Жаңалықтар

Ақтөбелік кәсіпкерлер және инвесторлар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді көтерді

Өңір басшысы Асхат Шахаров пен облыс прокуроры Марат Әбішев жергілікті кәсіпкерлер және инвесторлармен кездесті.

Кездесуге құқыққорғау және қадағалау органдарының басшылары, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты. Ашық диалог барысында бизнес-қоғамдастықты толғандыратын өзекті мәселелер қаралды.

Облыс әкімі өз сөзінде билік пен бизнестің өзара іс-қимылының маңызын атап өтті. Шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру – тұрақты бақылауда. Әсіресе, әкімшілік кедергілерді жою және өңірде қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Асхат Шахаров биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 12,5 млрд теңге бөлінгенін алға тартты. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 166 жоба қолдауға те болды, оның 26%-і  – ауылдық жерлерде. Жыл соңына дейін тағы 2000-ға жуық жобаны қолдау жоспарлануда.

Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар шара іске асырылуда. Бұл бағытта 35 субъект тіркелген. Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласында «Өркен-2» өңірлік жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы басталады, оны іске асыруға 1 млрд теңге бөлу көзделген.

Кездесу барысында кәсіпкерлер Ақтөбе әуежайы аумағында жұмысын бастаған арнайы экономикалық аймақ бойынша ақпарат алды.

Ақтөбе облысы прокуратурасының 3-ші басқармасының бастығы Асланбек Сәбитов бизнестің құқын қорғау туралы мәліметпен бөлісті. Жыл басынан бері прокурорлар 200-ден астам кәсіпкермен кездесу өткізген. Қадағалау іс-шараларының нәтижесінде 315 кәсіпкердің құқығы қорғалды, 35 дерек бойынша прокурорлық ден қою актілері жасалды, 14 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 8 тәртіптік жаза шығарылды. Сонымен қоса, тарифтерді қайта қарау бойынша 21 инвестордың құқығы қорғалған.

«Біз әрқашан бизнес-қоғамдастықпен диалогқа дайынбыз. Ел Президенті инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті дамыту және әкімшілік кедергілерді жоюды нақты атап өтіп, басымдық берді. Өз тарапымыздан әрбір инвестор, әрбір кәсіпкер барлық деңгейде қолдауды сезінуі үшін жұмыс істейміз. Сіздерді тыңдап,  шешімдерді бірлесе табу өте маңызды. Кез-келген бастама, бизнес қаққан дабыл – бұл жедел әрекет етудің себебі. Тек бірлесу арқылы біз өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз.

Сондай-ақ, өндірістік жүктемесі төмен отандық тауарөндірушілерді қолдау, кәсіптерін алға жылжыту жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдадық. Бұл бізге экономикаға жаңа резервтерді тартуға және жергілікті бизнесті қолдауға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.

Облыс прокуроры Марат Әбішев заңдылықты қамтамасыз ету және бизнес құқықтарын қорғау қадағалау органдарының жұмысында үнемі басты талап болып қала беретінін тілге тиек етті.

«Біз тұрақты және болжамды құқықтық орта кәсіпкерлікті дамыту әрі инвестициялар тартудың негізі екенін түсінеміз. Жыл басынан бері кәсіпкерлермен 200-ден астам кездесу өткіздік және әрбір осындай диалог – бұл бизнестің нақты проблемаларын естіп, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз өзара іс-қимылға әрқашан дайынбыз және кәсіпкерлерді тікелей жүгінуге шақырамыз. Бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды», – деді Марат Әбішев. 

Кездесуді қорытындылай келе, өңір басшысы мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өтетінін алға тартты. Кәсіпкерлерді бизнесті дамытуға бағытталған ұсыныстарды қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды, сонымен қоса, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде барлық қажетті көмекті көрсетуге әзір екендігіне сендірді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button