Шуақты сәт

1991 жылдың 1 желтоқсаны — Қазақстанның Тәуелсіздік тарихындағы ерекше дата. Өйткені дәл осы күні Қазақстан халқы жалпыұлттық сайлау барысында ел тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолына сеніп тапсырған болатын. Осындай егемен елдің айтулы датасын ескерген Парламент Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мереке деңгейінде белгілеген еді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты 1992 жылы Шымкент қаласында оқып жүрген кезімде алғаш көргенім болмаса, тілдескен емеспін. Ол кісінің сыртта адамдармен жақын сөйлесіп, айтқан әңгімелері маған қатты ұнады. Сол шуақты сәт әлі күнге дейін менің есімде. Әрине, ол кісінің ел дамуы жолындағы еңбегін ерекше бағалаймын. Сыртқы саясат болсын, жалпы тәуелсіз Қазақстанның ел боп қалануы, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауда Нұрсұлтан Әбішұлының төккен тері, еткен еңбегі зор.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген шақта мен институт қабырғасында оқып жүрдім.
Сан жылдар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік — әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың басты байлығы. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізбегенде, біздің жағдайымыз қазіргідей болмас еді. Әрбіріміз осыны саналы түрде ұққанымыз жөн. Сондықтан да тәуелсіздігімізді бағалап, қастерлей білейік. Ел тәуелсіздігінің баянды болуы үшін әрқайсысымыз «еліме мен не беремін?» деген принципте жұмыс жасауға тиіспіз. Бейбіт елдің азаматтары ретінде біз барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп жатырмыз.
Бүгінде ел егемендігінің арқасында еркін ойлы жастарымыз өсіп келеді. Алыс-жақын шетелдерге, әсіресе, көршілес Ресейге барған кезде біздің балалардың өзгелермен салыстырғанда біраз алға кетіп қалғаны байқалады. Сондықтан ел тәуелсіздігінің баянды болуына бәріміз атсалысуымыз керек. Ең бастысы — ел тарихын өскелең ұрпағымыздың санасына сіңіре білсек, мұның өзі біздің оларға көрсеткен үлгі-өнегеміз деп білемін.
Есен ЕЛЕУКЕН,
«Жайдарман» ойынының тележүргізушісі.



