Электронды «Әліппе»
Мектеп оқушыларының білім ордаларына қоржын-қоржын қаламдар, дәптерлер мен кітаптар арқалап барудан құтылатын күні алыс емес сияқты. Өйткені жақында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа мектеп оқулықтарын электронды күйге көшіріп, оларды «алақандай» компьютерлерге салуға кірісуді жүктегені жария етілді.
1 оқушы, 1 компьютер
«Мен Білім және ғылым министріне оқулықтарды қарап, оларды электронды тасығыштарға, көптен айтылып жүрген «планшеттерге» шығаруды тапсырдым. Біз енді осыған қатысты кешенді ұсыныстарды күтіп отырмыз. Пысықтауға мен бір ай
бердім. Сосын тұтастай қарастыратын боламыз», — деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.
Осы орайда сөз алған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев оқушыларға арнап, қойынға тыға салуға да болатын, шағын да жазық компьютерлерді өз елімізде шығару мәселесі де пысықталып жатқандығын баяндады.
Бір қызығы, жалғыз оқушылар ғана емес, шенеуніктер де жаппай соған көшірілмек. Бұл — мемлекеттік қызметшілерді қағазбастылықтан құтқаруға тиіс.
— Оқушылар үшін қажетті планшеттік компьютерлер шығару мәселесін қазір өндірушілермен пысықтаймыз деген үміттеміз. Бұл ретте мемлекеттік органдарда да планшеттік компьютерлер қолданылады деген ойдамыз. Ондай өндірушілердің саны республикамызда шамамен төртеу, жақын уақытта соларды және компьютерлер сатып алатын барлық мемлекеттік органдарды шақырып, жинаймыз да, оларға бұл құрылғыда дәл қандай техникалық сипаттамалар маңызды екендігін талқыға саламыз. Сонда біз де, зауыт өкілдері де осы қажеттіліктерді қалай өтеу керектігін түсінетін болады, — деді министр А.Жұмағалиев.
Оқушыларға бар мүмкіндік жасалуда…
Ғалымжан Нұрышев, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:
— Планшеттік компьютерден хабарыңыз бар ма?
— Осыдан екі ай бұрын Астана қаласына мәжіліске барғанмын. Сол отырыста бізді планшеттік үлгідегі компьютермен таныстырды. «Айфон» маркалы ұялы телефонға ұқсас бұл техника қарапайым компьютердің ықшамдалған түрі. Қойын қалтаға ыңғайланып жасалған шағын техника қазір дамыған шет мемлекеттерде кеңінен қолданылып жүр. Планшеттік компьютерлерді шетелдіктер электронды кітап түрінде пайдаланады. Қажетті материалдардың барлығы дискіде жазылады. Планшеттік компьютердің дискісін оқушылар қолдарына алып, ол дискіні кез келген компьютері бар жерлерде пайдаланып, өздеріне қажетті ақпаратын ала алады. Сонымен қатар бұл техникаға флэшканы қолдануға болады.
— Жаңа техниканы мектеп оқушыларының қолданғаны дұрыс па?
— Қазір дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымы мектеп оқушылары үшін ауыр сөмкенің денсаулыққа зиянын айтып, мәселе көтеріп жатыр. Ауыр сөмке оқушылардың бел омыртқаларының зақымдануына әкеліп соқтырады екен.
Болашақта біздің мемлекетте де мектеп оқушылары электронды оқу әдісіне көшеді. Осы мәселеге қатысты Үкіметте сөз болып жатыр. Бұл ұсынысты өз басым қолдаймын. Планшеттік компьютерлер біздің елде қолданысқа енсе, қарапайым халық үшін қолжетімді бағаға сатылады деген ойдамын. Өйткені бұрын компьютерлер қымбат бағаға сатылды. Қазір олардың бағасы едәуір төмендеді.
Бүгінгі таңда облыс мектептері түгелдей жүз пайыз компьютермен жабдықталды. Одан басқа мультимедиялық кабинеттер мен интерактивті тақталар келіп жатыр. Оқушылардың білім алуы үшін бар мүмкіндік жасалуда.
«Бұлт» орталығы салынады
Бүгінгі таңда ақпараттық технологияның дамуы белгілі бір бағытқа қарай ойысқан, яғни таяу мерзімде шығарылатын компьютерлер легінде қатты дискілер болмайды. Егер қатты дискілер болмайтын болса, онда ақпарат ағымы data-орталықтарда (ақпарат орталығы — ред.) жинақталады.
Бұл — интернетті меңгерушілердің тілінде «бұлт» деп аталады. Үкімет басшысы Байланыс және ақпарат министрлігіне алдағы уақытта осындай орталық қалыптастыруды тапсырды.
— Бұл орайда ең тиімді өңір — Павлодар облысы. Себебі мұнда электр қуатының көздері жақын. Сондықтан осы өңірде жақсы және бәсекелестікке қабілетті «бұлт» орталығы құрылысын салу керек,— деді К.Мәсімов.
Жаңа технологияны меңгеру қажет…
Мехмед ЙЫЛДЫРМ, «Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей интернаты» мемлекеттік мекемесінің директоры:
— Жаңа заманның талабына сай ақпаратты технологияларды мейлінше терең меңгеру қажет деп түсінемін. Мектеп оқулықтарының планшеттік компьютерлермен ауысуы — оқушылар үшін қолайлы. Өйткені бұл техниканы қолдану өте ыңғайлы әрі уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұғалім мен оқушы арасында электронды тапсырмаларды орындауға мүмкіндік туады. Оның үстіне, оқушылар өзіне қажетті мәліметтерді кез келген жерде пайдалана алады. Дегенмен де бұл технологияны Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізу көп қаражатты қажет етеді.
Планшеттік компьютер тәжірибеге енді
Қазір Ресей мемлекетінің бірқатар мектептерінде планшеттік компьютерлер тәжірибе жүзінде қолданысқа еніпті. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ресейдің Челябинск және Томск облыстарының бірқатар білім беру мекемелерінде электронды кітап — ридер пайдаланылып жүр.
Ридер дисплейінің қарапайым кітап беттерінен артықшылығы жоқ. Қазір ресейлік оқушылардың көпшілігі ридердің букридер түрін көптеп пайдаланады. Ресей президенті Дмитрий Медведев жаңа техниканың оқушылар мен мұғалімдерге, сондай-ақ ата-аналарға да пайдасы мол екенін айтады. Өйткені ата-аналар ридер арқылы электронды күнделіктен баласының сабақ үлгерімін көреді.
Электронды қондырғы — мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де таптырмас құрал. Д.Медведев электронды оқу әдісіне көшуде ең әуелі мұғалімнің компьютерлік білімін арттыру қажет екенін айтады.
Былтыр Украинада планшеттік компьютерлер отандық өнім ретінде шығарыла бастады. «ImPad» маркасымен шығарылған планшеттің тұсаукесер рәсімі осы жылдың қаңтар айында болды.
Үстіміздегі жылдың қараша-желтоқсан айларында саудаға жіберілетін жаңа қондырғы арқылы интернетті пайдалануға, электронды кітап оқуға және кеңсе қызметтерін атқаруға мүмкіндік бар. Жаңа планшеттік қондырғы: «Intel Atom 550» процессорына қосылады, 32 немесе 64 Гб, қондырғыдағы материал жедел сақталады, қуат көзі 5 сағатқа жеткілікті. «Bluetooth» және WiFi, USB порталдарына кіруге мүмкіндік бар. Қондырғының бағасы — 550-600 $.
Планшеттік компьютердің жетістігі:
— бір қондырғының ішінде жүздеген, мыңдаған кітап сақталады;
— оқулыққа қарағанда әлдеқайда жеңіл;
— ыңғайлы оқу үшін әріптерді өзгертуге болады;
— электронды кітапты пайдаланғанда, қағаз өндірудің қажеті жоқ.
Планшеттік компьютердің кемшілігі:
— Планшеттік компьютер тез істен шығып қалуы мүмкін;
— Бағасы өте қымбат (бүгінгі күнге);
— Қуат көзі тез таусылады;
— Қарапайым қағазға қарағанда, ондағы суреттердің түсі солғын.
P.S. Енді планшеттік компьютерлердің көмегімен министрлер мен Үкімет басшысының жұмыс уақытының 50 пайызы үнемделеді. Жаңа қондырғының арқасында болашақта мемлекеттік қызметкерлер істі қоңырау шалмай-ақ бітіре алады.
Оқулық тапшылығы мәселесін шешуде планшеттік компьютердің көмегі көп. Десек те, оқушының денсаулығына кері әсерін тигізбесе жарар еді…
Арайлым НҰРБАЕВА.



