Amanat партиясының мүшелері «Таза Бейсенбі» акциясына атсалысты


Ақтөбе облысындағы партиялықтар «Таза бейсенбі» акциясы аясында соғыс қаһармандарына арналған және тарихи маңызы бар ескерткіштерді, мемориалдық кешендерді абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Облыста мұндай ескерткіштердің саны 800-ден асады.
«Сарыжар» бастауыш партия ұйымының мүшелері Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылындағы ҰОС ардагерлерінің құрметіне орнатылған монумент маңына тазалық жұмыстарын жүргізді. Ауылдың «Жеңіс» көшесінде орналасқан ескерткіш жетпісінші жылдары салынған. Жаңғырту жұмыстары соңғы рет 2009 жылы жүргізіліпті.
– Стеллада Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырлардың есімдері бар. Ескерткіш ауылдың жалғыз саябағында орналасқандықтан бұл жерге тұрғындар көп келеді. Сондықтан да бастауыш партия ұйымының мүшелерін тартып, акция аясында ескерткіш маңын тазалау, сырлау, әктеу, бұтақтарды кесу жұмыстарын қолға алып отырмыз, – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин.
Шалқар ауданындағы партия мүшелері «Есет-Дәрібай» кесенесінің маңын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Шараға бастауыш партия ұйымы, «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері және аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері жұмылдырылды.
«Есет-Дәрібай» кесенесі – Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енген, XIX ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына тұрғызылған. Кесененің бірінші нұсқасы 1890 жылы шикі және күйген кірпіштен күмбезбен өріліп, 1993 жылы заман талабы бойынша ұлттық нақышта қайтадан салынды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Жарылғасын Шамбалаевтың айтуынша, мұндай шаралар тарихты ұмытпауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Меңтай Бектұрсынова.






