Жастар

Жас мамандарға — 14 баспана

2020 жылы Алға ауданында «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан 14 жас маманға баспана әперу көзделген.

Бұл үшін бюджеттен 504,4 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі күні қаржы толықтай игерілген, яғни 14 жас маман баспанамен қамтылған.

Солардың бірі — Нұргүл Әнесханова. Нұргүл — Ақтөбедегі медицина университетінің 2019 жылғы түлегі, бүгінде Алға аудандық орталық ауруханада педиатр болып еңбек етіп жүр.

Былтыр ол «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқаны үшін 1,5 миллион теңге көлемінде бір мезеттік жәрдемақы алса, биылғы тамыз айында 2 бөлмелі пәтерге ие болыпты.

Нұргүлдің жолдасы мен екі баласы бар. Жолдасы да — жұмыста, ал балаларының үлкені балабақшада, кішісіне өзі жұмысқа кеткенде қолындағы қайынсіңлісі қарайды.

— Қолымызға пәтер кілті екі айдың шамасында тиді, әлі де қуанышымыз басылған жоқ. Мемлекет тарапынан мұндай қамқорлық көрсетілуі — бізге, әрине, үлкен қолдау, — дейді ол.

Нұргүл өзіне бекітілген учаскеде 500 баланың денсаулығын бақылап, қажет жағдайда емдейді, дәрігерлік жәрдем көрсетеді.

— Күз айларында балалар арасында суық тигеннен болатын тыныс алу жолдарының аурулары көп кезігеді. Әсіресе, балабақшаға баратын балалар жиі ауырады. Ата-аналар осыны ескеріп, күз кезінде балалардың денсаулығына, оларды қуатты тамақтандырып, шынықтыруға, жылы ұстауға ерекше көңіл бөлулері керек, — дейді ол.

Мәліметтерге сай, ауданда әлі де маман-дәрігерлердің жетіспеушілігі бар, жалпы алғанда 12 дәрігер, соның ішінде 2 педиатр керек.

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша былтырдан бері ауданға 53 жас маман келіп, жұмысқа орналасқан. Олардың 49-ы — мұғалім, үшеуі — дәрігер және біреуі — ветеринар.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button