс-шара өткізілді. «Антиковид-19» еріктілер тобының қатысушылары төтенше жағдай режимінде тұрғындарды бірінші қажеттілік құралдарымен қамтамасыз етті.

2020 жылы 7111 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда, оның негізгі мақсаты — өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз тұрғындарды белсенді экономикалық қызметке барынша тарту.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 56 нысанда 2144 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды және 4399 жаңа жұмыс орны ашылды. Қатаң карантиндік шектеу шаралары кезінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында 300-ден астам ақпараттық-түсіндіру материалдары таратылып, 18 адам жұмысқа орналастырылды.

«Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді курстарда 82 адам оқытылып, 28 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Екінші бағыты бойынша 2020 жылы 56 адамға  478,7 млн теңге көлемінде шағын несие берілді.

Үшінші бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 106 адам  жолданды, оның ішінде 52 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту бөлімімен бірлесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 39 азамат жұмысқа орналастырылды. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 208 адам жіберілді (студенттер — 88, жоғары сынып оқушылары — 120).

Астана ауданы бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 1727 отбасыға (8307 адам) тағайындалды. 9305 әлеуметтік пакеттер таратылды.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖӘНЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ

Астана ауданы бойынша кәсіпкерлік объектілер саны 32,8 мың құрайды. Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік саласында 1847 жаңа жұмыс орны құрылып, 28 инвестициялық жоба іске асырылды. Күн сайын «Анвар», «Дина» супермаркеттері, «Алтай», «Табыс», «Жилгородской» базарлары бойынша әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарына мониторинг жүргізіледі. Бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен 25 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы алқаптары 33563 гектарды құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер — 33379 га, егістік — 5683 га, шабындықтар — 15,0 га, жайылымдар — 19 996 га, суармалы жерлер —  21 га, тыңайған жерлер — 7 664 гектар және өзге де жерлер — 184 га.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны — 35, оның ішінде ЖШС — 3, шаруа қожалығы —  26,(Жаңақоныс – 8, Сазды-18), ауыл шаруашылығы кооперативі —  6, (Жаңақоныс-4, Сазды-2).

Ірі қара мал басының саны — 3816, жылқы — 528, түйе — 73, қой-ешкі — 7558, шошқа 675 бас құрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button