Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру — ой-сананың кемелденуі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы — «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама. Аталған бағдарламада халқымызға рухани жол көрсететін нақты мақсаттар мен бағыт-бағдарлар айтылған.

Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болды. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері сөзсіз.

Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себепті Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, өз бағдарламасында бірнеше міндетті айқындап берді. Елбасы аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.  Бұл бағдарлама әрбір азаматтың өзінің туған жерінің гүлденуі, дамуы үшін нақты үлес қосуға үндейді. Әсіресе жастардың, жас ұрпақтың халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін мұндай бағдарламаның маңызы зор.

Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінде «қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. Осы ұғым арқылы біз оқушыларға Отан, туған жер, ел, туған өлке туралы түсініктерді оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда түсіндіріп, олардың бойында ұлтжандылық қасиетті қалыптастыруға атсалысудамыз.

«Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы — жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде баға жетпес тұжырым. Сондықтан қоғам дамуына тың серпін берген, барша қазақстандықтардың қолдауына ие болған бұл бағдарламаны ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру — баршамыздың міндетіміз.

«Рухани жаңғыруда» айтылған маңызды мәселенің бірі — сананың ашықтығы. Бұл орайда жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу болса, бүгінгі күні біздің елімізде жастар әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізу жолында көп еңбектенуде. Әсіресе, үш тілділік мәселесіне келгенде, елімізде жастардың дені тілдерді біліп қана қоймай, білім көкжиегін әрі қарай кеңейту мақсатында жаңашыл бастамаларды жүзеге асыруда. Осы тұрғыда қазіргі таңда біздің мектебімізде де оқушыларға жан-жақты білім беріп қоймай, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, заман талабына сай жаңа технологияларды меңгерту, әлем классиктерінің шығармаларымен таныстыру, т.б. жұмыстар қолға алынуда.

Зульфия МҰҚАШЕВА,

№13 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button