Әлеумет

Тарифтік саясат тұтынушыға тарта ма?

Қала тұрғындарының қалыпты тіршілігі үшін аса қажетті үш бірлік – су, жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету және олардың тарифтеріндегі өзгерістер мәселесі көпшілікті алаңдатып отыратын жай екендігінде дау жоқ. Бұл тақырыпта сөз қозғағанда, табиғи монополияларды реттеу жөніндегі билік қызметін айналып өте алмайтынымыз және ақиқат. 1998 жылдың 9 шілдесінде қабылданған ҚР-нің «Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы» Заңы, одан кейінгі уақыттарда осы Заңға енгізілген өзгерістер арқылы рыноктық экономикадағы мемлекеттік реттеудің өркениетті формаларының негізі және экономикалық өмірдің қолданыстағы реттеушісінің біріне айналған табиғи монополия туралы заңдылықтарды қалыптастыру аяқталды.

Табиғи монополиялар субъектілері қызмет ететін салаларда тұрғындардың тұрмыс тіршілігі мен экономикамыз үшін қызметтер мен тауарлар өндірісі бойынша ресурстарға жан бітіріледі. Аталған субъектілер су мен жылу энергиясын жеткізеді, электр энергиясын беріп, оны бөледі, мұнай мен газды тасымалдайды, көлік қызметтерін көрсетеді.

Тарифтік реттеу негіздерін қалыптастыру кезеңдері 2001 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықты қамтитын уақытта жүзеге асырылған бірнеше бағдарламалық құжаттарда өз көрінісін тапты.

Тарифтік саясат жөніндегі бағдарлама табиғи монополиялар субъектілері мен олардың қызметтерін тұтынушылардың мүдделеріндегі теңгермешілікті қамтамасыз ету үшін негіз болып табылады. Бағдарламадағы баса назар аударатын бір жайт, бес жыл ішінде тарифтер бекітіліп, табиғи монополиялар субъектілеріне перспективада өз тұтынушыларына неғұрлым сапалы қызмет көрсетумен бірге одан әрі дами отырып, шаруашылық-қаржы қызметін нығайтуға мүмкіндік беретін инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру қажет.

Аталған саладағы өзгерістер, қолға алынып жатқан жаңа бағыттар бізге ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры Александр ДУБОВЕНКОМЕН сұхбаттасуымызға жол ашты.

— Ең алдымен, қандай да қызметке болмасын бағаның көтерілуі тұтынушыға жағымсыз әсер ететінін тілге тиек ете отырып, құзырлы қызмет басшысы ретінде осы тұрғыдағы ойларыңызды білгіміз келеді.

— Кез келген елеулі мәселеде оның туындау себептерін білумен қатар, кейіннен келетін зардаптарын да көре білу қажет. Шынын айтқанда, мен жұртшылықты үрейлендіретін шаралардың жақтаушысы емеспін, бірақ өз қызмет міндетіме байланысты преспектива туралы ойлануға міндеттімін.

Қаладағы «Корона» рестораны маңында өткен жылы орын алған канализация желісіндегі жарылысты еске алайық. Егер апатты дер уақытында ауыздықтамағанда оның зардаптарын болжау қиын еді.

Облыс орталығындағы 380 шақырым кәріз желілерінің 250 шақырымы алмастыруды қажет етеді. Ал су құбырындағы 635 шақырымның 465 шақырымы  әбден тозған.

Табиғи монополиядағы салалардың барлығына қарасты кәсіпорындарда негізгі қорлардың тозуы бүгінгі күні шамамен алғанда 60-65 пайыз құрап отыр.

Осы деректердің өзі тарифтің сөзсіз көтерілуіне сұраныс танытып тұрған жоқ па? Бұл туралы тұтынушылар да ойлануы тиіс.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің  Ақтөбе облысы бойынша департаментінде реттелетін қызметтердің 68 түрін көрсететін табиғи монополиялардың 37 субъектісі тіркелген. Олардың қатарында «Ақбұлақ», «Трансэнерго» акционерлік қоғамдары, «Ақтөбе су арнасы», «Ұлы Борсық», «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Бадамша-Сервис», «Алға-жылу», «Коммунальщик» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорындары бар.

Осы аталған кәсіпорындардың көпшілігі, оның ішінде жылу энергиясымен жабдықтауды бөлу, су шаруашылығымен қамтамасыз ететін өндіріс секілді қызмет түрлері шығынды түрде жұмыс істейді. Аталған буындарда өндірістің технологиялық артта қалушылығы мен тозуы проблемалары орын алды, соның нәтижесінде жұмыс тиімділігі төмен де, өнім шығындалуы жоғары болып отыр.

— Сіз қолданылатын тарифтерді жүзеге асыру арқылы инвестициялық бағдарламаларды бекіту табиғи монополиялар субъектілері үшін міндетті екенін айтып қалдыңыз. Енді осы тұжырымды таратыңқырап айтсаңыз.

—  «Ақтөбе қаласының жылумен жабдықтау жүйесін дамыту, қайта құрылымдау және жаңартудың 2010-2012 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы» бойынша «Трансэнерго» АҚ үшін 791 миллион теңге қарастырылды. Биылғы жылға аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 195 миллион теңге бөлінген болатын, соның 156 миллионы 1 қарашаға дейін игерілді. Нақты айтатын болсақ, бұл қаржыға жылу тасымалдау және жылу берудің ақпараттық-басқарушылық жүйесі енгізілді. Аталған жүйе нақты белгіленген учаскелерге жылу көлемінің берілу мөлшерін автоматты түрде бақылап отырады.

«Ақбұлақ» АҚ-да тарифтің өсуі туралы айтатын болсақ, тұрғындар үшін су шаруашылығы қызметіне 16,8 пайызға (әрбір текше метр үшін ҚҚС-ты қоспағанда 25,8 теңге) және кәріз жүйелер бойынша 24,2 пайызға (әрбір текше метр үшін ҚҚС-ты қоспағанда 26 теңге) көтерілді.

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа тарифті екі есе ұлғайту жоспарлануда, оның ішінде Ақтөбе қаласының тұрғындары үшін 5 пайыз көтерілмекші. Бұл әрбір орташа отбасына есептегенде айына 25 теңге қосылады деген сөз. Орташа мерзімді тариф 2011-2012 жылдарға есептелген кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының әрекет ету мерзіміне енгізіледі. Бұның өзі аталған субъектіге суды тұтынушылар үшін ұсынылатын өз қызметінің сапасын жақсартуға және болашақта көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2010-2012 жылдарға арналған техникалық қайта жарақтандыру, жаңарту және қалпына келтіру, сонымен бірге жаңажүйелердіқатарға қосудың инвестициялық бағдарламасын 1,4 млрд. теңге көлемінде жүзеге асыру мақсатында «Энергосистема» ЖШС тарифті 30 тиынға өзгертуді жоспарлауда. «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес 2009 жылдың қаңтар айынан бастап станциялар еркін режимде жұмыс істейді, тарифтер Үкімет бекіткен шектеу аясында дербес өзгертіледі. Негізінде электр энергиясына тарифтің көтерілу себебі электр станциясы тарифтерінің, бағаның өсуімен байланысты.

«Энергосистема» ЖШС-да инвестициялық бағдарламаның қабылдануы мен жүзеге асырылуының мәнін 2010 жылы атқарылған шаралар нәтижесіне қарап бағалауға болады. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында электр энергиясын тасымалдау көлемі ұлғайғандығы байқалады. Тұтынушыларды электрмен жабдықтау сызбасының сенімділігін көтеру есебінен желідегі апатты жағдайлар тәуекелі азайды, апатты-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалатын шығындар мөлшері төмендеді.

Тарифтік саясат бағдарламасын жүзеге асыруда азаматтарға бағалық жүктемені ескеру қажет. Сондықтан нормаға тұтынушылар категориялары бойынша тарифтердің дифференциялдануы ұғымы енгізіледі. Алдағы уақытта тарифтер қызметтерді тұтыну көлемі бойынша да анықталатын болады. Мұндай қадам тұрғындардың аз қамтылған бөлігіне отбасы бюджетін үнемдеуге, ал орташа және жоғары табысы барларға тұтынатын өнімдерге неғұрлым  үнемшілдікпен қарауға мүмкіндік береді.

— Әрбір үйге есептегіш құралдарды орнату мәселесі көп уақыттан бері әңгіме арқауына айналып келеді. Бірнеше рет осы жұмысты аяқтаудың мерзімдері де белгіленді, бірақ әзірге тиянақталмағаны белгілі болып отыр. Бұл туралы не айтар едіңіз?

— Нақты деректермен бастайық. Нақ қазіргі уақытта есептегіш құралдарды орнату «Ақбұлақ» АҚ бойынша 82, ал «Трансэнерго» АҚ бойынша 68 пайыз құрап отыр. Бұл қанағаттанғысыз көрсеткіш.

Есептегіш құралдарды орнату неліктен созылып келеді? Біз бұл мәселені де тереңдеп зерттеп көрдік. Бұған әсер етіп отырған жағдайдың бірі коммуникациялық желілердің әбден тозғандығы. Оның ішінде үй ішілік құбырлардың қараусыз қалу деректері көп кездеседі.

Жекелеген азаматтардың есептегіш құрал қондырудан қашатын тағы бір себебі бар. Мысалы, бір пәтерге бір адам тіркеледі, ал нақты іс жүзінде он адам тұрады. Олар үшін есептегіш құрал қондыру тиімсіз.

Қалай десек те, 2011 жылғы 1 шілдеге дейін қала бойынша үйлерге прибор орнатуды аяқтау туралы облыс әкімі тиісті орындарға тапсырма берді, сол жүзеге асуы тиіс. Өйткені есеп дұрыс жүргізіліп, нақты тұтынылған өнім бағасы төленбеген жағдайда ысырапшылдық, берекетсіздік жалғаса береді.

— Тарифтік саясат тұтынушыға бүйрегі бұра ма? Бағаның көтерілу қарқынына қарап кейде сіз басқаратын департамент осы жағдайды қолдайды ма деген де ой туындап қалады. Шын мәніндегі ахуалды қалай бағалар едіңіз?

— Егер орташа республикалық көрсеткіштерді алатын болсақ, біздің облысымыз тарифтер мөлшері жөнінен салқын судан сегізінші орында, жылудан тоғызыншы орында, ыстық су мен газдан он екінші орында. Тағы да сол республикалық деңгейге жүгінсек, біздің «Ақбұлақтың» ауыз суға қатысты бағалары ең төменгілердің бірі.

Департаменттің тарифтік саясатты ұстануына да қатысты нақты мысал келтірейін. Мәселен, осы «Ақбұлақ» АҚ орташа тарифті 360 пайызға ұлғайту туралы ұсыныс түсірді. Ал біз оны 200 пайызға дейін төмендеттік.

Біз осы тұрғыдағы өз іс-қимылдарымызда тарифтік саясат бойынша бағдарламаға сүйенеміз. Ол теңгермешілікті ұстануға негіз қалайды.

Осы арада облыстық мәслихаттың 2006 жылғы 12 желтоқсандағы №317 «Жеңілдіктер беру туралы» шешіміне сәйкес біздің облысымыздың тұрғындарының белгілі бір категорияларына коммунальдық қызметтер үшін жеңілдіктер белгіленгенін тағы да атап өткім келеді. 2011 жылдың 1 қаңтарына үш адамнан тұратын бір отбасына орташа алғанда коммуналдық қызметтер үшін ай сайынғы шығындар суға – 273,06 теңге, электр энергиясына 1254 теңге құрайды.

Сөз соңында коммунальдық кәсіпорындардың қызметтеріне тарифтердің өзгерісі бойынша жағдайлар монополияға қарсы органдардың тұрақты бақылауында тұрады, мұның өзі өнімді өндіретін және өткізетін рынок субъектілері арасында баға мен тарифті анықтау бойынша қандай да бір келісімді ешқандай болдырмайды.

Ал инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру монополистердің қызметтерін реттеудің кешенді теңестірілген жүйесін қалыптастыруға жол ашады деп ойлаймыз, ал өз кезегінде ол тарифтердің деңгейінің тұрақтылығы мен негізділігіне, ашықтығын көтеруге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Әңгімелескен Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button