Денсаулық

Мемориалды тақта ашылды

Тағзым

Кеше ақтөбеліктер Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, қоғам қайраткері, ұстаз, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы болған Ізбасқан Аймағамбетовті еске алды. Марқұм тірі болғанында 80 жасқа толар еді… Дәл туған күнінде кәсіпкер Қайырғали Арыстанғалиев, денсаулық сақтау саласының ардагерлері Ізімғали Көбенов, Роман Рахиев бастаған бір топ азаматтың бастамасымен, жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен 1978-2013 жылдар аралығында өзі еңбек еткен облыстық аурухананың қабырғасына ілінген мемориалды тақта ашылды.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына марқұмның туысқандары, ауылдастары, шәкірттері, қызметтес болған әріптестері, дәрігерлер қатысты.

Еске алу шарасын бастаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев бар өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған, өз ортасында өте сыйлы болған Ізбасқан Нұрадинұлымен 1997 жылы қызметтес болғанын, бірнеше кітаптардың авторы, көптеген шәкірті бар ұстаз екенін тілге тиек етті.

Ал Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сейсенова: «Тақтаны ашудағы мақсатымыз — марқұмның қоғам үшін істеген істерін жастарға үлгі ету, бұл осы жерде еңбек етіп жүрген жас дәрігерлерге  де тәлім-тәрбие болады деген сенімдеміз. Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде дәрігерлердің еңбегінің қандай екенін көрдік. Дәрігерлер аман болсын!» — деген тілек айтты.

Марқұмның әріптесі, дәрігер, «Құрмет» орденінің иегері Жақсылық Қасымов:

— Ізбасқан Нұрадинұлының мамандығы дәрігер болғанымен, әр салаға қатысты маңызды мәселелерді көтеріп жүретін азамат еді. Оның сол деңгейі Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаттығына алып барды. Сол мәртебеде жүргенде ол екі рет Президенттің сенімді өкілі болды.

Ізбасқан Нұрадинұлы әр уақытта өзінің жұмысқа деген жауапкершілігін кішіпейілділігімен, азаматтығымен ұштастыра білді. Облыстық ауруханада бас дәрігер болған кезде әр ауданның болашағы, өсу жолы, медицина саласының жетістіктері, кемшіліктері — бәрі осы жерде талқыланатын еді. Кемшіліктерді көрсету арқылы біздерге жауапкершілік жүктеп, соны түзететін едік. Әр ауданның  денсаулық сақтау саласы жүйесін бес саусағындай білетін еді. Сондықтан да Ізбасқан Нұрадинұлын облыстағы ақсап жатқан аурухананы басқаруға жіберетін. Жүрген жерлерінде еш аянбай еңбек етті. Алла тағала жатқан жерін жайлы етсін! — деп еске алды.

Одан кейін де бірнеше азамат марқұмды еске алып, сөз сөйледі.

Мемориалды тақтаны салтанатты түрде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев, марқұмның әйелі Надежда Аймағамбетова, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова ашты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button