Пікір

Бір қалыпта шектеліп қалмауымыз керек

Үмбетқан СӘРСЕМБИН, философия ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Мемлекеттің дамуы алдымен оның саяси жүйесіне, уақыт талабына сай жүзеге асырылып отыратын реформаларға байланысты. Әлемдегі өзекті мәселелер мен жаңа өзгерістер жаңаша ойлауды, жаңаша әдіс-тәсілдерді қажет етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде осы мәселелерді шешу міндетін мемлекет алдына қойды.

Көне заманнан бері мемлекеттің даму ерекшеліктері елдің саясаты арқылы көрініп отырған. Саясат — қашан да қоғамды біріктіруші, дамытушы, оның мәдениетін жетілдіруші құралға айналуы тиіс. Сонда ғана мемлекет өзінің алдына қойған міндеттерін уақтылы және толық шешіп отырады. Мемлекет үшін басты байлық — адам, халықтың бейбіт өмірі, қолайлы тұрмысы. Бұның да жүзеге асуы ұлттың мүддесінің қорғалып, нығайып отыруымен көрінеді. Осыған байланысты ел Президенті Парламент алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтті. Ол — сапалы заңдарды қабылдау және оның өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуы.

Заң, саясат, саяси мәдениет, сапалы білім өркениетті қоғамның өзегіне айналған дүниелер. Заң дұрыс болмаса, саяси реформалар дұрыс жүзеге аспайды. Саясаттың жүзеге асуы білім мен мәдениетке тәуелді. Осы бір жалпыға ортақ мәнге ие игіліктердің  қоғамда толыққанды өмір сүруінің негізінде әділеттілік орнықпақ. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партиялардың, қоғамның саяси ұстанымын күшейту үшін алдағы уақытта сайлау жүйесіндегі заңдарға өзгерістер енгізуді тапсырды. Мемлекетке қоғамның баламалы пікірі де қажет. Қоғамның болашағына негізделген идея тұлғалық пайым мен қоғамдық зерденің негізінде орын алмақ. Пікір қайшылықтарын зерделеп, оның ішіндегі тәжірибені елдің игілігіне жаратып отыратын мемлекет болуы тиіс.

Президенттің бүгінгі жасаған үндеуінен түйетін ойымыз — еліміздің болашақ дамуы, тәуелсіздікті нығайту бір қалыппен шектеліп қалмауы тиіс. Мемлекетті нығайту да, оны басқарудың жаңа моделін енгізу де өзекті мәселенің бірі. Бұны жүргізілгелі отырған саяси реформалардың үлкен бір бөлігі деп айта аламыз. Соның ішінде маңызды дүниелердің бірі — ауылды көркейту. Ел экономикасының, оның төл мәдениетінің түбірі — ауылда. Қазіргі жаһандану заманында еліміздің экономикасының тірегі де осы ауылдың көркеюі болып қала береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button