«Жасампаз елдің Жансені»

Танымдық сағат
Әскери қайраткер, генерал Жансен Кереевтің туғанына 95 жыл толуына орай Ақтөбе қаласындағы ол білім алған Ғ.Ақтаев атындағы №6мектеп-гимназиясында облыстық мемлекеттік архив қызметкерлерімен бірлесіп «Жасампаз елдің Жансені» атты патриоттық танымдық сағат өткізілді.
Оның басты мақсаты — ел мақтаныш тұтар тұлғаның өмір жолы мен өнегесін өскелең ұрпаққа үлгі ету, соның негізінде жастарға отансүйгіштік-патриоттық тәрбие беру.
Жиынға қатысушылар әуелі осы қара шаңырақтан білім алған Жансен Кереев, Ким Серікбаев, Ізтай Мәмбетов, Бәкір Тәжібаев сынды елімізге танымал түлектер туралы деректер жинақталған мұражайға саяхат жасады.
Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин өзі талай рет кездесіп, әңгімелескен Жансен Кереевтің қарапайымдылығын, домбыра тартып ән салатынын, қатардағы әскерден генерал-лейтенант шеніне дейін жеткен қазақтың қайсар ұлы екенін әсерлі әңгімелеп берді.
Облыстық мемлекеттік архивтің «Құжаттарды пайдалану және жариялау» бөлімінің қызметкерлері архив қорында сақталған Жансен Кереевтің жеке тектік қор құжаттары негізінде жасақталған «Биік тұғырдағы тұлға» атты көрмемен, слайдтармен таныстырып, маңызды деректер бойынша шолу жасады.
Сазгер Сейсен Айтжанов Оралбай Каметияның сөзіне жазылған «Жансен аға» әнін нақышына келтіріп орындап, оны мектеп оқушылары патриоттық тақырыптағыконцертпен жалғыстырды.
Сондай-ақ Жансен Кереев атындағы әскери-патриоттық клуб мүшелері рухты көтеретін әскери жаттығу сабақтарын орындады.
Жанаргүл ӘЖІҒАЛИЕВА,
облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы.



