Басты жаңалықтар

Аманғостың  бетон сақиналары

Ақтөбе қаласының тұрғыны Аманғос Жайылханов бұған дейін күніне 4 мың теңгеге жалданып, құдыққа бетон сақинасын жасайтын. Былтыр ол мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін бастап, бүгінде құдыққа қажетті сақинаның әр данасын 17 мың теңгеден сатып отыр. Аманғос жасаған тауарға сұраныс та жоғары.

Төрт қалыптан басталған шаруа

Шалқар ауданының Жаңақоныс ауылдық округіне қарасты Аққайтым ауылынан 2001 жылы Ақтөбе қаласына отбасымен қоныс аударған Аманғос Жайылханов бүгінде ағасының атына жазылған саяжай учаскесіндегі үйлердің бірінде тұрады. Былтыр тамыз-қараша айлары аралығында ол құдыққа бетон сақиналарын жасау үшін жеті сотық жерде жемісті еңбек етті.

Ешқандай мамандығым жоқ. Күніне 3500-4000 теңгеге бетон сақинасын жасап, үш жылдай жалданып құрылыс саласында еңбек еттім. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетілетінін бұған дейін естіп-біліп жүргенім болмаса, ниет етпедім. Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгенмін. Содан былтыр «Бастау» жобасы арқылы оқуға шақырту түсті. Қуана-қуана келістім. Пандемияға байланысты екі апта онлайн оқып, нәтижесінде сертификат алдым. Бизнес жаттықтырушылардың кеңесімен бизнес-жоспарымды құрып, оны сәтті қорғап, жарты миллион теңгеден астам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткіздім, — дейді бүгінде «Айару» жеке кәсіпкерлігін құрған Аманғос Жайылханов.

Бұрыннан өзіне таныс кәсіппен шұғылдануға бел буған Аманғосқа іс бастау қиынға соқпапты. Ол грант қаражатына құдыққа арналған бетон сақиналарын жасайтын 4 қалып сатып алған. Оның әрқайсысы 39 мың теңге тұрады.

Сақина жасау сәуірде басталады

Аманғостың айтуынша, бетон сақиналар стандартқа сәйкес жасалады. «Шығарып жатқан сақиналардың ішкі диаметрі — 1,50 сантиметр, ал сыртқы диаметрі — 1,70 сантиметр. Биіктігі — 90 сантиметр. Бір сақинаны жасауға 2 қап цемент қажет. Қазір цементтің бағасы қымбат. Оның үстіне құрылысқа қажетті бұл өнім өзімізде өндірілмейді, сырттан тасымалданады. Мәселен, былтыр тамыз-қараша айларында  бір қап цементтің бағасы 1800 теңгеге дейін бағаланды. Біз цементтің сапасына ерекше мән береміз. Қарағандыда шығарылатын цементтің сапасы нашар. Сондықтан Ресейде өндірілген цементті алуға тырысамыз», — дейді іскер жігіт.

Ол былтыр өз шаруасын тамыз айының соңында бастаған. Себебі грант қаражаты қолына сол уақытта тиіпті. Аз уақыттың ішінде 100-ден астам бетон сақинасын шығарған Аманғосқа жан-жақтан тапсырыс көп түскен. Оған тапсырыс беретіндердің дені — жеке үйлер мен монша салушылар.

— Салқын түскеннен кейін бетон сақинасын шығарудың қажеті жоқ. Сапасыз болады. Күн қызған шақта цемент құйылған сақина тез кебеді. Бұл кезде бас-аяғы екі күнде өнімді тапсырыс берушіге жеткізіп береміз. Бұйырса, биыл бұл шаруаны сәуірде бастамақпын. Мен әрбір сақинаны 17 мың теңгеге сатамын. Бұл қаражат кеткен шығынды толық өтейді әрі үстінен пайда да көремін, — дейді Аманғос.

Кран-манипулятор қажет

Былтыр Аманғостың өніміне аудандардан да тапсырыс көптеп түскен. Жақын жер болмаса, алыс аудандарға бұл өнімді жеткізу әзір мүмкін емес. Себебі ол үшін арнайы кран-манипулятор қажет.

Бетон сақинаны тиеп, құдыққа орналастырып беретін кран-манипулятор болады. Бүгінде оның нарықтағы бағасы — 8-10 миллион теңге. Былтыр осы техниканы екінші деңгейлі банктер арқылы жылдық үстемеақысы 6 пайызбен алуға оқталғаныммен, кепіл мүлікке қойған үйім талапқа сәйкес болмай шықты. Бетон сақина жасаушылар тапсырыс берушілерге өнімді өздері жеткізіп беруге тиіс. Осы техниканың күшімен дайын бетон сақинасын қазған жерге орнатып беру — біздің міндетіміз. Сондықтан былтыр бұл техниканы жалдауыма тура келді, — дейді кәсіпкер жігіт.

Нығайтқыш тор немесе берік құрылғы

Бетон сақина жасау үшін сапалы цементтен басқа, қайыр құм мен қиыршықтас қажет. Кәсіпкердің айтуынша, құм мен қиыршықтастың бағасы да шарықтап тұр. Былтыр қала маңындағы Кірпішті ауылынан Сүт зауыты ауданындағы саяжай учаскесіне бір «КамАЗ» қайыр құм 17 мың теңгеге, ал осы мөлшердегі қиыршықтас 20 мың теңгеге жеткізілген. Аманғостың айтуынша, осындай мөлшердегі құмнан 13-15 дана бетон сақинасы шығарылады.

Талап бойынша бетон сақинасын сапалы жасауда үш күрек қайыр құмға бір күрек цемент пен осы мөлшерде қиыршықтас қосылады. Сақинаның арнайы құлақтарына дейін жасап, арасына нығайтқыш тор салынады. Тор — бетон құрылғысының беріктігін қамтамасыз етеді. Бұл құрал Ақтөбе қаласындағы сауда нүктелерінде сатылады. Бір бетон сақинасын жасау үшін 6 нығайтқыш тор қажет. Оның ұзындығы — 2 метр, биіктігі — 40 сантиметр. Мен темір тордың әр данасын 250 теңгеден сатып аламын, — дейді Аманғос.

«Цех ашып, тендерге қатысқым келеді…»

Аманғос пен оның жұбайы Мейрамгүлдің шаңырағында төрт қыз тәрбиеленіп жатыр. Алды медициналық колледжде оқиды. Бүгінде жасы қырықтан асқан Аманғос Ақтөбе қаласындағы Бауырластар-3 тұрғындар алабынан берілген 10 сотық жерге үй салып, бетон сақинасын шығаратын арнайы цех ашуды да жоспарлайды.

Саяжай учаскесіндегі 7 сотық жер кран-манипулятордың еркін кіріп-шығуына тарлық етеді. Оның үстіне бір күнде он шақты бетон сақинасын жасап шығарамыз. Оны кептіруге де жер керек. Сондықтан жұбайымның атына берілген Бауырластар-3 тұрғындар алабындағы 10 сотық жерде арнайы цех ашу ойымда бар. Бұл жобамды  жүзеге асыру үшін биыл тағы да мемлекеттік бағдарламаға қатысқым келеді, — дейді ол.

Аманғос былтыр аз уақытта азын-аулақ қаражат жинап та үлгерген. Енді биыл сол қаражатқа өз үйінің іргетасын қаламақ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әзірге Аманғосқа жеке тұлғалардан ғана тапсырыс түседі. Ол алдағы уақытта ірі тендерлерге қатысып, аймақтағы кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс жасағанды қалайды.

Былтыр Аманғос Жайылханов екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Биыл да биржа арқылы жұмыссыздарды қасына көмекке алып, оларға жұмыс ұсыну ойында бар.

P.S. Былтыр аймақта 1400-ден астам адам «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Соның 1006-сы — Аманғос Жайылханов сияқты өз ісін бастағандар. Жобаға қатысқандардың 1260-сы — жұмыссыз. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, бизнес бастаушылардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына икемделген. Әсіресе, мал, құс өсіру, омарта шаруашылығымен шұғылданып, жылыжай ашуға кіріскен. Сонымен қатар шаштараз, сұлулық салоны, ателье мен қоғамдық тамақтану орындарын ашқандар да көп. 

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button