Жаңалықтар

Санитарлық талаптар қатаң сақталған

Балабақша

Коронавирус індеті бүгінде тек елімізде ғана емес, әлем елдерінде көптеген мекемелердің жабылып, уақытша жұмысын тоқтатуына әкеп соқты. Бүгінде әлемде миллиондаған оқушы онлайн режимінде білім алып жатыр. Біздің елімізде бастауыш сыныптарда ғана кезекші сыныптар ашылып, жоғары сынып оқушылары қашықтан оқытылып жатыр. Облыстың бас санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаеваның қаулысы бойынша өңірдегі балабақшаларда 15 балаға дейінгі кезекші бөлімдердің жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Онда да барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Біз, тәрбиешілер, балаларға кішкентай кезінен жеке бас гигиенасын үйретуіміз қажет. Қазіргі пандемия жағдайында бұл жауапкершілік жүгі ауырлай түсетіні айқын. Себебі вирус, әсіресе, иммунитеті әлсіз адамдарға — 65-тен асқан ата-әжелерімізге, жүкті әйелдер мен балаларға қауіпті. Өзім қызмет ететін «Айлин» мектепке дейінгі ұйымында барынша санитарлық талаптар қатаң сақталады. Даярлық тобындағы тәрбиеленушілеріме пандемия, вирус, микроб деген терминдер туралы түсінік беріп, денсаулықты күту, тазалықты сақтау туралы күнделікті ақпарат беріп отырамын. Мәселен, балаларға қолды сабындап жуу қажеттігін, оның микробтарды кетіретінін, ойыншықтарды ауызға салуға болмайтынын, түшкіргенде, жөтелгенде ауызды орамалмен немесе шынтақпен жабу керектігін, қолдарымен көз, мұрын, ауызды ұстамау керектігін — барлығын айтып отырамыз.

Балабақшада санитарлық талаптар күнделікті қадағаланады. Ата-аналар бұрынғыдай балабақшаға кірмейді, балаларды сырттан тәрбиешілер өздері ішке алып кіреді, тәрбиешілер жұмысқа ерте келіп, бөлмелерді желдетіп, ылғалдау, кварцтау, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Балалардың отыратын ойын, жатын бөлмелерін, парталарын тазарту алгоритмі енгізілген. Әр бөлменің алдында залалсыздандыру кілемшелері жайылып, тұтқаларға залалсыздандырылған дәкелер оралған. Бас санитарлық дәрігердің талаптары барлығымызға ортақ, себебі бұл біздің бәріміздің денсаулығымыз үшін маңызды.

Малика ЖЕТПІСБАЕВА,

«Айлин» балабақшасының «Жидек» тобы тәрбиешісі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button