Пікір

Тарихымызды түгендеуге бағыт береді

Әбдісағи МҮТӘЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

баспасөз саласының ардагері.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан ең алдымен ұлтқа жанашырлықты, өткеннің ащы сабақтарын ақиқатымен алға тарта отырып,  соны тереңдетіп зерделеу қажеттігін ұғындық.

Мақалада «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі —1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді» деп атап көрсетілді. Сонымен бірге, тарихымыздың осы ақтаңдақ беттерінің әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқаны айтылды.

Шынында да өткенімізді зерделеп қарасақ, қызыл империяның қаһарынан қорыққан қазақтар «балапан басына, тұрымтай тұсына» деп жан сақтау үшін шекаралас солтүстіктегі Ресейге, Моңғолияға, Қытайға, түстіктегі Өзбек, Тәжік, Түрікпен асып, одан әрі Ауған, Иран, Түркия жеріне босып кеткен. Қытай мен Моңғолияға кеткен қазақтарды кері шақыртып алып, бақилыққа жіберген. Ал елден қашуға әрекеттенгендерді шекараға жеткізбей атып үлгерген.

Ресми деректерге жүгінсек, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі жылдары Ресей мен Моңғолияға 15 мың түтін, бұрынғы Семей, Шығыс Қазақстан, Талдықорған облыстарынан Қытайдың Құлжа даласына көптеген қазақтар қоныс аударған. Ал 1927-1929 жылдары бір миллион адам қуғын-сүргінге  түскен. Кеңестік жазалаушы органдар, әсіресе ауқатты шаруаларға есеңгірете соққы берген. Бір миллионнан астам шаруалар жер аударылған. Қарапайым халық ауыр күйзеліске түскен. Аш-жалаңаш, жоқшылықтан, қуғын-сүргіннен көптеген қазақтар республикадан тыс аймақтарға кетуге мәжбүр болған.

Біздің өңірден 1918 жылғы атаман Дутов пен қызылдардың қанды қырғыны өршіп тұрған кезде батырлығын ел таныған  Жанай Ережепұлы ауыл-аймағымен Өзбекстан арқылы Ауған жеріне өтіп кеткен. Жанайдың аталасы, колхоз құрылысының ардагері, Нұра өңірінде дүниеге келген Кәрі Қарауылбекұлының айтуынша, Жанай батыр Ресей отаршылдарына қарсы күрескен. Серғали Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітабында Жанайды Қоқан хандығына қарсы күрескен деп көрсеткен. Серағаң Жанайдың орыс отаршылдарына қарсы күрескенін жақсы білген. Бірақ Кеңес үкіметінің тұсында оны айтуға  мүмкіндік болмаған. Жанай батырдың шөберелері Рүстем 1979 жылы Ауған жерінде, Әміржан 1990 жылы 86 жасында Иранда көз жұмған.

Міне, қазақ ұлты бастан кешкен қуғын-сүргіннің бір нақты мысалы — осы.

Ырғыздық Сембай Төлегенов елдегі қуғын-сүргін мен қайғылы оқиғаларға байланысты «Түрі қалай болып барады заманның, Күн сайын үрейі ұшты адамның, Байды құртып, тимейді деп еді кедейге. Сорлы кедей тонын кидің ағаңның. Екі-үш қара малың болса қолыңда, Жоспар түсіп ілгергіге саналдың. Сауар сауын, мінер атың ада боп, Білмей қалдың, қайда қаңғып барарың», — деген өлеңі үшін айыпталып сотталған.

Президентіміз айтып отырған «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс» деген ақиқаттың бір суреті нақ осы өлеңде тұр. Сондықтан да тарихшыларымыз бұрынғы кеңестік кезеңдегі пайымдауларға бүгінгі тәуелсіздігіміз тұғырынан қараса, көптеген шындыққа көзіміз жете түсер еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button