Жастар

Ойылдық жастардың «Рақымы»

Еріктілер жылы

Еріктілер жылында көптеген қайырымды істердің іргетасы қаланды. Ойылдық жастар мамыр айында арнайы қор ашып, оған «Рақым» деп ат қойған болатын.  Қордың негізгі мақсаты  — мұқтаж жандарға көмектесу.

Бастапқыда 10 адамнан құралған қордың мүшелері белсенді қимылдап, жұмыстарын сөзбен емес, іспен көрсетті. Ай сайын қорға тұрақты ақша аударып отыратын болды. Әлеуметтік желі арқылы хабарлама таратып, мақсаттарымен бөліскен оларды қолдаушылардың қатары көбейген. Ортаға жиналған ақшаға тұрмысы төмен, жалғыз тұратын адамдарға азық-түлік таратты. Бірақ жастардың негізгі жұмысы бұл емес. Олар қол көмегін де береді. Демалыс күндері жалғыз тұратын қарттардың үйіне көмектеседі. Бұған дейін 45 шара өткізген. Бір отбасыға қыстық отынын түсіріп берсе, бір қарияның қақпасын жаңа үлгідегі құрылыс материалдарымен тұрғызып берген. Ал сенбі сайын үйлерін әктеп, қоршауларын сырлап, басқа да жұмыстарын жасап беруді әдетке айналдырды.

Біздің  жұмысымыз жалғасын табады. Қорымызға түскен ақшаны халықтың игілігіне жаратамыз. 100 теңгеден бастап 50 мың теңгеге дейін ақша салған азаматтар болды. Карантин кезінде барлық адамдардың бір-біріне көмектескенін көрдік. Біз де жастар болып осы істі жалғастырып, соңымыздан өсіп келе жатқан інілерімізге осылай бағыт көрсетсек дейміз. Ойыл аграрлық  ауылшаруашылық колледжінің оқушыларынан қайырымдылық топ құрылып жатыр. Бәріміз бірігіп, мұқтаж жандарды тауып, олар көмектің қандай түрін қажет ететінін анықтаймыз. Өйткені тек қана азық-түліктен басқа да керегін табуға тырысамыз. Біреулердің дәрі-дәрмек алуға ақшасы болмауы мүмкін, жалғыз тұратын адамдар көбіне қол көмекке зәру келеді. Біз осындай жұмыстарды жүргізетін боламыз, — дейді қордың мүшесі Айдана Табынбаева.

Қордың мүшелері — 17-30 жас аралығындағы жастар.

Жақында «Рақым» қайырымдылық қорының әлеуметтік бұрышы ашылды. Ол жерден киім-кешектерді мұқтаж жандар тегін ала алады. «Мұндай әлеуметтік бұрыштар мекемелерде орналасқан. Ол жерге баруға көбі ыңғайсызданады. Ал киім базарларының қатарынан ашсақ, бұл алушыларға тиімді, —  дейді» қор мүшелері. Жастардың мұндай ақылы мен әрекетіне риза болған ғимарат иесі, жеке кәсіпкер Исатай Берғалиев әлеуметтік бөлмені жалға емес, тегін беруді жөн санапты.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button