«Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті
Семей қаласында Абай атындағы кітапханада онлайн режимде «Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті.
Биыл жарыққа шыққан бұл топтамаға қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 22 кітап енгізілген. Кітаптар арқылы оқырмандар тек Абайдың шығармаларымен ғана танысып қоймай, сонымен қатар ақынның балаларының және ізбасарларының еңбектерін де оқи алады.
— «Абай әлемі» кітаптар топтамасы осымен үшінші рет жарық көріп отыр. Биылғы жыл ұлы ақынның 175 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, бұл кітаптар топтамасының жарық көруі — біз үшін айтулы оқиға. Кез келген оқырман өзіне қызықты әрі пайдалы еңбектерді таба алады, — дейді Абай атындағы кітапхананың бөлім жетекшісі Рахиля Адикаева.
Оның айтуынша, Абайдың 1909 жылы алғаш шыққан кітабы араб графикасында қайта басылған. Сондай-ақ бұл топтамада ұлы ақынның отбасы тарихы туралы кітап та бар.
«Абай», «Әл-Фараби» сериалдары ұлттық арнадан көрсетіледі
Биыл Тәуелсіздік күнінде «Абай», «Әл-Фараби» сериалдары ұлттық арна эфиріне шығады. Бұл туралы «Astana Media Week 2020» іс-шарасында «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай хабарлады.
— Пандемия отандық телесериалдар өндірісіне кедергі болғанымен, өндіріс толықтай тоқтап қалған жоқ. Биыл елімізде 13 сериал түсіріліп жатыр. Ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап «Абай» сериалы, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Әл-Фараби» сериалдарының түсірілім жұмыстары сәл кешеуілдеді. Десе де аяқтап үлгердік. Осы тұста хабарлап өткім келеді, екі тарихи туынды да эфирге желтоқсанда, Тәуелсіздік мерекесінде шығады, — деді Ләззат Танысбай.
Сондай-ақ ол өз сөзінде осы маусымда әйгілі роман желісі бойынша түсірілген «Махаббат, қызық мол жылдар» және 100 бөлімді «Замандастар» телехикаясы эфирге шығатынын атап өтті.
Данагүл ҚАЗИХАН.