Абай — 175

Берлинде «Абай үйі» ашылды

«Отандастар» қорының бастамасымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму және ҚР Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен, сондай-ақ «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» ХҚҰ-мен бірлесе отырып, Германияның астанасында «Абай үйі» ашылды.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі  Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсінбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің қазақ диаспорасымен жұмыс басқармасының басшысы Мұхтар Кәрібай, Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі Қуаныш Әмірғазиев, «Отандастар» қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, Германия-Қазақстан қоғамының директоры Галина Нұртазинова, Қазақстан Республикасының Баден-Вюртембергтегі құрметті консулы Доротея Халлер-Лейбле, Германиядағы қазақ қауымының өкілдері, т.б. қатысты.

Айта кету керек, бұған дейін «Абай үйі» мәдени-іскерлік орталықтары Омбыда (Ресей), Ташкентте (Өзбекстан), Ыстамбұлда (Түркия) ашылған болатын.

ЕҢ үздік ролик пен қысқаметражды фильм анықталды

 Елімізде 7-10 қараша аралығында «Абайдың мұрасы — адамзат қазынасы» атты әлеуметтік ролик пен қысқаметражды фильмдердің онлайн фестивалі өтті.
Шара ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің қолдауымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Сонымен қатар фестиваль кезінде танымдық лекциялар мен танымал тұлғалармен сұхбат ұйымдастырылған.

Жалпы төрт күннің ішінде фестивальді YouTube каналында 10 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Фестивальдің мақсаты — хакім Абай айтып кеткен білім, оқу-ағарту, тәрбие, жаңа кәсіпті меңгеру, ынтымақтың өзекті екенін көрсету.

Құрамында философия ғылымының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, кинотанушы, киносыншы, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Назира Рахман бар қазылар алқасы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған 45-тен астам бейнематериалды тамашалады.

Фестиваль қорытындысына сәйкес, әлеуметтік роликтер бойынша «Үздік режиссер жұмысы» және «Үздік музыкалық сүйемелдеу» номинациясын Əнуар Шаймерденов, Абайдың «Адам бол» атты қарасөздері негізінде түсірілген «Үздік ролик» номинациясын Тимур Тукусбаев иеленсе, қысқаметражды фильмдер бойынша «Үздік режиссер жұмысы» номинациясын «BABA» фильмі (авторы Қалдыкөз Рақымжан),  «Үздік монтаж» номинациясын «Қора» фильмі (команда продюсері — Жадыра Жұмакүлбай, монтаж режиссері — Ермек Жармұхаметов), «Үздік оператор жұмысы» номинациясын «WHEELS» фильмі (авторы — Нұрбол Ерболұлы), «Үздік сценарий» номинациясын «Əке арманы» фильмі (авторы — Мұхтар Ерубаев), «Үздік қоюшы-суретші жұмысы» номинациясын «MASQUIT» фильмі (авторы — Нұрбол Ерболұлы) алды.

ҚазАқпарат

Басқа жаңалықтар

Back to top button