Рухани жаңғыру

Қарабас батыр өткен жер…

Аудан орталығынан батысқа қарай 45 шақырым  жерде орналасқан Алтықарасу ауылы — әуелден іргелі мекен. Ауылдың тарихына қатысты ақсақалдардың ауызында жүрген әңгімеге құлақ түрсек, өткен ғасырдың 20-жылдарында Алтықарасу аудан орталығы болыпты.

Ол кезең — әкімшілік-аумақтық құрылымдар құрылып, көп ұзамай таралып, одан басқаша атаумен қайта құрылып жатқан аласапыран уақыт. Алтықарасу ауданы сол кездегі Адай округінің құрамында болған, бірақ 20-жылдардың аяғында бұл округ таратылған. Ал Алтықарасу аудан орталығы мәртебесінен айырылып, Ойыл ауданының құрамына енген. Алтықарасудың аудан орталығы болған кезінен сақталған архив құжаттары қолымызда жоқ. Ауызша тарих бойынша сол тұста Ақтөбеден шеберлер шақырылып, төрт үй салынған. Олардың төбесі қызыл қаңылтырмен жабылғандықтан, төрт қызыл үй атанып кеткен. Алтықарасу ауылының азаматы Әкімғали Мұстафин осы үйлер туралы:

«Шежіре-сыр қызыл үйден басталған,

Шапағатқа жылдар есік ашты алдан…», — деп келетін өлең де жазған.

1926 жылы мұнда мектеп ашылған. Оның алғашқы директорының есімі  Есқазы Жұбаев екен. Ол кісі айналадағы ауылдарды өгіз арбамен аралап жүріп, мектепке бала жинапты.

Алтықарасу елді мекені 1891 жылы Ойыл бекінісінен Темір бекінісіне қатынайтын жолдағы пошта бекеті ретінде пайда болған деседі. Ол заманда басқаша байланыс құралдары жоқ, хат-хабар тасу тек хабаршылар арқылы жүзеге асқан. Хабарды уақытында жеткізу үшін жол бойында осындай бекеттер көп болған. Әр бекетте хабаршы тынығатын орын және келесі бекетке жылдамырақ жету үшін тың ат-көлік дайын тұратын. Патша заманындағы деректерде бұл ауыл «11-ауыл» болып белгіленген.

Әрине, пошта бекеті аталып, құжатқа түсірілгенге дейін де бұл маңды ел мекендегені сөзсіз. Оның дәлелі — айдалада жайылған қойдай бытырап жатқан ескі қорымдар. Кезінде мынау дарқан дала төсінде алшаңдай басып, бас-басына жілік ұстап, аттары күндей күркіреген небір марғасқалар өткен. Олардың есімдері әлі күнге дейін жоғалмай, өздері жайлаған мекендерінде сайрап тұрғанына не дерсіз?!

Алтықарасу ауылдық округі құрамына бүгінде Сартоғай, Еңбекші ауылдары да кіреді. Ойылдың жағасындағы бұл өңірде ата-бабаларымыздың ел намысын ту етіп талай жаумен шайқасқан, ат үстінен түспеген, ерлікке толы тарихының іздері толып жатыр. Мысалы, «Қарабас қорымы», «Қарабас өзені» деген атаулар — сан ғасыр бұрынғы қазақ-қалмақ соғысынан қалған атаулар. Шежіреге сүйенсек, Қарабас — аруақты ер Есеттің туған ағасы. Көкінің кіндігінен тараған Қарабасы мен Есеті ел қорғауға келгенде, ешқашан аянып қалмаған, талай шайқасқа қол бастап шыққан хас батырлар ретінде жұрт жадында сақталған. Қарабас Көкіұлының ақырғы демі осы маңда, Ойылға барып құятын шағын саланың бойында бір үлкен шайқас үстінде таусылған екен. Сүйегі сол маңға жерленген. Батырдың шайқаста көрсеткен нақты ерліктері, қол астында қанша жауынгері болғаны, кімдермен жекпе-жекке шыққаны, қаза тапқан жылы секілді деректер бірте-бірте көмескіленіп, бұл күнде мүлде ұмыт болса да, оның атымен аталған қорым мен өзен атауы мәңгілік сақталып қалыпты. Әлі күнге дейін ұрпақтар батырдың ерлігіне бас иіп, оның есімін ризашылықпен еске алады. Ауыл ақсақалы Жұбай Қонысбаевтың:

«Мынау тұрған Қарабас,

Қазақ пен қалмақ аралас,

Қырғын болған бұл жерде

Көзден ағып қанды жас.

Осы жерде ерлікпен

Қаза тапқан Қарабас,

Хас батырдың бейіті

Жатыр бүгін жалаңаш…», — деп толғануы — сөзіміздің дәлелі.

Алтықарасу ауылына кіреберістегі қамысты алқапта өз ыңғайын тауып, ағып жатқан шағын жылғалар кезігеді. Бұлар ертеректе көсіле аққан өзендердің орны болса керек. Ақсақалдардан жазылып алынған деректер бойынша, ауылдың айналасын алты қарасу қоршап жатқан. Жаңабай ақсақалдан қалған деректе бұл сулардың атаулары — Аманғос, Жангелді, Қошқар, Қожан, Ниеталы, Арыстан деп көрсетілген. Ал Амангелді ақсақал Аманғос, Қошқар, Қожан, Ожан, Ниеталы, Дәрібай деген атауларды келтіреді. Ауылға кіреберісте Аманғос қарасуы және Мырзалы сайы жатыр. Үлкендердің айтуынша, бұл кісілер осы жерде өмір сүрген әкелі-балалы жандар және ожырай руының құттымбет бөлімінен екен.

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан.

Ауылдан шығысқа қарай 4 шақырымдай жүргенде, Талтоғай деген жер бар, Қожан, Ожан, Ниеталы қарасулары сол маңда екен. Бұл атаулар да кісі есімдерінен шыққаны түсінікті.

Алтықарасудан батысқа қарай 2-3 шақырым жердегі қырды жергілікті жұрт «Мұңат баурайы» деп атайды. Бұрын әрлі-берлі хабар тасушылар осы қырдан түсе бергенде, қоңырау сылдырап, пошта бекетіндегі күтушіге белгі беріледі екен.

Алтықарасудың айналасында Ботақан, Шекмағанбет сайы, Қалман базы (Баспақ баз), Тілеумағанбет базы, Дәрібай сайы сынды жерлер бар. Бұлар да уақытында осы маңда ғұмыр кешкен жандардың аттарымен аталса керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл маңда көне заманнан қалған ескі қорымдар көп кездеседі. Олардың ішінде Жылтырмола, Ақмола қорымдарының атаулары көнеден сақталса керек. Ауылдан оңтүстікке қарай Үшбұлақ деген жерде ертеректе шағын колхоз болған екен. Ақмола, кейде «Қыз моласы» аталатын қорым осы жерде орналасқан. Ауыл ақсақалы Амангелді Бақаев: «1948 жылы көргенімде, «Памятник принадлежит министерству культуры КазССР» деген жазуы бар еді», — дейді. Соған қарағанда, кезінде қорғауға алынған, бәлки аз-маз зерттелген ескерткіш болғанға ұқсайды. Қазір тек ел аузында Мағжан деген қыз баланың аттан құлап, енді бір әңгімеде жылан шағып өліп, соған қойылған зират екені жөніндегі сөз ғана қалған. Осы маңдағы Үшбұлақтан басқа да жерлерде «Қызылжар», «Қызылақырап» деген колхоздар болған. Бұл атауларды үлкендер кеңестік идеологиямен байланыстырады. Мысалы, ақырап — көне күнтізбеде қазан айының атауы. Ал 1917 жылы большевиктерді билік басына әкелген төңкерістің осы қазан айында болғаны белгілі.

«Қызылақырап» колхозының орналасқан жері ежелден Тасқабақ деп аталады. Көнекөз қариялардан жеткен сөз бойынша, қазақ-қалмақ арасы ушығып тұрған заманда осы жерді қазақтар жаудан қорғанатын бекініс ретінде пайдаланған екен.

Осы маңда Шолаққарағанды, Ұлықарағанды, Сартөбе, Тассай, Шилісай, Жалаңашсай, Таскемер, Тұздыбұлақ, Ащысай, т.б. жер-су атаулары кездеседі.

Өкінішке қарай, ауылдың арғы тарихын айтпағанда, бергі кеңестік заманның алғашқы кезеңіндегі оқиғалардың өзі көмескі тартқан, ұмытылған. Айналадағы ұсақ ауылдар Сталин атындағы колхозға бірігіп, алайда аштық жылдары халықтың қырылуы салдарынан колхоз тарап кеткен деген сөз бар. Ол оқиғалардың анық-қанығын нақты білетін, өздері бастан кешірген ұрпақтың өкілдері бүгінде «үлкен ауылға» кетіп «үлгергендіктен», былай болды деп кесіп айту қиын.

Белгілісі, 1972 жылға дейін Алтықарасу Ойыл ауданының құрамында болған. 1955 жылы осында орта мектеп ашылған. Ол сол кездегі аудандағы санаулы орта мектептердің бірі болған. Дәл осы 1955 жылы Мәдениет үйі де пайдалануға беріліпті. 1957 жылы сол маңдағы алты колхоз біріктіріліп, «Октябрь» совхозы құрылған. Оның орталығы Алтықарасу ауылы болып бекітілген. Совхоздың алғашқы директорының аты-жөні — Төлеген Тайымов.

1972 жылы Темір ауданы қайта құрылғанда Ойыл ауданынан бөлініп, «Алтықарасу» совхозы деген атпен қайта жасақталған ауданның құрамына қосылған.

Райымбек ЖҰБАНЫШ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button