Лондонда ұлы ақынның жинағы жарық көрді
Ұлыбританияда Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жаңа жинағының онлайн тұсаукесері өтті.
Жаңа жинақтың басты ерекшелігі — ұлы ойшыл еңбектерінің тікелей қазақ тілінен және түпнұсқа бойынша аударылуында. Бұған дейін Абайдың өлеңдері мен қарасөздері орыс тілінен ағылшын тіліне тәржімаланған. Жобаны Ұлттық аударма бюросы және әлемге әйгілі Кембридж университетінің баспасы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырып отыр.
Шарада сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, ағылшын тілі — миллиардтан астам адамның ортақ тілі. Абайдың толық шығармалар жинағының ағылшын тіліне аударылуы — ақын шығармалары миллиард оқырманға ұсынылды деген сөз. Ұлттық аударма бюросы тәржіма ісіне британиялық тәжірибелі аудармашыларды тартқан. Соңғылары қазақшадан тура аударылған мәтінді ағылшынның әдеби тілінде сөйлеткен.
Британиялық танымал аудармашы әрі ақын Шон О’Брайеннің айтуынша, Абай өлеңдеріне ағылшын тілінде жан бітіру оңайға түспеген.
«Аударманың сәтті шығуы үшін күш-жігерімді аямадым. Әуезділігін, мәнін толық жеткізе білу, сөйлем құрылымын сақтау, драматизмді ұстану — бәрі-бәрі мен үшін өте маңызды болды», — дейді О’Брайен.
Ал Кембридж университеті баспасының басшысы Питер Филлипстің айтуынша, аталған жинаққа ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы және қарасөздері енгізілген.
Әзірге шектеулі тиражбен шығарылатын кітаптар Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ықпал етуімен жергілікті университеттер мен кітапханаларға таратылатын болады. Сондай-ақ жинақты онлайн форматта да оқуға мүмкіндік бар.
Данагүл ҚАЗИХАН.