Басты жаңалықтар

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: әйелдерді кім қорғайды?

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір бесінші әйел зорлық-зомбылыққа тап болады. Олар үйде, көшеде, жұмыс орнында, мектепте, университетте  түрлі зорлыққа ұшырайды екен. Сексуалдық мақсаттағы адам саудасының негізгі  құрбандары да — жас қыздар мен әйелдер. Соңғы жылдары әйелдерге қатысты әлімжеттік көрсеткіші артқан. Себеп — әртүрлі. Соның бірі — індет. Қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін отбасында ерлі-зайыпты адамдардың бір-біріне ашу-ызасын көрсетуі көбейген. Бұндай жанжалдардың соңында көбінесе әйел адамдар зардап шегеді. Ал зорлық- зомбылыққа тап болған әйелдердің құқын кім қорғайды? Олар қайда хабарласады? Кімнен көмек сұрайды? Осы сұрақтардың жауабын іздедік.

Орталық 200-ден аса әйелге көмек көрсетті

Ақтөбе қаласында бірнеше жылдан бері  әйелдерді қолдау орталығы жұмыс жасайды. Орталық төрайымы Айгүл Дүйсенованың айтуынша, пандемияға байланысты биыл негізгі жұмыс жедел қоңырау және фронт-офис кеңсесі арқылы онлайн түрінде жүргізілген.

Орталыққа әйелдер түрлі проблемамен хабарласады. Оның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық, күйеуінің ішімдікке салынып әйеліне қол жұмсауы, жүріс жүруі секілді мәселелер өте жиі кездеседі. Ата-енесінің, қайын апа, сіңлілерінің зорлық-зомбылығына шыдамай, мұңын шағып хабарласатындар да көп. Көпшілігі психологиялық тұрғыдан депрессияға ұшыраған. Өз-өзіне қол жұмсағысы келеді. Тіпті бұндай жағдайлар орын алған оқиғалар да кездесті. Сондықтан орталыққа хабарласқан әр әйелмен психолог мамандар жүйелі түрде және айлап жұмыс жасайды. Дағдарыстан шығудың жолын көрсетеді. Биыл орталық мамандары екі жүзден аса әйелге қолдау көрсетті. Жедел қоңырау, фронт-офис арқылы көмек алған әйелдердің саны жетпіске жуық. Олардың әрқайсысымен психолог, медиатор, заңгер мамандары апталап жұмыс жасады. Жалпы, зорлыққа тап болған әйелдердің жасы он сегіз бен  жетпіс жас аралығында, — дейді Айгүл Дүйсенова.

Орталықта 24-40-70, 87014745751 телефон нөмірі жұмыс жасайды. Облыстың кез келген жерінен хабарласып, көмек алуға болады.

Қорлыққа шыдай беру керек пе?

Тұрмыста зорлық көрген әйелдерге ең бірінші психологиялық көмек қажет. Олар өз-өзін қолына алып, қиындықтан шығу үшін осы маманның көмегіне жүгінеді. Ақтөбе қаласындағы психоанализ бағытындағы психолог Эльвира Қасым былай дейді:

Маған хабарласатын әйелдердің сексен пайызы — дін жолындағылар. Өзге облыстан да көмек сұрайтындар көп. Жалпы, әйелдердің көпшілігі күйеулерінен зардап шегеді. Олар күйеуінің өзгермейтінін, ұратынын біледі. Соған қарамастан, көніп жүре береді. Олар бейсаналы түрде, яғни өздерін қинау арқылы рахаттанады. Мысал келтірер болсақ, үйінде зорлық көріп жүрген әйел туралы көршілері «қанша қиындық көрсе де көніп, отбасын сақтап жүр» дейді. Осы сөз әлгі әйелге бейсаналы түрде рахат сезімін береді. Бірақ ол саналы түрде зорлықты қабылдамайды. Адамдардың аянышты көзқарасын күтеді, қолпаштау сөздеріне зәру. Бұндай әйелдерді психологияда мазохистік  сипаттағы әйелдер деп атайды. Олар ажырасамын деп сотқа арыз берсе де, полиция шақырса да, сол ортадан кетпейді, яғни күйеуінен ажырамайды. Мазохистік типке кімдер жатады? Толық отбасынан шықпағандар, тұл жетімдер, кішкентай кезінде тағдырдың қиындығын көп көргендердің көпшілігі осы типтің адамдары. Олар бәріне шыдау керек, қиналу керек  деп ойлайды. Олардың ойында осы нәрсе әбден қалыптасып қалған. Мәселен, күйеуі ұрып- соқса да, көзіне шөп салып жүрсе де шыдайды.  Көріп тұрса да көрмеуге, естіп тұрса да естімеуге тырысады. Мәселен, біздің бір жеріміз ауырып тұр. Мына істі бітіріп алғанша шыдай тұрайын деп, шыдап, жұмысымызды аяқтаймыз. Бірақ екі-үш күн қатарынан дәрігерге бармай, шыдап жүре берсек,  денсаулығымызға зиян келеді. Мазохистік сипаттағы әйелдер де осы тәрізді. Олар зорлыққа шыдап келгенімен бір таяқ қате тиюі мүмкін. Ең қауіптісі — осы. Егер отбасында ерлі-зайыпты адам күнде ұрысып, күйеуі әйелін ұрып, өмір солай өтетін болса, көп жағдайда олардың өсірген балалары да өздерінің тағдырын қайталайды. Ұлы әйелді ұру керек десе, қызы соған көну керек деп түсінеді. Олар саналы түрде бұның дұрыс емес екенін білсе де, соған барады. Бұндай отбасында өскен балалар психологиялық тұрғыдан қатты соққы алып, зардап шегеді. Көпшілігі осыған мән бермейді.

Сырт көзге мазохистік сипаттағы әйелдер депрессияға түскен әйелдер тәрізді көрінуі мүмкін. Күйзеліске түскен адам қиындықпен күресе алмайды. Ал мазохистік типтегілердің қиындыққа қарсы тұруға күші жетеді. Іштей күреседі.

Көмек сұрап келген әйелдерге «бірінші өзіңізге сараптама  жасаңыз» деймін. Кем дегенде ол әйелмен он сағат жұмыс жасаймын. Әйелдер саналы түрде өзін қолға алса, нәтиже болады. «Ұрыс шыққан кезде мен тілімді тістеп, үндемей қалдым. Барлығы менің санамнан екен» дейтіндер бар. Біршама уақыт өткеннен кейін күйеуі екеуінің арасы жақсарғанын, тіпті гүл сыйлағанын айтып келеді. Бұл көп жағдайда кемшілік әйелдер жағынан болып, соның кесірінен күйеуінен таяқ жейтіндерге қатысты. Ал әйел қанша тырысса да өзгермейтін күйеулер бар. Олар «әйелді ұру керек, тек менікі дұрыс» деп ойлайды. Бұндай кезде мен «Күйеуіңіздің өзгермейтінін көріп тұрсыз, неге ол адаммен бірге тұрып жатырсыз? Сізді не ұстап тұр?» деп сұраймын. Агрессивті, ызақор, кекшіл, өшпенді адаммен бірге тұру өте қауіпті. Әлгі айтқанымдай, бір таяқ қате тисе, әйел өмір бойы зардап шегуі мүмкін. Осының бәрін сараптай келе, соңғы шешімді әйелдің өзі шығарады. Психолог тек бағыт-бағдар береді. Шешімді, соңғы түйінді  әйелдің өзіне қалдырады. Ешкімге ажырас немесе қосыл деп айтпайды.

Соңғы кезде маған келетін әйелдердің көпшілігі күйеуінің құмар ойынға салынып кеткенін айтады. Бірнеше рет миллиондаған несиесін төлегендер бар. Бұл — үлкен проблема. Жалпы отбасында қандай да бір проблема болса, әйелдің психологтан көмек алғанының зияны жоқ.

Эльвира Қасым қазір  радикалды көзқарастағы  әйелдермен жұмыс жасауды қолға алған. Сондай-ақ аптасына бір рет Батыс-2 ауданында тегін кеңес береді.

БҰЗАҚЫДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Көшеде бұзақыға тап болып, ақшасынан айырылып, зорлық көретіндердің басым көпшілігі — әйелдер. «Аңсар» еріктілер ұйымы ҚР Киокушинкай-кан каратэ федерациясы облыстық филиалымен  бірлесіп, қыз-келіншектерге осы спорт түрінен тегін шеберлік сабағын өткізді. Мақсат — әйелдердің қатерден өзін-өзі қорғауына ықпал ету.

Киокушинкай орталығына жиырмаға жуық қыз-келіншек келді. Оларға жаттықтырушы, спорт шебері Инга Мырзахан үш сағат бойы қорғанудың түрлі тәсілін үйретті.

Орталықта екі жылдан бері балаларды жаттықтырамын. Биыл ақпан айынан бастап әйелдер тобы ашылды. Әртүрлі жастағы қыз-келіншектер келеді. Көпшілігі денесін шынықтыру және өзін қорғау үшін қатысады. Бұл спорттың қыз-келіншектерге беретін пайдасы қандай? Өмірде түрлі жағдай болады. Көшеде қауіп төнуі мүмкін. Сондай кезде қыздар өзін қорғай алуы керек. Бұзақыға қарсылық көрсетіп, одан құтылатындай әрекет етуі керек. Киокушинкай каратэсі осы әдіс-тәсілдерді үйретеді. Каратэмен айналысқан қыздардың бойында сенімділік қалыптасады, денсаулығы мықты болады, өзін зорлықшыдан қорғай алады. Оқыстан қауіп төнгенде олар абдырап қалмайды, бірден әрекетке көшеді. Бұзақы пышақ сұққанда, қылғындырғанда қалай әрекет етуді біледі. Мәселен, көшеде келе жатқан қыздың бұзақы артынан келіп, тамағынан қылғындырады. Осындай кезде қыз аяқ киімінің тақасымен бұзақының аяқ буынының үстінен басып, жаншуы керек. Буын — адамның жанды жері. Киокушинкаймен айналысқан қыз-келіншектердің дене бітімі өзгермейді, керісінше бұлшық еті шынығып, сыптай болып жүреді. Ауыр заттарды көтермейді, яғни денеге салмақ түспейді. Бұл спортпен шұғылданған балалар да көшеде қауіп төнсе өзін қорғай алады, — дейді Инга Мырзахан.

Орталыққа келген қыз-келіншектер жаттығудың түрлі тәсілін үйреніп, Инга Мырзаханның кеңесін алды.

— Қыздар өзін қорғай алуы үшін бұл спортпен кем дегенде үш ай айналысуы керек. Сонда оның бойында күш пайда болып, сенімділік қалыптасады. Жалпы,  көшеде қауіпке ұшырамас үшін сақтық шараларын жасап жүрген дұрыс. Жарығы жоқ, адам аз жүретін көшемен жалғыз жүрмеген жөн. Егер жалғыз жүретін болсаңыз, сөмкеге бұрыш баллонын салып алу керек. Танымайтын адамға подъездің есігін ашпаңыз, — дейді Инга Мырзахан.

Шараны ұйымдастырушы Гүлзат Қанат алдағы уақытта бұндай сабақтар әлі де өткізілетінін айтты.

ҚАУІП ТӨНГЕНДЕ ҚАЙДА ХАБАРЛАСУ  КЕРЕК?

  1. Зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз. Сонымен бірге qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн арыз беруге болады.
    2. Зорлық көрсетушіге  шара қолдану үшін полиция қызметкерлерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жерге келулерін талап етуге құқылысыз.
    3. Жарақат алған жағдайда 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақырыңыз. Полиция қызметкерінен сот-медициналық куәландыруға жолдама алыңыз.
    4. 150 тегін нөмірі немесе +77081060810 нөмірі (WhatsApp), www.telefon150.kz сайты арқылы балаларға, жастарға және зорлық- зомбылық көріп жатқан адамдарға арналған тәулік бойы жұмыс жасайтын ұлттық бірыңғай сенім телефонына хабарласыңыз.
    Ол жерде сізге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, учаскелік инспекторлардың, дағдарыс орталықтарының және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс телефондарын береді. Хабарласудың жасырын және құпия болуына кепілдік беріледі.
    5. Еліміздің барлық облыстарында  тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына
    арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда сіз осы орталықтардан баспана сұрай аласыз.
    6. Әр аймақта әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат
    жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Ол жерде сізге қажетті кеңес беріліп, қолдау көрсетіледі.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button