Абай — 175

Чех тіліне аударылған «қарасөздер» кітап болып шықты

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп чех тіліне аударылған «Қарасөздер» кітабының онлайн таныстырылымын өткізді.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Қазақстан мен Чехияның ғылыми топтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шарада Чехиядағы «Азия достары» клубының жетекшісі, профессор, философия ғылымдарының докторы Иржи Шима кітаптың жарық көруі чех жұртшылығының әлемдік әдебиеттің дамуы мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың ұлы ақыны шығармашылығымен танысуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Ал Карлов университетінің профессоры Томас Кучера Абайдың кітабы чех оқырмандарының қазақ халқының тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін айтты.

Чех тіліне аударылған Абайдың «Қарасөздерін» алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Елшілігі Прагадағы білім беру мекемелерінің кітапхана қорына жібереді.

Қызылордада «Абай» операсы тұңғыш рет сахналанды

Қызылорда облысында Абайдың 175 жылдығына орай «Абай» операсы тұңғыш рет сахналанды. Тұсаукесер онлайн түрінде өткізілді. Операның қоюшы режиссері — Шымкент қалалық опера және балет театрының режиссері әрі солисі Қайрат Құлыншақов.

Басты рөлді облыстық филармонияның әншісі Айдос Иманжаппаров сомдады. Қойылымға облыстық филармонияның, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, камералық оркестр өнерпаздары қатысқан. Сондай-ақ «Томирис» би ансамблі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Ән салу» бөлімінің студенттері мен аралас хор ұжымынан құралған 100-ден аса өнерпаз өнер көрсеткен.

Қойылым облыстық филармониясы камералық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Дирижері — ҚР Мәдениет қайраткері Кеулімжай Ботабаев.

ҚазАқпарат.

Басқа жаңалықтар

Back to top button