Арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да — Желтоқсан

Әділкерей ӘУЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Дүниежүзілік өркениет кеңістігіндегі халықтар өз тарихын зерттеп, мәдениеті мен әлеуметтік болмысын қалыптастырып, дамытып, болашақ жас ұрпаққа жеткізуді басты ұстаным етіп отырады. Біздің тәуелсіз еліміз де осы ұстанымды әр кез ескеруде. Ұлт тарихы қалыптасып, тәуелсіздік жылдарында жазылған жаңа тарихымызда талай ақтаңдақтардың беті ашылды. Сондықтан бұл тарихымыздың жазылуында әртүрлі көзқарастар мен тұжырымдардың болуы да заңды құбылыс. Тәуелсіздік тарихының алғашқы беті жазыла бастағанына да отыз жыл толғалы отыр. Осы кезең аралығында да еліміз бірқатар тарихи оқиғаларды басынан өткерді. Осы уақыт ішінде «Мен қазақпын!» деп кеуде керіп айтатын заман орнады. Өткенге көз сала отырып, болашағымыз қандай болмақ деген ой кез келген қазақ азаматын мазалайтыны рас. «Тарихшы ғалымдардың есептеуінде қазақ халқы Ресей отаршылдығына қарсы 300-ге жуық ірілі-ұсақты азаттық қозғалысқа шыққан. Соның бәрін де дүлей күш аяусыз басып-шаншып,қанға тұншықтырып отырған» (М.Жолдасбеков. Шың мен шыңырау. Астана, 2002, 85-бет)
Осындай оқиғасы бар тарихымыздың тағылымына талдау жасауда ерекше тоқталатынымыз — Желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан оқиғасының сол кездегі өктемшіл өкіметтің қазақ халқының сағын сындыруға бағытталған саясат екенін білеміз. Жастардың «Қазақ ұлтын кемсітуге жол бермейміз!» деп ұрандап алаңға шығып, Мәскеуден әділдік талап етіп, Кеңестік биліктің өктемдігіне, тоталитарлық-әміршілдік жүйеге қарсылық көрсеткен қозғалысына биыл — отыз төрт жыл. Осы уақыттың ішінде дүниежүзінде көп оқиға болып, көп дүние өзгеріске ұшырады. Мен де осы оқиғаға қатысты көп ойланып,толғандым. Желтоқсан оқиғасына қатысты қаншама кітаптар мен мақалалар шықты, мүмкіндігінше сол пікірлер мен тұжырымдарды өз ой елегімнен өткізіп келемін. Себебі мен де сол оқиғаларды көзбен көрген буынның өкілімін.
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Атажұрты бұқара,
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп, — деп Асанқайғы жырлағандай, қазақ жастарының бодандыққа қарсы жойқын бұлқынысының нақты қалай болғанын айтуды жөн санадым.
Мен ол уақытта Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының 3-курсында оқимын. Партия қатарындамын және институттың комсомол комитетінің бюро мүшесімін. Топ старостасы болып қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген кезім. Мен оқыған институттың оқу ғимараты да, жатаханалары да «Желтоқсан оқиғасы» болған Л.И.Брежнев атындағы алаңнан қашық емес еді. Бәріміз білетіндей, Желтоқсан оқиғасының басталуына 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің он сегіз минутқа созылған Пленумында Мәскеудегі Орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан, Қазақстанды жиырма екі жыл басқарған Д.А.Қонаевты орнынан алып, Ресей Федерациясының Ульянов облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Г.В. Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.
1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат сегіздер шамасында Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында жүздей адам жиналған, кешке қарай шерушілер саны 25-30 мыңға жетті. Алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. «Қазақстанға — қазақ басшы!», «Әр халыққа — өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениетінің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айтып қалуға тырысты. Бірақ шерушілердің қойған талап-тілектері аяқасты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша бейбіт шерушілердің қозғалысы қатыгездікпен басып-жаншылды. Қазақ жастарына қарсы Ташкент, Тбилиси, Мәскеуден арнаулы әскерлерді дереу жеткізді. Арнайы күрек, қатты резинкадан жасалған арнайы сойыл секілді қарулармен жабдықталған солдаттар жастарды басып-жаншуға барын сала кірісті. Күннің аязына қарамастан өрт сөндіретін машинамен су шашты. Бұл операцияның қалай жүзеге асқаны, қандай мақсатпен дайындалғаны ақын Мұхтар Шаханов аға бастаған зерттеу комиссиясында тексеріліп, комиссия қорытындысы дүйім халыққа жарияланды. Жастардың бейбіт шеруін басып-жаншу Кеңес Одағын көбірек демократияландыру, халықты ел басқаруға көбірек араластыру жөнінде «қайта құру» және «жариялылық» науқандарын бастап отырған М.С. Горбачевтың саясатына қайшы еді. Негізінде қазақ жастары оның сол саясатына сеніп, демократиялық көзқарастарын атап өту үшін алаңға жиналған. Кейін Кеңестік үгіт-насихат органдарының бұрмалап айтқанындай, ол «қазақ ұлтшылдығы» пиғылындағы әрекет емес еді. Бірақ Мәскеудегі билік мұны көргісі де, түсінгісі де келмей, қазақ жастарының бейбіт демократиялық қозғалысын күшпен, қанмен жаншуға ойысты. Алаңда жиналғандарға қарсы сапер күректері, талағыш иттер, өртсөндіруші машиналар, бронды транспортерлер жіберілді. Мыңдаған адам ұсталып, қамауға алынды, уақытша ұстау камераларына сыймағандарды машиналарға тиеп, қала сыртына апарып, иттерге талатып, соққыға жығып, үсті-үстіне әкеліп, тастап кетіп отырды. (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған деген дерек бар). Оқиғадан соң қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 100-ге тарта адам сотталды, 300-дей студент оқудан, көптеген жастар жұмыстан шығарылды. Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.

Желтоқсан оқиғасы 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері ғана болған екі күндік қозғалыс емес еді. Ол — Кеңес Одағының күйреу себептерінен бірі болып, әлемдік тарихта терең із қалдырған күрделі процесс. Осы уақиғалардың әлемдік тарихтағы маңызы — қазақ жастарының тек қазақ халқына ғана емес, Кеңес Одағындағы өзге халықтарға да Компартияның орынсыз шешімдеріне қарсы ашықтан-ашық қарсы шығуына болатынын көрсетуінде. Өйткені осы оқиғалардан кейін Қавказ, Балтық жағалауы және өзге Кеңестік аймақтарда халықтар Мәскеуге қарсы жаппай шерулерге шығып, демократиялық хақ-құқықтарын, азаттықты, тәуелсіздікті талап ете бастады. Бұл Кеңес Одағының ыдырауына әкеліп соқтырған қозғалыс болды.
Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» — деген еді. Қазақстандағы 1986 жылғы қазақ халқы жастарының серпілісі азаттық қозғалысы шежіресіндегі ең бір жарқын белес болып табылады. «Желтоқсан көтерілісі — ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы бодандықта бола отырып, азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әртүрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі», — дейді Мұхтар Шаханов.
Ақтамберді жырау:
— Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен.
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Балталасаң да айырылман.
Сыртым құрыш, жүзім болат,
Тасқа да салсаң майырылман! – деп жырлағанындай, халқымыз бордай тозып, жоқ болып кетпей «тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған» нағыз ұлы халық екенін таныта білді. Көрген ауыр хикметінен кейін де «бас шұлғып, үнсіз көнетін» әдетті бойларына жұқтырған жоқ. Қанына намыс дарыған, рухына кие енген халық үнемі тәуелсіздікке ұмтылды. Көксеген тәуелсіздігін алды. Терезесі тең, байрағы желбіреген ұлттар санатына ілігу үшін талай ауыртпалық бастан өтті. Қазір мұхиттың арғы жағындағы Біріккен Ұлттар Ұйымында көк байрағы алтын зерімен күнге шағылыса желбірейді. Қазақ хандарының, билерінің, батырларының рухы халқына кие болып оралды. Ұлттық діл мен дін жүрегімізге еніп, алпыс екі тамырға қуат таратты.
Иә, өткенге салауат… Өткен күндерге өксік кернеп өкінсек те, болашаққа батыл қараймыз. Енді сол тәуелсіздікті баянды етіп, мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек етуіміз қажет.
Хакім Абай атамыз «Ғақлиясының» он төртінші сөзінде: «Ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?» —деген екен. Сол секілді Желтоқсан ақиқатын әртүрлі саяси амбицияның, жеке бас ойындарының «құралына» пайдаланып, бұрмалауға жол берілмеу керек. Ұлт тарихын ұлықтап, кешегіні бүгінгінің биігінен зерделеу кезінде ертең өкініш болмауы үшін жастарға желтоқсандықтардың арман-мақсаттарына жету жолында жасаған ерлік істерін, бүгінгі тәуелсіздік тұсында да қоғам дамуына, ел өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесіне, рухани-мәдени салалардың ілгерілеуіне атсалысып жүрген көптеген азаматтарды үлгі етуіміз қажет. Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды Тәуелсіздік мейрамы етіп жариялады. Бұл күннің тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Сол себепті дәл осы күнді «арманға қол жеткізген күн» деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан, Желтоқсан құрбандарына да тағзым ете жүруіміз керек. Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан. Жастарға, қоғамға айтпақ ойымды ақын Қадыр Мырза Әлінің мына бір өлеңімен түйіндейін:
Біз – қазақпыз, қанша рет күйрегенбіз!
Көп болғанбыз, біртіндеп сирегенбіз.
Егемендік алдық деп желікпелік,
Жартыкешпіз, әлі біз ширек елміз.
Еске салар күзгі аспан, қысқы аспанды
Жуу керек көңілін ыс басқанды.
Тірлігі үшін халықтың, бірлігі үшін
Қою керек өзара ұстасқанды!
Мүмкін емес жақсының зарды ұқпауы,
Керек ердің қарлықпау, барлықпауы.
Жек көрсе де бір-бірін басын қоссын,
Болсын деген қазаққа барлық қауым!
Ұлы тойдың түбінде болары қақ:
Тұғырына жеңістің қонар ұрпақ.
Бірақ оған жетпейміз тұра алмасақ
Мүмкіндіктің өзінен жоғарырақ!
Айналдырма еліңнің құтын уға,
Барыңды бер халыққа тұтынуға.
Қандай ойын болса да бұдан былай,
Бір қазақтың қақы жоқ ұтылуға!
Болмайды енді бір қадам шегінуге,
Қол жаюға басқаға, емінуге.
Қандай күрес болса да бұдан былай
Бір қазақтың қақы жоқ жеңілуге!
Көрдік біздер біразын топалаңның,
Авторымыз қайғылы, қапалы əннің.
Қанағат қып ұйқысын бір кісінің,
Жасау керек жұмысын екі адамның!



