Пікір

Берік байлам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқи отырып, берік байлам етіп алуға лайық тұстары өте көп екенін байқадым. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәселесін көтергені ерекше ұнады.

Ел Президенті қазақ тілін білмейтін қазақстандықтарға үндеу жасап, «мемлекеттік тілді білу — Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», — дегенін айрықша атап өту керек. Бұл өте дұрыс деп білемін.

Өзім орыс сыныбына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретіндіктен, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны үйрету мұғалімнің де міндеті екенін білемін. Осы орайда мектебімізде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді насихаттау, меңгерту мақсатында көптеген тәрбие сағаттары, сыныптан тыс сабақтар жиі өткізіліп тұрады. Нәтижесі жоқ емес. Шынымен ынтасы бар кез келген адам қазақ тілін қиындықсыз игереді. Мысалы, былтыр бастауыш орыс сыныптары арасында ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай онлайн-эстафета өткізіп, өлеңдерін жаттатқанымда, балалардың қазақ тіліне, әдебиетіне деген қызығушылығын байқадым. Тақылдап тұрып айтып берді.

Оқимын, үйренемін деген адамға интернетте де мағлұматтар көп. Сондықтан түрлі сылтауды қойып, мемлекеттік тілді жаппай меңгерейік дегім келеді. Әйтпесе өзің тұрып жатқан еліңнің тілін білмеу — ұят. Мемлекет басшысының да мақаласында осы мәселені көтеруі өте орынды.

Елдің жарқын болашағы — білімді жастардың қолында. Осы тұрғыда ұстаздарға қойылатын талап та жоғарылады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, алған білімін шынайы өмірмен ұштастырып, оны дүниежүзілік бәсекe жағдайында қолдана алуына мүмкіндік жасауы керек. Ол үшін әр педагог оқушыларына қазақтың тілін, таным-түсінігін, мәдениетін сабақ барысында қоса сіңіруі керек.

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button