Жастар

Волонтерлер жылында еріктілер халықтың алғысын алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Еріктілер жылының да аяқталуына аз қалды. Биылғы пандемияға қарамастан Ақтөбенің жастары қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысып, қайырымдылық істердің басы-қасында жүрді. Ал облыстағы еріктілерден құралған топтар мұқтаж, аз қамтылған отбасылар мен қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол ұшын беріп, қиын кезеңде қиындықтарды еңсеруге өз үлестерін қосты. Жалпы биылғы жылы жастардың қатысуымен қандай іс-шаралар ұйымдастырылды, қандай жобалар жүзеге асырылды, осы және өзге де сауалдарға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқанов  жауап берді. Сонымен…

Биыл пандемия кезінде облыстағы волонтерлер көп еңбек етті. Олардың арасында халықтың алғысын алғандар да бар. Жалпы биылғы жылы еріктілер үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырылды, сондай-ақ  қиын кезеңде ақтөбелік жастар кімдерге, қалай көмектесті?

— Бүгінгі күні өңірімізде білім беру ұйымдарында және жұмысшы жастар арасында волонтерлік қызмет аса қарқынмен дамып келе жатыр. Жыл басында облыста құрамында мыңға жуық волонтері бар 35 топ қызмет етсе, қазіргі таңда 90 топ бар. Олардың құрамындағы жастардың саны 2000-нан асады.

Биыл Волонтерлер жылы аясында өңірімізде «Біргеміз» тұжырымдамасы негізінде 7 бағыт бойынша  бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза Қазақстан», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт». Осы жеті бағыт бойынша облыс көлемінде 200-ге жуық шара ұйымдастырылып, оның ішінде ерікті жастарға арналған тренингтер, оқу курстары өткізілді.

Биыл облыстағы еріктілер төтенше жағдай кезінде көп еңбек етті. Облыста волонтерлер штабы құрылып, оған 300-ден астам волонтер жұмылдырылды. Төтенше жағдай кезінде волонтерлердің қатысуымен «Біз біргеміз» акциясы аясында 374 шара өткізіліп, 21 019 адамға әртүрлі көмек көрсетілді. Оның ішінде 4356 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілсе, 20 мыңнан астам адамға медициналық бетперделер таратылды. Сонымен қатар еріктілер үй жағдайында ем қабылдаған 169 ардагерге жергілікті емханалардан дәрі-дәрмектер жеткізіп, қолдау көрсетті. Ал «Antiсovid19» волонтерлік тобы облыс орталығындағы провизорлық ауруханалардың күндізгі стационарлары мен жедел жәрдем станцияларындағы медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ, сондай-ақ ауруханаларға 13 оттегі концентратор аппараты мен 67 оттегі баллонын, 146 оттегі жастығын жеткізді. «Жүректен жүрекке» волонтерлер тобы пандемияға қарсы құрылған ауруханалық көмек жұмысын ұйымдастыру барысында 200 кереует пен 600-ден астам оттегі баллонын жеткізіп, медицина мамандарына қол ұшын берді.

Сондай-ақ биыл өңірдегі ерікті жастар «Біргеміз», «Мақтааралмен біргеміз», «Халық қоғамдық қоры» акцияларына белсенді атсалысып, су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмек жолдады. Ал республикалық «Жақыныңа жанашыр бол!» акциясы аясында волонтерлер қоғамдық орындар мен көліктерде тұрғындарға 2 мыңға жуық медициналық бетперде және 5 мыңнан астам ақпараттық парақша үлестірді.

Биылғы төтенше жағдай кезінде аянбай еңбек еткен бірқатар еріктілердің марапатталғанын білеміз. Олар қалай іріктелді, қандай марапаттар алды?

— Біз төтенше жағдай және карантиндік режим кезінде қоғамдық жұмыстарға тартылған волонтерлерді марапаттауға ұсындық. Нәтижесінде облыс бойынша 40 волонтер Елбасының, Мемлекет басшысының, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар елімізде азаматтық қоғамды нығайтуға үлес қосқан, атап айтсақ, өңіріміздегі көмекке мұқтаж жандарға шын ниетімен қол ұшын созған жастарымыздың да еңбегі елеусіз қалмады. Осы тұрғыда еріктілердің ерен еңбегін бағалау мақсатында әлемдік пандемияға айналған коронавирус індетінің бетін қайтаруға көмектесіп, төтенше жағдай кезінде ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Халық алғысы» медалі табысталды. Осылайша қиын кезеңде тынымсыз қызмет еткен ерікті жастарымыз халықтың зор қошеметіне бөленіп, алғыс алды.

Өткен жылы да, биыл да елімізде жастарды қолдау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Осы орайда облыс көлемінде қандай жаңа жобалар қолға алынды?

— Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде алғаш рет «Жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға арналған облыс әкімінің гранты» жобасы бекітілді. Бұл жобаның мақсаты — стартап-бизнес жобаларды ұйымдастыру және қаржылық қолдау арқылы жастарды жаппай жұмыспен қамту. Биыл осы бизнес-жобалардың конкурсы өткізіліп, нәтижесінде 16 бизнес-жобаға 2 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінді. Атап айтсақ, Байғанин ауданында — 4, Хромтау ауданында — 2, Қобда ауданында — 1, Мұғалжар ауданында —1, Мәртөк ауданында — 1, Әйтеке би ауданында —1, Темір ауданында —1 және Ақтөбе қаласында 5 жоба жүзеге асырылды.

Жалпы облыста жастарды қолдау мақсатында жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында өңірдегі жастарды жұмыспен қамтуда, кәсіпкерлікті меңгертуде жүйелі жұмыс жасап жатырмыз. Сондай-ақ жыл сайын білімді, дарынды жастарға облыс әкімінің атаулы стипендиясы беріледі. Биылғы жылы жоғары оқу орындарының 190 студентіне 120,0 мың теңге, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының 40 студентіне 70,0 мың теңге, барлығы 230 студентке 25,6 миллион теңге көлемінде стипендия бөлінді.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірдегі 14-29 жас аралығындағы жастардың саны — 178 712. Бұл облыс тұрғындарының  20,27 пайызын құрайды. Ал облыстағы жұмыссыз жүрген жастардың саны – 2282, оның 749-ы — ауылдық жерлерде. 

Сондай-ақ бүгінгі күні облыстағы волонтерлердің 62%-ы — қыз балалар болса, 38%-ы — ер балалар. Санаттарына қарай бөлсек, 2000 еріктінің 45,8%-ы — жұмысшы жастар, 16,5%-ы — жоғары оқу орындарының студенттері, 12,7%-ы — кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының оқушылары, 20,5%-ы — мектеп оқушылары, ал 4,5%-ы — жұмыссыз жастар мен жас кәсіпкерлер.

Аталған бағдарлама аясында биыл қанша жас жұмыспен қамтылды? Сондай-ақ облыстағы жастарды баспанамен қамтамасыз ету шаралары қалай жүзеге асырылуда?

— Биылғы жылдың 1 қазанына дейін жүргізілген мониторингке сүйенсек, жыл басынан бері облыста 18 236 жас жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 9581 жас бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасса, 2916 жұмыссыз жастар тәжірибесіне жіберілді. Сондай-ақ 453 жас әлеуметтік жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылса, 5286 жас уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына орналастырылған.

Биыл жыл басынан бері өңірімізде 69 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1793 жас қатысқан. Нәтижесінде бос жұмыс орындарына 555 жас жұмысқа қабылданған. Ал жастарды баспанамен қамтамасыз ету шараларына келсек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары аясында 402 пәтерлік аз қабатты 10 тұрғын үй тапсырылды. Соның ішінде 161 пәтер жас отбасыларға беріліп, қоныстойын тойлаған жастардың қатары көбейді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады.

— Қазіргі таңда басқарма тарапынан облыстағы жастарды қолдауға арналған тағы қандай жобалар бар? Бүгінгі күні ауылдарда жастарға арналған мәдени-танымдық шаралар аз ұйымдастырылады. Осы орайда неге ауыл жастарын қамтып, жақсы жобаларды қолға алмасқа? Бұған не дейсіз?

— Биыл Халықаралық жастар күніне орай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы «Ақтөбе – жастар мекені» атты іс-шаралар өткізді. Сондай-ақ «Жас шуақ» жобасы аясында «Солнечный» демалыс орталығында жас отбасыларға арналған «Best family-V» атты бір күндік қала сыртындағы лагерь ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат — жас отбасыларды қолдау, жастар арасында отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау, ерлі-зайыптылардың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін шешу жолдарын қарастыру. Бұл шараларға жастар белсенді түрде атсалысып, өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта да осындай жас отбасыларды қолдау мақсатында бірқатар шаралар өткізу жоспарда бар. Ал аудандарға келсек, қазіргі таңда ауыл-аймақтарда жастармен жұмыс жүргізетін штаттан тыс, ерікті түрде еңбек ететін мамандар бар. Сонымен қатар аудандардағы жастар ресурстық орталықтары «Дипломмен-ауылға» бағдарламасымен жұмыс жасап жатқан, сондай-ақ «Жас кәсіпкер»  жобасы арқылы грант жеңіп алған жастарды насихаттап, ауылға жастарды тарту шараларын жүргізуде. Әр ауылдың ерекшелігіне қарай жыл сайын ауыл жастарының күні өткізіліп тұрады. Сонымен қатар аудандарда NEET санатындағы жастардың білім алуы үшін колледждермен келіссөздер жүргізу арқылы оқуға түсіру және жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімді курстарға жіберу жолға қойылған. Ауыл демекші,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңір жастары ауылдық жерлердегі тарихи ескерткіштерге экскурсия жасап тұрады. Ал биылғы Волонтерлер жылы аясында ауылдық жерлерде волонтерлік топтар көптеп құрылып, қазір белсенді жұмыс жасауда.

Сондай-ақ өздеріңізге мәлім, облыстың 12 ауданында жастар ресурстық орталықтары бар. Осы орталықтардың қолдауымен биыл «Volonteer.Camp» атты волонтер жастарға арналған лагерь, «Aуыл Fеst» атты қала жастарының ауылдардағы күндері ұйымдастырылды. Жыл соңында осы шараларға қатысқан белсенді жастарды және «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы аясында еңбек еткен волонтерлерді марапаттау жоспарда бар.

— Жақында басқармаларыңыз жаңа ғимаратқа көшті. Ол жерде басқармадан бөлек тағы қандай ұжымдар отырады?

— Облыс әкімінің тікелей қолдауымен қыркүйек айында жастар орталығына арнайы ғимарат берілді. Бұл ғимарат бұрын Халық шығармашылығы үйі болатын. Ғимаратта шағын концерт залы мен мәжіліс залдары, кабинеттер бар. Ендігі кезекте ғимараттың ішін жастардың талғамына сай, заманауи түрде жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл болашақта облыс жастарының басын қосатын, кең көлемде іс-шаралар ұйымдастырылатын орталыққа айналмақ.

Қазір аталған ғимаратта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық және Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталықтары орналасқан. Алдағы уақытта осы орталыққа жастар ұйымдарын, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлік топтарды орналастыру жоспарлануда. Себебі жастармен жұмыс жасайтын мекемелер бір жерге шоғырланса, жұмыс қарқынды жүреді. Әрі бұл облыстағы жастарымызға да тиімді.

 Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button