Ауыл

Сиыр сауып, май шайқап…

Мемлекеттік бағдарлама

Ауылда отырып, кәсіптің көзін тауып, ісін өрге сүйреген жастардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі — Мұғалжар ауданы Талдысай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлзат Шахметова.

Ол екі жыл бұрын «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы қысқа мерзімді курсты бітірген. «Даму» қоры арқылы 3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып,

Мәртөк ауданынан сүтті сиырлар сатып алған. Бүгінде сиыр сауып, сүт өнімдерінің түр-түрін дайындап сататын келіншектің тұрақты тұтынушылары көп көрінеді.

— Ауыл тірлігін білесіздер.Таңды сиыр сауудан бастаймыз. Күніміз қарбалас тірлікке толы. Қазіргі уақытта 9 сиыр сауып отырмын. Әр сиыр шамамен 10 литрдей сүт береді. Сауылған сүтті пісіріп, айран ұйытамын, қаймақ шайқап, май жасаймын. Ағарғанның денсаулыққа да пайдасы шаш етектен. Сондай-ақ, құрт-ірімшік, сүзбе, сары су, май-құрт секілді өнімдердің барлығын әзірлеймін. Ауыл тұрғындарынан артылған өнімдерімді Қандыағаш қаласына апарып сатамын. Кейде облыс орталығынан да хабарласып, менің дайындаған ірімшік, сары майларымды сұрап жатады. Қазақтың дастарқаны ұлттық, табиғи азық-түліктен ешқашан ажырамайтыны анық қой. Сондықтан кәсібімнің одан әрі дамитынына сенімдімін, — дейді сауыншы келіншек.

Қаржыгер мамандығын меңгерген Гүлзат ауылда мамандығы бойынша жұмыстың жоғын айтады. «Жұмыс жоқ екен деп қол қусырып отыруға болмайтынын түсіндім. Сөйтіп, мемлекет тарапынан жасалып тұрған мүмкіндікті пайдалануды жөн көрдім. Бүгінде бастаған кәсібім алға жылжып келеді. Жолдасым вахтамен жұмыс жасайды. Карантинге байланысты ұзақ уақыт үйде отырып қалды. Осындай қиын кезеңдерде сиыр сауып, сатқан сүт өнімдерімнің арқасында несиемізді толықтай төлеп отырдық. Біз ата-енемізбен бірге тұрамыз. Үйдің үлкендері үнемі көмектесіп, ақыл-кеңестерін айтып, жанашырлық танытып отырады», — дейді ол.

Талдысайда туып-өскен Гүлзатқа ауылдың өмірі таңсық емес. Кішкене кезінен анасының қасында жүріп үй тірлігінің барлығын үйренген, еңбекқор келіншек алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жасайтын тағамдарының да көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сиырдың бауырынан «байлық іздеген» Гүлзат Шахметова — еңбекқор, табанды келіншек. Жолдасы екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Балаларының болашағы мен отбасының қамы үшін дамыл таппай жүрген пысық келіншектің бүгінгі тірлігі — көпке үлгі.

 Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button