Денсаулық

Жаңа қаулы дайындалып жатыр

10 қараша күні облыста 7 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның бесеуі Ақтөбе қаласынан болса, екі адам Мәртөк ауданында тіркелген. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 0,2%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров әлеуметтік желі арқылы  облыстың эпидемиологиялық жағдайын баяндады. Мұхтар Сербаевтың айтуынша, қазір шекара бекеттері қатаң бақылауға алынған. Алтыншы қазаннан бастап осы уақытқа дейін 577 адам Әлімбет, Жайсаң шекара бекеттерінен өткен. Оның ішінде 123 транзиттік және 263 екі жаққа да зат таситын жүргізушілер өткен. Қазақстандық 26 жүргізушінің анықтамасы болмағандықтан карантиндік стационарға жатқызылған. Олардың арасында екі адам вирус жұқтырған. Қазір науқастар облыстық инфекциялық ауруханада ем алып жатыр.

Жалпы облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен жағдайды қалыпты ұстау үшін жаңа қаулы дайындалып жатыр. Ал мектеп оқушыларының арасында бірде-бір баланың вирус жұқтырмағаны қуантады. Мұхтар Сербаев тұрғындарды медициналық бетперде тағып, арақашықтықты сақтап жүруге шақырды. Бекболат Ізбасаровтың айтуынша,  облыста індет жұқтырған 69 адам, пневмонияға шалдыққан 29 науқас ауруханаларда ем алып жатыр.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3377 адам  тіркелді, оның 49%-ы ауру белгілерімен (1652) және 51%-ы симптомсыз (1725) жағдай. 3272 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2418 адам ауырса,  Әйтеке би — 20, Алға — 94,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 50, Мәртөк — 66, Мұғалжар — 172, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 113, Шалқар ауданында 108 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3368  науқастың 2,9%-ы сырттан келген.  464 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 965. Қазіргі таңда үй карантиніне 378 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button