Тарих

«Әлия — батыр қызы сен халқымның…»

ЗЕРДЕ

1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысы Новосокольники ауданындағы Казачиха биігіне бекінген жау әскерлеріне қарсы полковник  Н.Уральский басқаратын 54- атқыштар дивизиясының 4-батальонының құрамында Әлия Молдағұлова бар бөлімше шабуылға кірді. Мықты бекінген Казачиха биігін бетке алған бөлімше бірнеше рет шабуылға шығып, себелеген оқтың астында қалды. Осы арада ротаның командирі ауыр жарақаттанып, жауынгерлерді «Отан үшін алға!» деп қазақ қызы шабуылға көтереді.

Бұл — Әлияның соңғы ерлігі еді. Отан қорғаудағы ерен ерлігі үшін Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.  Міне, сол ерлікке 77 жыл толып отыр.

Ол Қобда өзенінің  ақкөбік  толқындарында  балалық  шағын өткізді. Ал Нева өзені жағалауында буыны бекіп, бойжетті…

Сонау соғыс  жылдарынан  бері батыр  есімін  ардақ тұтқан екі елдің жұртын  жалғаған   алтын көпір — халықтарға ортақ тағдыр, ортақ ерлік. Ол ешқашан ұмытылмақ емес.  Батыр туған өлкені алғаш рет 1965 жылы Ленинград қаласындағы Әлия оқыған №140 мектептің директоры Семен Синицкий бір топ оқушысын ертіп, іздеп келген болатын. Олардың сол сапары Әлияның кіндік қаны тамған жерде музейінің ашылуына себеп болды. Ленинградтық оқушылар қалдырған  Әлияның  есімі жазылған класс журналы, «Отан үшін» газетінде ол туралы басылған мақала мен фотосуреттер тарихи  тұрғыдан алғанда аса құнды деректер еді.

Ресейліктердің Әлияны ұлықтауға арналған сапары 1971 жылы Қобда өңірде қайта жалғасты.  Әлия  қару асынған №54 атқыштар бригадасының командирі, полковник Н.Уральский Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсынысты және батырдың  майдан даласында түскен суреттері мен құжаттарын тапсырды. Жергілікті халықпен кездесті, Әлия Молдағұлова туралы айтылмаған көп тарихи естеліктерді жерлестеріне жеткізді және туған  жеріндегі Әлия музейінің өз алдына ашылуына себепші болды. Н.Уральскийдің сапарынан кейін арада 13 жыл өткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дінмұхамед  Қонаев Әлияның туған жерінде болып, музейде қолтаңбасын қалдырды. Ел ағалары Әлияның командирі Н.Уральскийдің әкеліп тапсырған батыр туралы суреттері мен құжаттарына ерекше көңіл бөліп, ризашылықтарын білдірді.

Ал 1980 жылдардан бастап батыр туған топырақтан Әлия Молдағұлованы іздеуші жас ұрпақтар да шыға бастады. Алғашқы сапарды ұйымдастырған әлиятанушы Ғалымжан Байдербес болатын. Сол сапардан соң мәскеулік оқушылар батыр дүниеге келген жердің оқушыларын Мәскеу қаласында өтетін «Жас молдағұловашылардың слетіне» шақырады. Әлияның туған жерінен барған оқушылардың Мәскеудің Ждановское (қазір Выхино) метросынан №34 автобусқа ауысып мінгені,  автобус терезесінен Мәскеу көшелерін қызықтап келе жатқанда «Келесі — Әлия Молдағұлова  аялдамасы» деген  хабарламаны естіген сәтте бір-біріне қарап, бойларын ыстық сезім шарпып өткені бүгінде біз үшін әдемі естелік-әңгіме.

Алғашқы слет ұмытылмастай өтті. Оған Әлия Молдағұлова оқыған Орталық мерген әйелдер мектебінің ардагерлері, Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы №5 мектептің қызыл ізшілері, Мәскеудегі №73 мектептің, Новосибирскінің №63 орта-кәсіптік-техникалық училищесінің жас молдағұловашылары қатысты. Новосибирскілік оқушылар Әлия сияқты мерген қыздар жөнінде деректер жинастырып жүр екен. Қысқасы, осы слетке жиналған ұйымдардың қай-қайсысы да Әлия Молдағұлованың есімін қастерлейтініне көзіміз жетті. Слетте Н.Зайцева мектептегі Әлия музейінің жұмысы мен оның алдағы уақытқа арналған жоспарлары туралы әңгімеледі . Жастар А. Маликова, А.Тамбовская, В.Калугина, А.Васина, Н.Бутурова сияқты соғыс ардагерлерінің, бұрынғы командирлердің естелік әңгімелерін бар ынта-ықыласымен қызыға тыңдады. Бұл кісілердің көпшілігімен олар бұрын да хат жазысып тұратын.  Шынында олардың осы слеттегі сөздері өте әсерлі еді.

Мәскеуде болған аз ғана күндер балалар үшін өте маңызды болды. Олардың батыр апаларына деген сүйіспеншілігі, патриоттық-интернационалдық сезімі нығая түсті,  жаңадан  достар  тапты. Балалар, әсіресе, Мәскеуден және басқа қалалардан келген құрбыларының Әлия Молдағұловаға деген  сүйіспеншілігіне, қазақ халқына деген бауырмалдық көзқарасына риза болды. Бұл сапар оқушылар үшін өзіндік бір мектеп болды десек, артық емес.

Содан бері де жерлестері батыр туралы деректерді жүріп өткен жерлерінен іздестіруін жалғастыруда. Санкт-Петербургке, Мәскеуге, Псков облысының Новосокольники ауданына, Ярославль облысы Некрасов ауданы Вятск селосына, Казачиха даласы  мен  Маноковоға  бірнеше  мәрте  барып, туған жердің бір уыс топырағын батыр жерленген бауырластар  зиратына қосты. Осындай тынымсыз жұмыстың арқасында батырдың майдандас құрбыларымен кездесіп,  көптеген деректерге қол жеткізілді.

2010 жылы Әлия атындағы Мәскеудегі  мектеп  оқушылары мен Новосокольникиден ат  арылтып келген топ батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылындағы Әлияның туған үйінің орнына орнатылған саябақ пен мүсінін көріп, ауыл ақсақалдарының  естеліктерін тыңдады.  Батырдың туған жерін өз көздерімен көруге мүмкіндік берілгеніне қуанған  оқушылардың шын бақытты екенін жеткізген №891  мектептегі  Әлия мұражайының   жетекшісі Людмила Дежурова көп жылдардан бері Әлия  туралы деректерді  толықтыра түсу үшін Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдерімен, Әлияның туған өлкесі Ақтөбемен тығыз байланыс орнатуға тырысып жүргенін айтты.

Псков даласында Казачиха үшін шайқаста Әлияның жаны мәңгілік байыз тапқан Новосокольники жерінен де қонақтар батыр туған топыраққа жиі келіп тұрады. Батырдың туған жеріне арнайы делегацияны бастап келген Новосокольники қаласының мәдениет бөлімінің бастығы Галина Куркованың жанына жиналған ресейлік оқушылар: «Әлия батырдың туған жеріне келгеніміз біз үшін үлкен бақыт.  Ата-аналарымыз алыс сапарға көп ойланып жіберді. Осы жолы біз елімізге үлкен міндетті арқалап барамыз. Қазір жан-жағымызға, достарымызға, ата-аналарымызға, болашақта өзімізден кейінгі ұрпаққа батырдың еліндегі құрметті, ерлікке деген тағзымды, достық ықыласты жеткізу біздің парызымыз  екенін сезіп отырмыз»,— деген болатын.

Батыр  қыздың мәңгілік  байыз тапқан мекені, ерлікпен қаза тапқан аудан орталығы Новосокольники — көлемі  жағынан шап-шағын, жасыл желекке бөленген, әдемі  Удрай өзенінің жанында  орналасқан тамаша қала. Әсем де биік үйлері, мәдениет сарайы, екі мектебі бар көрікті мекен. Қаладағы ең бір көрікті жерге «Емендер» («Дубки») деп аталатын үш жағынан да бірдей  көрінетін биіктігі  7-8 метр шамасында қоладан салынған, басында пилотка, қолында мергендік винтовкасы  бар Әлияның мүсіні алыстан-ақ көз тартады. Бұл ескерткіштің авторы — Марат Әйнеков. Оны қазақстандықтардың қаражатына 1979 жылы тамыз айында орнатқан. Басынан гүл шоқтары кетпейтін бұл ескерткіш Әлия ерлігін айқындай түскендей.

Казачиха. Бұл деревняда болған кезде сол жағыңда — Октябрь теміржолы, оң жағыңда — Удрай өзені жатқан құлама жер биіктікке бет алғанда Әлияның  өзін өлмес өмірге бастаған соңғы ерлігі еріксіз еске түседі. Әлияның сүйегі алғаш осы Казачихаға жерленген. Казачиха деревнясының тұрғыны ардагер Евдокия Григорьевна Уситова өз естелігінде  1965 жылы Әлия Молдағұлованың сүйегін Маноково бауырластар зиратына қайта жерлеу шарасына қатысқанын айтады.

Осы  маңдағы келесі  бір ерліктің  шежіресі  — Маноково биіктігі. Оны алу үшін кескілескен ұрыста 2500 адам оққа ұшқан. Оларға  арнап үлкен монумент ескерткіш қойылған. Бұл ескерткіш — бауырластар зираты. Осы ескерткіштің ту сыртында көптеген кішігірім құлыптастар бар. Үлкен мәрмәр тасқа ойылып: «Бұл жерде Кеңес Одағының Батыры,  қазақ халқының аяулы қызы  Әлия Молдағұлова 1944 жылы 14 қаңтарда ерлікпен қаза тапқан» деген сөздер жазылған. Бұл маңда Әлияны білмейтін адамның жоқ екеніне көз жетті. Оның есімі ауыздан-ауызға  таралып, барлығы да  «біздің  Әлия»  деп сөйлейді.

2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына орай батыр жерленген жердегі кешенді қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл игі іске павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағы ұйытқы болды. Кремль қабырғасының бір бөлігі тәрізді «Даңқ» мемориалы орнатылған. Оған сонда жерленген барлық жауынгерлердің  аттары жазылып,  20 гранит тақтайша қойылған.  Әскери «Даңқ» мемориалдық композициясында Кеңес Одағының Батырлары қазақ қызы Әлия Молдағұлова мен латыш Ян Райнбергке  арналған гранит стела ерекше көз тартады. Биіктігі кісі бойындай  бұл екі гранит  құлпытастың  әрқайсысының салмағы — 600 килограмм.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Даңқ» мемориалын Кремль қабырғасының үлгісі түрінде тұрғызылуында  өзіндік мән бар. Сол жерде қаза тапқан жауынгерлер өздерінің  жанқиярлық ерлігімен Кремльді қираудан және басып алудан аман алып қалған болатын.

Ресей жерінде «Майдан жолы» тобының ұйытқы болуымен тындырылған жұмыс көп. Казачиха ауылы маңында Әлия көз жұмған жерге де белгітас қойылған.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмұханбетқызы Молдағұлованың өмірі мен ерлігін насихаттау мақсатында Қазақстан мен Ресей жерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар өте көп. 2018 жылы наурыз айында соғыс жылдарында, 1942 жылдың наурыз-сәуір-мамыр айларында Әлия оқыған Ресейдің Ярославль облысы Некрасов ауданы Вятск орта мектебіне Әлия Молдағұловаға арналған естелік тақта орнатылды және мәскеулік жазушы Дарья Тимошенконың «Последний бой Алии Молдагуловой » атты кітабының тұсаукесері өтті. Ал 2020 жылы Вятск мектебінде ашылған Әлия Молдағұловаға арналған музей мен осы мектепте 2019 жылдан бері батырдың құрметіне арнап өткізіліп келе жатқан әскери-патриоттық турнирге міндетті түрде тоқталуымыз керек.  Ресей жерінде өтіп жатқан Әлия Молдағұловаға арналған шараның мақсаты — жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және осындай шаралар арқылы екі ел арасындағы байланысты нығайту.

Бостандық пен бақыт жолында өз өмірін қиған Әлияны бүкіл ел мәңгі есте сақтап, мақтан етеді. Осы құрметті көргенде оның жерлестері үлкен қуаныш сезіміне бөленеді. Әлия ерлік жасаған, мәңгілік байыз тапқан Ресей жерінің тұрғындарының оған деген махаббаты ұшан-теңіз екендігін, оның жарқын есімі  мен ерлігін қымбат тұтатындарын өз көздерімен көріп, төбелері көкке жетеді. Ерлікке құрмет, елге құрмет туғызады  екен.

Бағдаш ТУПЕНОВА,

облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру

орталығының директоры.

ҚР Мәдениет қайраткері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button