Екі облыста Абайдың ескерткіші ашылды
Ұлы ақынның 175 жылдығына орай өткен аптада Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысында Абайдың ескерткіші ашылды.
Атап айтсақ, ақынның мерейтойына орай Қарағанды қаласындағы көшелердің біріне ақынның есімі беріліп, Абай ауданында ұлы ойшылдың ескерткіші ашылды.
Қоладан құйылған, биіктігі он метрге жуық монумент Абай қаласындағы Мәдениет үйінің алдындағы алаңға орнатылған. Жоба авторы — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин. Мүсінші ақынды толық бойына сай, қолында кітап және қашықтыққа қарап тұрған күйінде бейнелеген. Эскиз конкурстық негізде іріктеліп алынған және ескерткіштер мен құрылыстар жөніндегі республикалық мемлекеттік комиссиямен бекітілген. Ескерткішті құюға 5,6 тонна қола жұмсалған. Фигураны Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының комбинатында жасаған.
Айта кету керек, бұл — Қарағанды облысындағы Абайдың сегізінші ескерткіші. Алғашқы мүсіндер 50 жыл бұрын пайда болған. Сондай-ақ аталған облыста ұлы Абай есімі берілген 77 көше және 12 мекеме бар.
Ал Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында «Абай алаңы» салтанатты түрде ашылып, оның төрінде ұлы ақынның мүсіні бой көтерді. Қоладан құйылған Абай ескерткішінің жалпы биіктігі — 6 метр. Алаңның көркін ашып тұрған — музыкалық субұрқақ. Субұрқақтың ені — 10 метр, ұзындығы — 20 метр. Кешкі уақытта түрлі түске боялатын заманауи субұрқақ әуеннің ырғағына сай 15-20 метрге дейін көтеріледі.
Данагүл ҚАЗИХАН.